Қоғам

Бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге мән берілді

Бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге мән берілді

Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Мәслихат сессиясында төрт негізгі мәселе қаралды.
Атап айтқанда, 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет жөнінде экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қуат Тұмабаев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2016 жылға арналған облыстық бюджеттің жобасы меншікті кірісі бойынша 35,1 миллиард теңге көлемінде белгіленген.

– Келер жылғы облыстық бюджет 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму және бюджеттік параметрлер болжамына сәйкес, сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен ел Үкіметінің бюджеттік қаражатты үнемдеу жөніндегі тапсырмасына орай әзірленді. Бюджет кірістерінің болжамдарын есептеу барысында құзырлы органдардың, облыстық салық департаментінің мәліметтері, өткен жылдардағы түсім динамикасының сараптамасы ескеріліп, болжамды түсім бағаланады. Меншікті кіріс бойынша 2016 жылғы облыстық бюджеттің мөлшері 35,1 миллиард теңгені құрады. Ал 2017 жылғы бюджет – 38,7 миллиард, 2018 жылғы бюджет – 39,9 миллиард теңге мөлшерінде белгіленіп отыр, – деді өз баяндамасында басқарма басшысы.
Оның айтуынша, алдағы жылғы жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық жөніндегі аударымдардың нормативтері Өскемен қаласынан 87 пайыз мөлшерінде белгіленген. Ал облыстың жергілікті атқарушы органының қоры 701,3 миллион теңге (меншікті кірістің екі пайызы) көлемінде екен.
Сондай-ақ, республикалық бюджеттен 80,1 миллиард теңгенің субвенциясы қарастырылғанын айта кеткен орынды. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, бұл биылғы көрсеткіштен 7,4 пайызға немесе 6,4 миллиард теңгеге аз.
Республикадан бөлінген трансферттерді есепке алмағанда облыстық бюджеттің шығындары 2016 жылы шамамен 116,5 миллиард теңгені құрайды деп күтілуде.
– Осының бәрін, яғни, түсім мен шығынның болжамды мөлшерін есептей келе, бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге тырыстық. Жалпылай алып қарағанда, облыстық бюджетті ағымдағы шығындары бойынша 113,1 миллиард теңге көлемінде белгілеп отырмыз. Даму бюджетіне келетін болсақ, оның облыстық бюджет құрамындағы мөлшері 3,4 миллиард теңгені құрауда. Оның ішінде, 1 010,3 миллион теңгесі – білім беру нысандарының құрылысына, 1 081,1 миллион теңгесі – тұрғын үйлер салуға және олардың инженерлік жүйелерін тартуға, 279,3 миллион теңгесі сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұдан басқа, коммуналдық шаруашылықты дамытуға – 70,7 миллион, спорт нысандарын жетілдіруге – 5,5 миллион, «Ертіс» ӘКК ҰК» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын көбейтуге – 862,8 миллион, тұрғын үй құрылысын жүргізу немесе баспана сатып алу үшін несие беруге 54,5 миллион теңге қарастырылған, – деді Қуат Тұмабаев.
Ақпарат нақты болуы қажет
