Қоғам

Біз Елбасымызбен, Астанамызбен әлемге танылдық

Біз Елбасымызбен, Астанамызбен әлемге танылдық

Астана күніне орай, әсем қалада тұрып, ел руханиятына елеулі үлес қосып жүрген шығысқазақстандық ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері, өнерпаздар елорда туралы ой-пікірлерін, лебіздерін білдірген еді.

Сейіт Қасқабасов, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Тәуелсіздік алған соң, атқа мінер азаматтардың ортақ бір ғана арман-мұраты болды. Ол қазақтың байтақ даласын сұғын қадаған сырт көздерден аман алып қалу еді. Сол арманымызды Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ орындады. Астананы Ақмолаға көшірді. Сол кезде солтүстіктегі бес облыстың жағдайы қалт-құлт етіп тұр еді. Елорда ел ортасына көшкен соң, сол күңкіл-сүңкіл сөздердің бәріне нүкте қойылды. Ақмолада сол кезде қазақ ұлтының үлесі 14-15 пайыз ғана болса, қазір 70 пайызға жетіп отыр. Ал Өскеменде сол жылдары небары 7-8 пайыз ғана қазақ ұлты болса, қазір 53 пайызға жетті деп естідім. Бұл – Ұлт Көшбасшының жүргізіп отырған сарабдал саясатының жемісі. Бұл біздің арманымыз еді, Аллаға шүкір, орындалып келеді. Ендігі бір арман қазақ өндірістік ұлт ретінде қалыптасса деп ойлаймын. Ол күнге де жетерміз.
Жас та болса, бүкіл әлем алдында Елбасымен бірге абыройы асқақтап келе жатқан Астана күніне орай Шығыстағы елге береке-бірлік тілеймін. Бұл – тек Астананың ғана емес, барлық қазақстандықтардың мерекесі, берекенің тойы.

Несіпбек Айтұлы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
– Астана – Қазақстан тәуелсіздігінің символы. Біз Елбасымен, Астанамен әлемге танылдық. Қазақстан, Астана және Елбасы деген атаулар әлем елдері алдында бір ұғым. Бірінің аты аталса, қалған екеуі көз алдарына келеді.
Астана – Елбасының стратегиялық саясатының нәтижесі. Жасырып қайтеміз, Қазақстан тәуелсіздігіне әлі күнге көз алартушылар жоқ емес. Бұл қаланың бой көтеруі әне соларға нақты жауап болды. Осы қала арқылы халықаралық бағыт-бағдарымызды айқындадық. Астанада өтіп жатқан үлкен-үлкен басқосулар соның айғағы. Көптеген ұлттар мен ұлыстардың ортақ үйіне айналып отырған Астана біздің саяси, мәдени һәм тарихи орталығымызға айналып отыр. Астана – кез келген қазақстандықтың мақтанышы. Менің де мақтанышым.
Сүйікті қаланың туған күн мерекесінде барлық отандастарымды, сондай-ақ, Шығыстағы жерлестерімді құттықтаймын.

Ерлан Сыдықов, қоғам қайраткері, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ректоры:

– Биыл 17 жылдығы мерекеленіп жатқан елордамыз Астана қаласы тек еліміздің саяси-әкімшілік орталығы ғана емес, халықаралық басқосулар мен алқалы жиындар өтетін әлемнің танымал шаһарына айналып отыр. Тек қана осы қалада ғана өтетін Астана экономикалық форумы, әлемдік дін жетекшілерінің съезі сияқты халықаралық шаралар пайда болды. Бұған қоса елорда ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ ,түркі елдері ынтымақтастығы ұйымдарының саммиттері жиі өтетін қалаға айналды. Тек саяси-экономикалық кездесулерді ғана емес, қысқы Азиада сияқты әлемдік спорт додасын да қабылдап үлгерді. Енді ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындалып жатыр. Бұл жас Астана үшін үлкен жетістіктер. Әрине, бұл – ең алдымен еліміз бен елордамыздың Бас сәулетшісі, Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ерекше еңбегінің, көрегендігінің арқасында қол жеткізілген нәтижелер. Астанаға көшіп келгелі бері, заманауи қаланың көз алдымызда құлпырып, өсіп, өркендеп, дамып, инновациялық қалаға айналып келе жатқанына куәгер болудың өзі мен үшін зор қуаныш. Біз Астанамызбен мақтана аламыз. Астана Қазақстанның мақтанышына айналып отыр.
Ендеше, Астана күні мерекесімен бүкіл шығысқазақстандықтарды да шын жүректен құттықтаймын. Шығыс өңірінің кәсіпорындары да елорданың құрылысына, сәулетінің артуына өз үлестерін қосып келеді. Сондықтан бұл біздің ортақ мерекеміз. Елордамыз гүлдене берсін!

Кенжеғали Мыржықбай, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Мен Алматыдан Астанаға ең бірінші болып келген өнер адамымын. 1996 жылы Елбасының тапсырмасына орай Сарыарқаның саршұнақ аязына қарамай жолға дайындалдым. Біраз әріптестерім «20-30 жылсыз Ақмола астана болмайды» деп қалып қойды. Бірақ айналасы 7-8 жылдың ішінде жер бетіне аты әйгілі осындай шаһар салынады деп мен де ойламаған едім. Еуразия ұлттық университетінде, Ақмола облыстық филармониясында еңбек еттім. Астанадағы әрбір құрылыстың іргетасы көз алдымызда қаланды. Сондықтан да бұл қала маған ыстық.
2004 жылы Астанаға келген алғашқыларды Елбасы қабылдағанда, мен мәдениет ошақтарының жетіспейтіндігін айтқан едім. Ол арман да орындалды. Қазір әлемдік деңгейдегі сахналар жетерлік. Астана үлкен руханияттың, өнердің ордасына айналды. Тағы да өркендей беруіне, гүлдене беруіне тілектеспін.

Айнұр Омар, журналист:

– Астана – менің армандарымды орындаған қала. Астана – еркелікті, жалқаулықты көтермейтін қатал қала. Ол мені еңбекқорлыққа, шыдамдылыққа үйретті. Үлкен өмір мектебінен әлі де өткізіп келе жатыр. Өз саламның маманы болдым. Астана – адамға шабыт беретін шалқар шаһар. Біз өз өміріміз туралы үлкен кино түсіруді де армандаймыз. Ұлым әлден сәулетші болғысы келеді. Түрлі ғимараттар саламын дейді. Ана ретінде мен баламның болашағын тек осы қаламен байланыстырамын. Еліміз тыныш болса, барлық армандар орындалатынына сенемін. Журналист ретінде Астана әлемнің мықтылары жиналатын саяси алаңға айналғанына мүдделімін. Өйткені, астаналық тілшінің өмірі осымен қызық, осымен құнды. Астана – жер жаһанға танымал тұлғаларды да, Нобель сыйлығының иегерлерін де бір ортаға жинап, пікірін тыңдай алатын, мүмкіндіктер беріп отырған саяси қала. Осындай үлкен жиындардан тікелей эфирде хабар тарату, сол саясаткерлерден өз деңгейінде сұхбат алу – тілші біткеннің арманы болар. Сол арманды Астана орындап жатыр.

Әзірлеген – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button