Былғары-тері комбинаты қолдау күтеді

Семейдегі былғары-тері комбинаты күніне 70 тонна ірі қара терісі өңдеуі тиіс екен, бірақ қазіргі уақытта мұндай көрсеткіш мүлде жоқ. Тек мұның 7 пайызы ғана орындалуда.
Аталмыш комбинат жыл он екі айдың 9 айында жұмыссыз тұратын болып шықты. Себебі осында өндірілетін 16 түрлі теріні дайындап шығаруға шикізат жоқтығы қолбайлау болып отыр. Бүгінде нарықта пайда болған шетелдік алып-сатарлар семейлік өнім өндірушілердің өнімдерінің үштен бірін өз елдеріне тасып алып кетеді екен. Сөйтіп, шикізат Ауғанстан, Қытай және тағы басқа елдерге үсті-үстіне тонналап кетіп жатыр.
-Оның үстіне, салықтың да еңсені басып тұрғаны тағы бар,-деген еді «Семей былғары-тері комбинаты» ЖШС директоры Жұмағазы Рахымғалиев осыдан біраз бұрын Астанадан келген Парламент депутаттарына.
Кәсіпорын облыстың аудандары үшін үздіксіз тері қабылдайтын қойма да ашып қойыпты. Мұнда жұмысқа тартылған жұмысшылар терінің сапасына мән беріп, талғай алатын, мал өнімдерімен жұмыс жасай білетін мамандардың қатарынан. Ауылдан келетін адамдар әкелген терілерін осында өздері саудалай алады. Кәсіпорынның бас директоры Жұмағазы Рахымғалиевтың айтуынша, осындай пункттерде теріге қымбат ақы төленеді.
– Қазір ветеринария, зоотехника ғылымдарының дамыған уақыты. Шаруашылық иесі өзінің ірі қараларын оқыраға қарсы ектіріп алса өте жақсы. Мұндай малдың терісімен қоса, сүті мен етінің де сапасы артары сөзсіз. Қожалық иелері осындай мәселелерді ескергендері дұрыс, – дейді Жұмағазы Рахымғалиев.
Бұл күндері шет елдерде тері өңдеу технологиясы өте жоғары дамыған. Базарлар мен дүкендердегі Түркия тондары сұранысқа ие. Мәселе сонда, шетелдік кәсіпкерлер біздің шикізатты қымбат бағаға сұрайды. Тері мен жүнді жерге тастай алмайтын мал баққан халық қолдағы бар шикізаттарын қымбат бағаға өткізгенге құмар. Сиыр терісінің килограмы шамамен 3500 теңгеден өтті делік. Одан көрші елдің кәсіпкерлері 5-6 аяқ киім жасап, әрқайсысын өзімізге 8-10 есе қымбатқа сатады. Сөйтіп, шетелдіктер шикізатты бізден өздеріндегі бағадан өте арзанға сатып алып, өздерінің экономикасын жандандыруда.
-Дәл қазіргі таңда біз 9 ай тоқтап тұрамыз, тек 3 ай ғана жұмыс істейміз,-деп түсіндірді нақты жағдайды директор Жұмағазы Рахымғалиев,-шикізат жетпей жатыр. Шығыс Қазақстанда өндірілетін терінің тек 10 пайызын ғана жинақтай аламыз. Бұл дегеніміз жылына 40 тонна ірі қара терісін ғана өңдейміз деген сөз. Ал негізінде тәулігіне 70 тонна өңдей алатын қабілетіміз бар. Облыс бойынша жылына 400 мың бас ірі қара терісі өңдеуге өткізілуі тиіс.
Былғары-тері комбинатындағылар бұдан біраз бұрын келген Парламент Мәжілісі депутаттарынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындарға арналған Салық кодексіндегі салық мәселесін қайта қарауды ұсынды.
-Өңдеуші комбинаттар салықты мұнайшылардан да жоғары бағада төлеп отыр,-деді Жұмағазы Рахымғалиев,-енді ғана ес жинап, жан-жақтан қолдау тосып отырған біздерге, керісінше, шетелдік алып-сатарлардан да жоғары деңгейде талап қояды. Олар тек жеке кәсіпкер ретінде аздаған салық төлесе, біз бюджетке тиісті төлемақылардың барлығын аударуымыз керек. Шетелдік алып-сатарлармен бәсекеге түсу үшін бізді артық-ауыс салықтардан босату қажет. Парламент Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев бұл мәселемен шұғылданатынына уәде етті.
Раушан Нұғманбекова
Семей.