Экономика

Бюджетке соңғы түзетулер енгізілді

Өскеменде облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс жетінші сессиясы өтті. Сессияда «2012-2014 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімге өзгерістер енгізу жөнінде мәселе қаралды.

Бюджетке соңғы түзетулер енгізілдіНегізгі баяндаманы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинская жасады. Басқарма басшысының айтуынша, республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер мен несиелер көлемінің өзгеруіне байланысты биылғы жылдың бюджетін анықтау қажеттігі туындап отыр. Республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер және несиелер көлемі 1979,0 млн. теңгеге азайтылды. Нысаналы ағымдағы трансферттер 1203 млн. теңгеге, дамытуға арналған трансферттер 620,7 млн. теңгеге, сондай-ақ несиелер 155,3 млн. теңгеге азайтылды. Осындай өзгерістер есебінен бюджеттің шығындар бөлігі 188935,5 млн. теңгені кұрайды.

Денсаулық сақтау саласы бойынша 411,7 млн. теңге көлемінде қосымша қаражат қарастырылған. Бұған қоса, жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге және кеңейтуге 144,3 млн. теңге сомасында, дәрі-дәрмектер, вакциналар және басқа да иммунобиологиялық препараттар сатып алуға 113,9 млн. теңге сомасында, денсаулық сақтаудың жергілікті деңгейдегі медициналық ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтауға 153,4 млн. теңге сомасында қаржы бөлінген.

Сондай-ақ, ауызсумен қамтамасыз етудің баламасыз көздері болып табылатын аса маңызды топтық және оқшау сумен жабдықтау жүйелерінен ауызсу беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға 20,7 млн. теңге сомасында, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында индустриялды инфрақұрылымды дамытуға 31,0 млн. теңге сомасында қосымша қаражаттар қарастырылған.

Баяндамашының айтуынша, өзгерістер тиісті министрліктердің бағдарламалар әкімшілеріне берілген, республикалық бюджет комиссиясымен келісілген және депутаттардың қарауына ұсынылған.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Григорий Пинчук келесі сессия 7 желтоқсанда болатынын және оның күн тәртібінде қаралатын мәселелер жөнінде хабарлама жасады.

Одан соң «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы Станислав Каримовке сөз берді. Ол таяуда ғана Астанада «Жас Отан» белсенділерінің екінші съезі өткеннен кейін облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ делегаттармен және жастар ұйымдарының көшбасшыларымен кездескенін тілге тиек етті. Кездесуде біздің аймақта облыстық мәслихат депутаттары көмекшілерінің қоғамдық институтын құру жөнінде бастама көтерілген. Және әрбір халық қалаулысына жастар өкілдерін бекіту ұсынылған. Солардың тізімі де әзірленген. Жастар депутаттарға көмекші болып тәжірибе жинақтайды. Осыған орай Станислав Каримов бұл бастаманы колдау жөнінде өтініш білдірді.

Облыстық мәслихат сессиясының төрағасы Нұрлан Омаровтың ұсынысымен хабарлама назарға алынды. Күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды.

Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button