Қоғам

Бұйырмаған наурызкөже

Бұйырмаған наурызкөже

Замандасымыз Зарыққанның бізді де, ата-анасын да зарықтырып, қырықтан асқанда үйленгенін жұрттың бәрі біледі. Оның әлдекімдердің таныстырыумен сонау Аягөзден алып келген Кәбирасы жаман әйел болған жоқ, иншалла. Ол ең алдымен, «төрт қыздың ортасындағы жалғыз ұлдан немере сүйе алмай кетер ме екенбіз?» – деп уайым жеген Зәкеңнің қарт әке-шешесін жарылқап (тура мағынасында), бес жылда төрт «қошақанды» дүниеге әкелді. Мінезі жайлы болып, төңірекке «қолы ашық, жайдары келін» атанды. Қысқарта айтқанда, әйелден Зарыққанның жолы болды. Бірақ…
Мәселенің негізгі мәні сол «бірақтың» айналасына келгенде тұйыққа тіреле бастайтыны да шындық еді.
Тым көп сөйлейтін «еркек порымдас» Кәбираның бір кемшілігі – өте қолапайсыздығы деп айтқан болар едік. Ұстаған нәрсенің бәрі оның добалдай саусақтарынан шошынатындай даңғыр да дұңғыр ұшып жататын.
Мына бір оқиғаны есіме алсам, әлі күнге дейін күлкімді тия алмай, селкілдейтінім бар. Ол осыдан он бес жылдай бұрын, Зәкең мен Кәбираның алғаш қосылған кезі-тін. «Жас келін» жақсы араласып тұратын екі-үш замандасты шақырып, дәм татырмақ ойы бар екенін білдіріпті. Дайын астан қашатын дәлдүрішің біз емес, қосағымызды қолтықтап жетіп бардық. Кім келсе де, жадырай күліп қарсы алатын Кәбаң (келе сала солай деп атап кеткенбіз) бізге үй алдындағы жазғы асүйдің төрін нұсқады.
Жұпынылау жердегі аласа дөңгелек үстелді жағалай жалп-жалп етіп отыра қалдық. Кәбира әдетінше ұзақ-сонар бір тарихтың шетін шығарды да, сол сөйлеген қалпы қолына кәкпірі мен көп қонақ келгенде ет салатын дәу табағын алды. Пеш кісінің кеудесінен келетіндей биікте де, едені қидың ұсағы, күл мен құм болып араласып жатыр екен. Кәбаң табақтың бір шетін қарнына тіреп алды да, қазандағы етті соған қотара бастады… Табақтағы ет молайған сайын біздің көңілімізді бір алаң билеп, қобалжи бастаған едік, бекер болмады. Кенет ыдыс Кәбаңның жұмсақ мықынынан тайып кетті де, иісі мұрын жарған қайран сырбаз әлгі көң-қоқырға салп ете қалды. «Үйбайи, түк етпейді, қазір шайып жіберейін» – дегенін шала естіген біз ұшып-ұшып тұрған бойымызда бет-бетімізге қаштық…
Тағы бірде Кәбираның қолынан шай ішіп, өмірі таусылмайтын әңгімесін тыңдап отырғанбыз. Шайдың дәмі ұнаңқырамай, бірімізге-біріміздің жалтақтауымыз молая бастағаны рас болатын.
«Суы неге тез сарқыла береді өзі?» – деп қақпағын ашып, шәугімге үңілген Кәбаң кенет:
– Көтек, мынасы несі? – деп суыра бастады. Сонда көргеніміз Зәкеңнің бе, әлде, Кәбираның өзінің бе, өкшесі өңірейген жүн нәскиі еді. Бұдан кейін орныңнан тұра қашпай көр, лоқсымай көр.
Дегенмен бұдан қысылып, айылын жиған Кәбаңды байқай алмадық. Сол ағы – ақ, қызылы – қызыл күйінде дүрілдеп жүріп жатыр.
Өткен жылы ақпан айы аяқталмай жатып Кәбира:
– Биылғы Наурыз мерекесін өзім бастаймын, наурызкөжені ең алдымен біздің үйден ішесіңдер, – деген-ді кесіп айтып. Біз бұл «жарлыққа» құлақ қақпай мойынсынған болатынбыз. Сол көптен күткен Наурыз да жетіп, араласып жүрген екі-үш үй Зарыққанның дастарқанына ошарылған едік.
Қасығымыз қолда, көзіміз пеш пен дастарқан арасындағы «жолда», қай кездегідей аузынан сөз бораған Кәбаңның әр қимылын бағып отырмыз. Жалпы ол асты жаман істемейді. Киелі дәмнің хош иісі тәбетті қоздырып, мұрынды жарып бара жатыр. Бір кезде Кәбира үлкен кәстролдегі көжені көтеріп алып, біз жайғасқан үстелді бетке алды…
«Апыр-ай, тағы бірдеңенің шалығы шалып кетпесе игі еді қайран Кәбаңды», – деп ойлағанымша болған жоқ, төрдегі төсектің астынан шыққан, тұрқы ес біліп қалған баладай мысық басқа жер таппағандай тура Кәбираның жолын кес-кестеді. «Әй» дегенше болған жоқ, Кәбаңның қырық төртінші рәзмер киетін жалпақ табаны дәу мысықты бел ортадан басты да кетті. Төменнен шыққан «мау» мен жоғарыдан шыққан «ойбай» бір-біріне ұласқанда сұмдық үнге айналатынын мен ғұмырымда тұңғыш рет естідім.
Қатты сасқан Кәбаң қолындағы көже толы ыдысты абырой болғанда есік жаққа қарай шырқатып үлгерді. Төңкеріліп түскен кәстролдегі қайран дәм тақтайдың жырық-жырығын қуалай ағып, ысырап болып кете барды.
Кәбира замандасымызда мұндай «ұсақ-түйектер» болып тұрады. Бірақ оған сасып, уайымдап жасып жүрген Кәбаң жоқ. Қашанда сол жайдары да жайсаң, іш жимайтын салдыр-салақ қалпында ешкім тыңдамайтын әңгімесін зуылдатып жүре береді.
Жоқ, ағайын, сіздер не десеңіздер о деңіздер, қалай болғанда да біздің замандастың пейілі ақ, ниеті жақсы!

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button