Бюджетті тағы да нақтыладық
Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс тоғызыншы сессиясы өтті. Сессияға қалалар мен аудандардың әкімдері селекторлық режимде қатысып отырды. Сессияда «2012-2014 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» 2011 жылғы 8 желтоқсандағы №34/397-IV шешімге өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды. Сессияның жұмысына облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.
Өңірдің бюджетіне енгізілер өзгерістер жайында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинская баяндады. Баяндамашының берген мәліметтеріне сүйенсек, 2012 жылға арналған облыстық бюджеттің параметрлерін нақтылай түсуге республикалық бюджеттен бағытталатын трансферттер көлемінің өзгеруі негіз болған. Нақтылар болсақ, республикалық бюджеттен келетін нысаналы трансферттер көлемі 12,8 млн. теңгеге артып отыр. Осы өзгерістерге қатысты облыс бюджетінің шығыс бөлігінің көлемі 180685,5 млн. теңгені құрап отыр.
Баяндамашының келтірген деректеріне қарағанда, ауыл шаруашылығының кейбір салаларына бөлінер қаржы көлемі азайтылған. Мәселен, балық өндірушілерден өтініш берілмегендіктен, тауарлы балық шаруашылығының өнімділігі мен сапасын жоғарылатуды субсидиялауға 35,6 млн. теңге қаражат азайған. Сонымен бірге субсидиялар ұсыну ережесіне өзгерістер енгізілуіне орай, тұқым шаруашылығын қолдауға, бірегей тұқым өндіруге субсидиялар алынып тасталған. Керісінше қой, жылқы еттері мен қымыз өндіруді арттыруға байланысты мал шаруашылығының өнімділігі мен сапасын жоғарылатуды субсидиялауға байланысты нысаналы трансферттер 97 млн. теңгеге ұлғайтылған.
Денсаулық сақтау саласында өткізілген конкурстық процедуралар бойынша үнемдеуге орай, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бас бостандығынан айыру орындарында болғандарға және одан босағандарға ВИЧ-инфекциясының алдын алуға арналған әлеуметтік жобаларды іске асыруға көзделген 2,2 млн. теңге көлеміндегі трансферттер азайтылған. Міне, облыстық бюджетті нақтылауға осындай өзгертулер себеп болып отыр.
Сессияда сөз сөйлеген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ ең алдымен өзінің ұсыныстарын қолдап, қабылдаған депутаттарға ризашылығын білдіре келе, жыл ауысар сәттегі жергілікті атқарушы билік алдында тұрған бірқатар міндеттерге тоқталды.
– Міне, тағы бір кезекті жыл аяқталып, жаңа жыл келе жатыр. Өткенде сіздердің алдарыңызда он айдың қорытындысын толықтай баяндаған болатынмын. Он бір айдың да қорытындысы да жаман болмауға тиіс. Біздің жобалауымыз бойынша, барлық салада осы жылды ойдағыдай аяқтауға толық негіз бар. Ең бастысы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жүктеген тапсырмасына сәйкес, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда төмен болмауы қажет. Басты көрсеткіштер республикалық көрсеткіштерден жоғары болуы тиіс. Одан кейінгі ең үлкен мәселе – Елбасының Жолдауында айтылғандарды іске асыруымыз қажет. Ол үшін жергілікті халыққа Жолдаудың барлық тармақтарын жете түсіндіргеніміз жөн. Осыған орай облыстық активтің мәжілісі өтіп, тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Енді алдағы күндерде облыс, қала, аудандарда сол бойынша кешенді шаруалар атқарылуы керек, – деді облыс Әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы соңғы апта көлеміндегі облыста орын алған төтенше климаттық жағдайларға қатысты да өз ойын білдірді.
– Қысқы жылыту маусымында алаңдаушылық туғызардай жағдай тіркелген жоқ. Дегенмен, қиындықтар болмай тұрмайды. Соңғы күндердегі климаттық өзгерістерге байланысты Риддер қаласында, Зырян ауданында ауа температурасы 45-47 градусқа дейін нөлден төмендеді. Солай бола тұрғанымен, айтарлықтай апаттар орын алған жоқ. Бірақ, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Риддер қаласы аязда жылусыз, жарықсыз қалды деген ақпараттар таратты. Бұл – дұрыс ақпарат емес. Әрине, мерзімі жеткен техникалар сынбай, тоқтамай тұрмайды. Олар уақытымен қайта іске қосылып тұр. Қазіргі күні Риддер қаласында сұранысқа сай тұрақты жылу берілуде. Семей қаласында да алып бара жатқан мәселе жоқ. Осы суыққа байланысты электр энергиясына қатысты ғана аздаған мәселе болды. Жергілікті билік жылыту маусымын ойдағыдай өткізуге барлық мүмкіндікті қолданатын болады. Екінші жағынан тұрғындар да қарап отырмай, өздерінің баспаналарын жылылап алуға қам жасағандары жөн, – деді өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.