Бюджет адам капиталын дамытуға бағытталған

Кеше аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті он алтыншы сессиясы болып өтті, жиында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Оның ең бастысы 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджетті бекіту болды.
Сонымен қатар, сессияда отбасын әлеуметтік және демографиялық дамытудың 2014-2017 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру, 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының Шемонайха ауданында орындалуы, жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы мәселелер қаралды. Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның есебі тыңдалды.
2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев баяндама жасады. 2018 жылға арналған облыстық бюджеттің кірістер бөлігі – 198 миллиард теңге, шығындар бөлігі – 194 миллиард теңге көлемінде бекітілді.
– Алдағы бес жылда біз медицина саласына қомақты қаржы құятын боламыз. Облыстағы медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен қамту үшін 23 миллиард теңге қаражат қажет екенін есептедік. Биылдың өзінде осы мақсатқа 9 миллиард теңге бөлініп, біраз құрылғылар сатылып алынды. Адам капиталын дамытуға ғана 1 миллиард 200 миллион теңге бөлуді көздеп отырмыз. Шығыс Қазақстан – осы салаға қомақты қаржы салып отырған бірден-бір облыс. Біз медициналық қызметкелерді оқытуды мықтап қолға алмақпыз. Дәрігерлердің бір легі Италияның Милан қаласында оқитын болады. Өскемендегі №1 қалалық ауруханада робот техникасы орталығы ашылады. Ол құрал-жабдықты біз АҚШ-тан Азия елдерінде бірінші болып сатып алып отырмыз.
Сондай-ақ облыста Трансплантология орталығы құрылмақ. Бес жылда облыс медицинасын әлемдік деңгейге көтереміз, яғни, бұрынғыдай озық елдерді қумаймыз, солармен бір деңгейде боламыз. Бізде болатын Гематология орталығы Еуразиялық экономикалық елдерінің ешбірінде жоқ. Ол нағыз бірегей ғылыми орталыққа айналады. Білім саласына 101 миллиард теңге бағыттаймыз. Мұндағы негізгі міндет – балаларды үш тілде оқыту. Кәсіпкерлерге көп рақмет, солар жинаған қаржыға біз Назарбаев зияткерлік мектебінде тұрған сыныптар секілді 425 сынып сатып аламыз. Келесі оқу жылында олар облыстағы барлық толық комплектілі мектептерде болады. Өскемен мен Семейдің бюджеттері келер жылға 60 миллиард теңге шамасында бекітіліп отыр. Мұндай бюджет шаһарларда ешқашан болмаған. Алдағы бір-екі жылда екі үлкен қаланың аулалары адам танымастай өзгереді, ал 2019-2023 жылдары аудан орталықтарын абаттандыруға ден қоямыз, – деген аймақ басшысы депутаттарды облыс бюджетінің бекітілуімен құттықтады.
Отбасын әлеуметтік-демографиялық дамыту жоспарын орындау туралы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова баяндады. Оның айтуынша, аталмыш жоспар тұрғындардың әл-ауқатын арттыруды көздейді. Осы жоспар бойынша облыста төртінші бала тапқан аналарға 50 мың теңге сомасындағы бірреттік көмек көрсетіліп келеді. Жалпы осы үш жылда облыстық қазына қаржысынан 2978 анаға 148,9 миллион теңгенің жәрдемі көрсетіліпті. Осы жоспар аясында әйелдер мен темір тордың ар жағынан босап шыққандарды жұмыспен қамту, медициналық көмек беру, оңалту бойынша ауқымды жұмыс атқарылған. Депутаттар атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, мерзімі аяқталса да қолға алынған жұмыстарды осы қарқында жалғыструды ұсынды. Баяндамада айтылған жағымды жаңалық – Тәуелсіздік күні қарсаңында облыстағы 1086 анаға 66,8 миллион теңгенің жәрдемақысын төлеу жоспарланып отыр екен.

Шемонайха ауданының әкімі Амангелді Тоқтаров сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуы және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жоспарының орындалуы туралы есеп берді. Ауданда жергілікті атқарушы органдар 88 түрлі қызметті тұрғындарға көрсетеді. Қызметтерді мерзімінде орындамаудың екі дерегі ғана тіркеліпті. Сапаны арттыру мақсатында 89 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырып, 69-ы қайта даярлықтан өтіпті.
– Қызметтердің дені электронды форматқа көшірілуде, бұл жемқорлық фактілерін болдырмауға септігін тигізеді. Аудан елді мекендерінде тұрғындарды жемқорлыққа қарсы үгіттейтін 27 баннер орнатылып, БАҚ-та 212 мақала жарияланған. Тоқсан сайын кәсіпкерлер мен құқық қорғау органдары өкілдері жүздесіп, оларға көлеңкелі экономикаға қарсы іс-шаралар, заң талаптары түсіндіріледі, – деді аудан басшысы.
Облыстық мәслихат аудан әкімі жариялаған ақпаратты мәліметке алып, стратегияны іске асыруды белсенді жалғастыру жөнінде шешім қабылдады.
Жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы аталмыш қызметтің бастығы Дулат Қазақпаев есеп берді. Атап өтерлігі, осы жылдың 11 айында қылмыс деңгейі 2588 дерекке азайған. «Қауіпсіз аула» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жалғасуда, облыстағы аулаларда барлығы 113 бейнекамера орнатылған. Өскеменде – 105, Семейде – 6, Аягөзде – 2. Бұлар 350 үйді қамтиды.
– Көпқабатты үйлердің подъездерінде 148 камера бар, биыл осы жобаға тағы 54 мың пәтер қосылмақ. Осы камералар көмегімен ғана биыл 128 қылмыс, 17 мың құқықбұзушылық айқындалды. Алдағы жоспарымыз – «Сергек» бейнетіркеу кешенін Өскемен мен Семейдегі 898 орынға орнату, – деді Дулат Қазақпаев. Мәслихат депутаттары есепті қаперге алып, қалалардағы бейнебақылау желілерін одан әрі көбейтуді ұсынды, тиісті қаражат қарастырылады.
Сессияда әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Төлебай Рахыпбеков өз жұмыстары туралы есеп берді.
Ержан Әбіш