Былтыр облысымызда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 920 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының мамандары мәлім етті.
Баспасөз мәслихатына қатысқан ТЖД мамандары БАҚ өкілдеріне нысандардағы тексеріс жұмыстары қалай жүргізілетінін түсіндірді.
– Жалпы, 2023 жылы облыстағы 560 нысан тексеріспен қамтылғанын айту керек. Жүргізілген өрт-техникалық тексерулердің нәтижелері бойынша 920 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 83 адамға айыппұл салынып, сот органдарына Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462-бабы, 3-бөлігіне сәйкес, 35 әкімшілік хаттама жіберілді, – деп хабарлады брифингке қатысқан Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Мадина Сейтқамза.
Брифингте биылдан бастап Кәсіпкерлік кодекске және «Азаматтық қорғаныс туралы» Заңға өзгерістер енгізілгені жайында да айтылды. Кодекстің 137-бабына сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік өрт бақылауы субъектіге (объектіге) бара отырып, профилактикалық бақылау формасында жүзеге асырылатын болады.
– Енді тәуекел дәрежесі жоғары нысандар жылына бір рет, ал орташа тәуекел дәрежесі барлары екі жылда бір рет тексерілмек. Кәсіптік бақылау жүргізілетін нысандардың тізімдері тәуекел дәрежесін бағалау негізінде автоматты түрде қалыптасады. Яғни, алдыңғы тексерулердің нәтижелері, субъектінің кінәсінен өрттің тұтануы, бір және одан да көп расталған шағым мен өтініштердің болуы сияқты факторлар ескеріліп, әрбір кәсіпкерлік нысанына ұпайлар үлестірілетін болады. Ұпайы неғұрлым көп болған сайын нысанның тәуекел дәрежесі де жоғарылай түседі. Демек, мұндай нысандар өзгелерге қарағанда жиірек тексерілетін болады, – деп түсіндірді өрт бақылау басқармасының инженері Азамат Құмарбеков.