«Бәйтерек» тұрғын үй құрылысына тың серпін береді
Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өңірімізге жұмыс сапарымен келген «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі басқармасының төрағасы Ерболат Досаевпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар «Бәйтерек девелопмент» АҚ мен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы облыста тұрғын үйлер салу жөнінде мәселелерді қарастырды.
– Біздің өңір үшін тұрғын үй құрылысын жүргізудің маңызы өте жоғары. Айталық, өңірімізде «Тұрғын үй құрылыс банкі» АҚ-ның 71 мыңнан астам салымшысы бар. Солардың ішінде қазір 6 800 салымшы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға дайын және несие алуға қажетті қаражаттары жеткілікті, – деп атап өтті облыс әкімі басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Аймақ басшысының айтуынша, бүгінгі күні облыс әкімдігімен тұрғын үйлер салуға «Бәйтерек девелопмент» АҚ мен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ның қаражаттарын тарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Нақты деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ның қаражаты есебінен 10 үйдің құрылысы басталған, бұл нысандар 2017 жылы толықтай қолданысқа берілмек. Бұған қоса аталмыш акционерлік қоғамға тағы да тоғыз тұрғын үйдің құрылысын қаржыландыруға өтініш беріліп қойған.
Сондай-ақ, «Қазақстан ипотекалық компаниясымен» тиісті жұмыстар қолға алынған. Мәселен, осыған дейін «ҚИК» АҚ-на жалпы сомасы 20 544,7 млн. теңгені құрайтын, жалпы ауданы 140,3 мың шаршы метр болатын немесе 2 407 пәтерлік 20 тұрғын үйдің құрылысын қаржыландыру жөнінде өтініш жолданған. Бүгінде «ҚИК» жалпы құны 4 493,89 млн. теңгені құрайтын жиыны 531 пәтерден тұратын үш үйдің құрылысын бастады. Оның екеуі Семей қаласында бой көтерсе, біреуі өскемендіктердің игілігіне берілмек.
Өз кезегінде «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі басқармасының төрағасы Ерболат Досаев барлық өтініштер мұқият қаралып, тиісті шешім шығарылатынын айтты.
Бұдан кейін Астанадан келген құрметті қонақтарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Өскеменде салынып жатқан «Азия Авто Қазақстан» акционерлік қоғамының толық циклді автокөлік құрастыру зауыты мен автокомпоненттер өндіретін технопаркінің құрылысымен таныстырды. «Азия Авто Қазақстан» АҚ-ның бас директоры Ержан Мандиев меймандарға ресейлік «АВТОВАЗ» зауытының соңғы үлгідегі өнімі – «LADA Vesta» жеңіл көлігін көрсетті. Тікелей бейнекөрсетілім арқылы жаңа кәсіпорынның құрылыс жұмыстарынан хабардар етті.
– Инфрақұрылым бойынша біраз шаруа атқарылды. Электр қуатын тартатын трансформаторлар жинақталуда. Автокөлік жолдарын салу, сумен қамту, кәріз құбырларын тарту сияқты жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Келесі жылдары темір жол тартуды көздеп отырмыз, – деп түсіндірді Ержан Мандиев.
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-ның өңірлік филиалына ат басын бұрған Ерболат Досаев бастаған мәртебелі меймандар мұнда жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, ашық сұхбат құрды. Бизнестің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген кәсіп иелерінің мәселелерін тыңдады. Ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Қуат Тұмабаев, аталмыш филиалдың директоры Тимур Екеев бастаған салаға жауапты мамандар, кәсіпкерлер қатысты. Жиында өңірлік филиалда атқарылған жұмыстар қысқаша баяндалып, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы айтылды. Бизнес өкілдері арасынан «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ-ның директоры Денис Шапорев, «Мунира синема» ЖШС-нің директоры Мунира Ягудинова және басқалары сөз сөйлеп, қолға алған кәсіптері туралы ақпарат берді. Шешімін таппай жүрген проблемаларын айтып, мазалаған сауалдарына жауап алды.
– Менің бизнесте жүргеніме 20 жылдай болды. Шынымды айтсам, мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдайтынын бұған дейін, яғни өз басымнан өткізгенше күткен емеспін. Ал енді өтінішім қабылданып, «Даму» арқылы қаржылай қолдау көрсетілген кезде сенер-сенбесімді білмей қуандым. Заманауи үлгіде қайта жөндеу жүргізілген «Юбилейный» кинотеатры үшін бұл көмектің орны ерекше. Осы жұмыстардың арқасында қазір кинотеатрдың қызмет көрсету сапасымен бірге табысы да айтарлықтай өсті, – дейді Мунира Ягудинова.
Серік Әбілхан