Қоғам

«Бәйтерек» холдингімен ынтымақтастық орнату жүктелді

«Бәйтерек» холдингімен ынтымақтастық орнату жүктелді

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте облыс әкімі орынбасарларына өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша тапсырмалар берілді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа 1 ақпанға дейін автоөнеркәсіптік кешенді дамытудың дайындалған мастер-жоспарына сәйкес автокомпоненттер өндірісін өркендетудің жол картасын әзірлеу тапсырылды.
Облыс әкімінің орынбасарларына және Нұрымбет Сақтағановтың жетекшілігіндегі бірқатар басқарма басшыларына осы айдың аяғына дейін «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» акционерлік қоғамымен ғылыми-зерттеу жұмыстары, тұрғын үй құрылысы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша инвестициялық жобаларды қаржыландыру, ет өңдеу кешені мен құс фабрикасының құрылысы салаларында ынтымақтастық туралы меморандум әзірлеу қажет. Аймақ басшысы «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша 6 пайыздық жылдық мөлшерлемемен екінші деңгейлі банктер арқылы тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мәселесін қарастыру керектігін ерекше атап көрсетті.
Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусинге табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірге балық шаруашылығын дамыту бойынша ұсыныстар енгізу жүктелді.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға Өскемен, Семей қалаларының және Зырян ауданының әкімдерімен бірге концессия аясында балабақшалар үшін орынжайлар ұсыну бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды. Атап өтерлігі, ағымдағы жылы Риддер қаласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы бойынша пайдалануға үш бала бақша берілген. Сонымен қатар, Жақсылық Омарға 2016-2019 жылдарға арналған үштілділікті дамыту бойынша кешенді жоспарды жетілдіру туралы тапсырма жүктелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button