Сессияда баяндама жасаған облыстық дін істері басқармасының басшысы Манарбек Мұхамеджанов Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі шаралар жоспарының аймағымызда орындалуына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламаны орындау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында 2014 жылғы 19-мамыр күні аталған мәселе облыстық әкімдіктің отырысында қаралып, тиісті қаулы қабылданған. Артынша, 2015 жылғы қаңтар айында өткен облыстық терроризмге қарсы комиссияның отырысында бұл мәселе жөнінде ұсыныстар да берілген.
– Басқарма қызметкерлері облысымыздың аудан-қалаларында сегіз бақылау күнін өткізді. Мемлекеттік бағдарламаның маңыздылығын түсіндіру және оның орындалу барысын баяндау үшін аудан мен қалаларда тиісті семинарлар ұйымдастырылып келеді. Дін саласының өзекті мәселелері бойынша 500 аудиторияны қоса отырып, жалпы білім беретін мектеп оқытушылары мен оқушыларына арналған семинарлар да өткізілуде. Ағымдағы жылдың басында ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне арналған семинарлар, қалалар мен ауылдық округ әкімдеріне, учаскелік полиция инспекторларына, мектеп директорлары мен психологтарына арналған жалпы саны 360 адамды қамтыған аймақтық семинарлар ұйымдастырылды, – деген басқарма басшысы дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру мақсатында бір облыстық және 19 қалалық-аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, жұмыс істеп келетінін атап өтті.
Бұл түсіндіру жұмыстарына Қазақстанның басқа өңірлерінен танымал теологтар, «Нұр Мүбәрак» университетенің студенттері тартылған. Әсіресе, бұл топтар проблемалық саналатын Семей қаласы, Аягөз, Зайсан, Зырян, Үржар аудандарында белсенді жұмыс жүргізуде.
– 2015 жылдың басынан бері дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру топтарымен 194 мыңнан астам адамды қамтыған 2 472 іс-шара өткізілді. Есепті кезеңде облысымыздың 154 елді мекенінде тұрғындармен тиісті кездесулер өтті. Яғни, әр бесінші елді мекен халқы аталмыш кездесулермен қамтылды деген сөз. Сонымен қатар, креативті жаңа жұмыс түрлеріне де ерекше басымдық берілуде. Әсіресе, «Рухани керуен», «Жастар – экстремизмге қарсы!», «Сақ бол, жас түлек!» акциялары облыс жұртшылығы тарапынан зор қолдауға ие болуда. Облысымызда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қатар, «114 қауырт желі» қызметі және сенім телефоны да жұмыс істеуде. Ал деструктивті ағымдардың әсерінен зардап шеккендерге кеңес беріп, көмек көрсету үшін жер-жерде арнайы кабинеттер де ашылған, – деді Манарбек Мұхамеджанов.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ баяндамада айтылған бірқатар жайтқа айрықша тоқталды. Әсіресе, аймақ басшысы баяндамашының екі жүз мыңға таяу тұрғынның аталмыш кездесулермен қамтылғандығы туралы дерегіне күмәнмен қарайтынын жеткізді.
– Мына ақпараттарыңызға мүлдем сенбеймін. Сіздердің оншақты ғана қызметкерден тұратын басқармаларыңыз 194 мыңға жуық адамды тиісті шаралармен қалайша қамтып үлгергенін айтыңызшы. Бір-ақ кездесуден кейін деструктивті ағымдар жетегіндегі 50 адам діни көзқарасын түбегейлі ауыстырыпты дегенге де илану қиын. Жалпы, баяндамаңызда мұндай шикі тұстар көп екенін байқадым. Ақпаратты бұрмалаудың еш қажеті жоқ. Не болса да, шындықты жасырмай айту керек. Осыған мән беріп, келесі мәслихат сессиясына дейін олқылықтарды жойыңыз, – деген облыс әкімінің пікіріне мәслихат депутаттары да қолдау білдіріп, тақырыпқа қатысты өз ойларын айтты.

