Бюджет қаржысы тағы да нақтыланды
Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс оныншы сессиясы болып өтті. Селекторлық режимде өткен сессияда «2013-2015 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» 2012 жылғы 7 желтоқсандағы №8/99-V шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды. Сессия жұмысына облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинская баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, облыстық бюджетке енгізіліп отырған бұл өзгертулер мен толықтырулар 2013 жылғы 1 қаңтарда қалыптасып отырған 858121,1 мың теңге көлеміндегі қаржылай қалдықтарды қайта бөлумен байланысты болып отыр. Осыған орай 2013 жылға арналған облыстық бюджеттің шығыс бөлігіне өзгерістер енгізілді.
Мәселен, облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс және авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы бойынша жалпыға ортақ әскери міндеттемелерді орындау аясындағы іс-шараларға 8788 мың теңге, облыстық деңгейдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюды ұйымдастыруға 4797 мың теңге қарастырылып отыр. Сонымен бірге облыстық ішкі істер департаментіне қосымша 42511 мың теңге, облыстық денсаулық сақтау басқармасына қосымша 62713 мың теңге, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 2930 мың теңге және GPS қондырғысын алу мен техникалық қызмет жасауға 1600 мың теңге жұмсалса, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына асыл тұқымды мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау бағдарламасы бойынша берілетін лимиттер көлемі ұлғайтылған.
Сондай-ақ, облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасына, облыстық білім, мәдениет, ішкі саясат, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы басқармаларына тиісті қосымша қаражат көздері қарастырылған.
Ауа райының қолайсыз жағдайына байланысты сессияға селекторлық режимде Семей қаласынан қатысып отырған депутаттар биыл аталып өтілетін қазақ футболының жүз жылдығын мерекелеуге орай өткізілетін шараларға, қажетті құжаттары толықтай әзірленген «Спартак» стадионын жөндеуден өткізуге әлі де қаржы қарастырылмай жатқанын, көп жылғы тарихы бар «Достық» ансамблі облыстық мәдениет басқармасы тарапынан қаржылай қолдаудан шеткері қалғандығын атап көрсетті. Сондай-ақ, семейлік депутаттар республикалық маңыздағы жолдардың жайына жауапты «Қазақавтожол» мекемесінің атына сын айтты.