Жемқорлықпен күрес

Бюджеттің миллиондаған қаржысы үнемделді

Айна Ескенқызы

Өткен жылы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсыныстарынан кейін бюджеттің 425 миллион теңгесі үнемделді. Жыл басынан бері 150 миллион теңгенің ысырап болуына жол берілген жоқ. Бір ғана трактордың саудасынан 120 миллион теңге үнемделген.

 -Біздің сарапшылар күн сайын мемлекеттік сатып алу жүйесіне мониторинг жүргізеді. Мақсатымыз – жоспарлау кезеңінде тауарлардың құнын жасанды түрде көтерудің алдын алу. Мысалы, жақында “Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы” ЖШС тракторды 143 миллион теңгеден астам сомаға сатып алғысы келді. Біздің ұсынысымыздан кейін мемлекеттік сатып алу жоспарларындағы сома 22 миллион теңгеге дейін төмендеді. Нәтижесінде 120 миллион теңгеден астам қаржы үнемделді, – деп түсіндірді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Денис Шакенов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Брифингте сонымен қатар экология саласындағы сыбайлас жемқорлыққа әкеліп соғатын факторлар да айтылды.

-Атмосфераның ластануы-бұл аймақтың өзекті мәселесі. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау экология саласындағы сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін бірнеше негізгі себептерді әшкереледі. Бұл  -энергия өндірудің ескірген технологиялары, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралардың формальдылығы, қолданылатын отынның сапасына мемлекеттік бақылаудың болмауы, – деп атап өтті департамент басшысы.

Ол облыс халқы ондаған жылдар бойы ірі зауыттардың химиялық шығарындыларынан зардап шегіп келе жатқанын айтты. Аурулардың ресми тізімінде “тамақтың күйіп қалуы” диагнозының болмауын және өнеркәсіптің адам денсаулығына теріс әсер ету фактілерін жылы жауып қоюды халық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бірі ретінде қабылдайды.

Сол себепті қазір жоғарғы тыныс жолдарының күйігін диагностикалау және емдеу хаттамасы ШҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің қатысуымен әзірленуде. Өткен жылдың соңында осы мәселені шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған-ды.

-«Тыныс алу жолдарының химиялық күйігі» диагнозын 15 жылдан астам уақыт бұрын Денсаулық сақтау министрлігі түсініксіз себептермен жоққа шығарды. Бұл облыста экологиялық жағдай қолайлы деген жалған түсінік қалыптастырды. Шын мәнінде зауыттар шығарған улы заттар жер бетіне жақын орналасады және олардан әсіресе балалар зардап шегеді. Экологтар болса қолайсыз метеожағдайлар туралы (НМУ) ескертулермен шектеліп келді. Дәл сол күндері емханаларға тыныс алу жолдарының химиялық күйік белгілері бар пациенттердің жүгіну саны артқаны байқалады, – деп толықтырды Денис Шакенов.

Басшы жұмыс тобына сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінен басқа Денсаулық сақтау министрлігінің, медициналық академиялардың, жоғары оқу орындарының және басқа да құзыретті мекемелердің өкілдері кіргенін айтты. Департамент басшысының айтуынша, қазір клиникалық хаттамаларды әзірлеу және қайта қарау ережелеріне сәйкес жұмыс жүргізілуде.

 

Осы айдарда

Back to top button