Жемқорлықпен күрес комиссияларының жұмысына көңіл толмайды
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Ғалымбек Досанов өңірдегі мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын орындау барысы жөнінен ақпарат берді.
Ғалымбек Досановтың айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне қарсы жұмыс белсенді түрде жүргізіліп келеді. Департамент облыстың мемлекеттік органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтеріне талдау жасаған.
Бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесі заңнама талаптарын қатаңдатуға бағытталса, қазір басты назар превентивтік шараларға аударылған. Осыған орай, мониторинг жасау барысында профилактикалық шараларға және сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын себептерге ерекше көңіл бөлінген.
Берілген ақпаратқа сүйенер болсақ, ағымдағы жылы мемлекеттік органдармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты, оның кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік сезімін қалыптастырудағы тиімді құралдардың бірі ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру мақсатында жиыны 783 семинар, дәріс, дөңгелек үстел өткізілген.
Оның 397-сін немесе 50,7%-ын департамент ұйымдастырған, олардың қатарында республикалық және аймақтық ғылыми-практикалық конференциялар, форумдар және КТК (КВН) сияқты ауқымды шаралар бар. Бұл шаралардың 49,3%-ы басқа мемлекеттік мекемелермен өткізілген. Шаралардың басым бөлігі Шемонайха (162), Үржар (77) және Зырян (49) аудандарында өткізілген.
Ал сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жауапкершілікке тартылғандардың басым бөлігі Зырян және өзге аудандарға тиесілі болса, бұл өткізілген шаралардың тиімсіздігін көрсетеді. Мысалы, Глубокое ауданында 10 шара өтсе, Аягөз және Катонқарағай аудандарында тек 3 шарадан ғана өткізілген.
– 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегияны, бұл бағыттағы басқа да нормативтік актілерді түсіндіру мақсатында ағымдағы жылдың 10 айында республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында барлығы 828 мақала жарық көрсе, оның 496-сын департамент жариялады. Аудандар арасында Бородулиха (64) және Зырян (49) аудандарының жергілікті газеттерінде басқа аудандармен салыстырғанда мақалалар айтарлықтай көп жарияланған. Ал Күршім және Катонқарағай аудандарында ағымдағы жылы небәрі 10 материалдан ғана жарық көрген. Департамент сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалардың талаптарын түсіндіру бойынша 4 баспасөз-конференциясын және брифинг өткізіп, республикалық және аймақтық телеарналарда 112 сюжет көрсетілді. Өкінішке қарай, облыстың басқа мемлекеттік органдарымен бұл бағыттағы жұмыстар мүлдем жүргізілмеген, – деді департамент басшысы Ғалымбек Досанов.
Есепті кезеңде тәртіптік кеңестің 10 отырысы өткізіліп, онда 68 мәселе, оның ішінде 47 тәртіптік іс қаралған. 10-нан астам басшылар мен лауазымды тұлғалар тыңдалған. Тәртіптік кеңестің ұсынысымен 36 тәртіптік жаза қолданылған.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарына келсек, ағымдағы жылдың басынан департамент 189 сыбайлас жемқорлық қылмысын тіркеген, бұл облыс бойынша тіркелген сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының 81%-ын құрайды (234). Қылмыстық жауапкершілікке 71 лауазымдық тұлға тартылған, оның ішінде 28 адам басқарушы лауазымды атқарса, оның ішінде 7 облыстық деңгейдегі, 32-і қалалық және 22 аудандық деңгейдегі, 7 ауылдық деңгейдегі және 3 квазимемлекеттік сектордың басшылары бар.
Жүргізілген талдау мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған, БАҚ-та жарияланатын әрбір екінші материалының тек ақпараттық сипатта ғана болатынын анықтап отыр. Бұл ақпараттық қызмет мәселелеріне немқұрайлы көзқарасты көрсетеді.
Сондай-ақ, қалалар мен аудандар әкімдіктерінің берген ақпаратында облыс аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта 112 баннер орнатылғаны айтылған. Алайда, сол уақытта ұсынылған фотоесептер бойынша жүргізілген талдаулардың нәтижесінде 78 баннер ғана ілінгені расталған. Мысалы, Күршім ауданы 18 баннер орналастырылғаны туралы ақпарат берсе, фотоесеп кезінде тек сегізі ғана дәлелденген.
Департамент басшысы қалалар мен аудандар әкімдіктері жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссияларының жұмысы өте әлсіз, сын көтермейтінін ашық айтты. Аталған комиссиялардың отырысы тек Бородулиха және Үржар аудандарында ғана өткізілген. Аудандық мәслихаттардың сессияларында осы мәселелер қаралмайды.
Облыстық департамент сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары аясында өзара бірлескен іс-әрекет жөнінде 12 меморандумға қол жеткізген. Соның ішінде облыстық дін істері, ішкі саясат, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау басқармалары, облыстық ревизиялық комиссия, халыққа қызмет көрсету орталығы, облыстық Достық үйі, Курчатов қаласының және Абай ауданының әкімдігі, бірқатар үкіметтік емес ұйымдар бар.
Ғалымбек Досанов ең бастысы, қоғам сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік танытқанда, оның кез келген фактілері туралы хабарлағанда, бұл бағыттағы бірлескен жұмыстар дұрыс жолға қойылғанда ғана әлеуметтік дертпен күресте нәтиже болатындығын атады.
Сондай-ақ, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Нұржан Түсіпова есеп берді. Сессияда басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Нұржан Кенжеұлы,
Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button