Қоғам

Бәйтерек Астанаға деген махаббатымды оятты

Бәйтерек Астанаға деген махаббатымды оятты


«Мектеп бітірген соң қай оқуға түсесің?» деп сұқтана сұраған әрбір жанға сенімсіздеу үнмен: «Бұйыртса, Астанаға, бірақ, бәрін балл шешеді ғой» дейтінмін. Алайда, ішіме үңілсем, арманым қол жетпестей көрінетін.

Ақыры сынақтың сын сағаты келіп жетті. Ол журналистика мамандығына қабылдану үшін тапсыратын екі кезеңдік шығармашылық емтихан еді. Мен туған жерімді қаншалықты қимасам да, арманымның артынан тезірек Астанаға аттанғым келді, алайда, жыл бойы «кезінде көрерміз» деген анам екі қыздың тұңғышы болғаным үшін де, Астанадағы туған-туыстың жоқтығынан да мені алысқа жібергісі келмеді. Бірақ әрдайым соңғы таңдауды маған қалдыратын отбасым ақыры айтқаныма көніп, ақ батасын берді. Кейіннен анам екеуіміз еліміздің Шығысынан Сарыарқаға жол тарттық.

Автобусқа кешкі бестерде отырған біздер Семей мен Павлодарды басып өтіп, таңертең Сарыарқаның жазық даласымен жүріп келеміз. Екеуіміз де Астанаға алғаш келе жатқанымыздан болар, бас қаланың керемет деген келбетін көруге ұзақ жолдан қажып келе жатсақ та, қатты асықтық. Бірде автобустың іші мәре-сәре боп, қоңыраулар соғылып, «Иә, келдік», «Міне, кірдік» деген дауыстар жан-жақты жалмап алды. «Жеттік-ау» деп терезеге қарағанымыздағы алғашқы көргеніміз: бірінен соң бірі быжынап өтіп жатқан жүк көліктері, шашырап жатқан Шанхай сияқты базарлар, тоз-тозы шыққан тұрғын үйлер. Осының бәрі өн-бойымнан «Сондағы аңсап келгенің осы ма?» деген сауалды сұрай бергендей. Қасымдағы он сегіз сағаттық жолға шаршатып, болмай көндіріп әкеле жатқан анамның қанағаттанбағанын жасыруға тырысқан жәудіреген көздеріне қайта-қайта қарадым. Алайда, қанша қарағаныммен, артқа қайтар жол жоқ еді…

Алай-дүлей болған көңілмен автобустан түстім. Бізді осында көшіп келген жерлесіміз күтіп алды. Ол кісі бізді сондай жылы қарсы алғанымен, менің көңілім қалаға кіргендегі көріністерден жатырқай берді. Үйге барып әлденіп, тынығып алған соң, қаланы қыдыруға шықтық. Ең бірінші бас қаланың бойтұмары – Бәйтерекке бардық. Жеделсатымен жоғарыға көтеріліп, алып Астанаға көз салдым. Сенсеңіздер, сонда ғана анамның жайдарланғанын сезіп, көңілім орнына түсті. Күні бүгінге дейін Бәйтеректі көрген сайын сол оқиға ойыма түсіп, езуіме күлкі үйіріледі. Бәйтерек менің Астанаға деген махаббатымды оятты. Ал шығармашылық емтиханнан ойдағыдай өтіп, ақысыз оқуға түсер-түспесімді білмей, қорытындысын көп күткен Еуразия ұлттық университеті менің мамандығыма деген мақтанышымды күн сайын үдетіп келеді.

Бүгін мен бақыттымын, себебі «…Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» дегендей, тәуекел етіп, асқақ арманымның тәтті дәмін татып келемін.

Жансая Қамбар

Осы айдарда

Back to top button