Бәйгеден үміттілердің бәрі келді
Шәкерім университетінің Степной кентіндегі ипподромында ат бәйгесі өтті. Халықаралық «Агросемей-2016» көрмесінің аясында ұйымдастырылған тұлпарлардың дүбірлі жарысына қазақтың даңқты балуаны Дәулет Тұрлыханов, қала әкімі Ермак Сәлімов қатысып, жас атбегілерге табыстар тіледі. Аламан сайыс алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Бәйгеге облыстың аудандары мен Талдықорған, Қарағанды, Павлодар, Алматы қалаларынан және Ресей Федерациясынан 35 сәйгүлік қатысты. Олар 12 шақырымдық топ бәйге мен 25 шақырымдық қашықтық бәйгеде бақ сынады. Ат шаба ма, бап шаба ма, жоқ әлде бақ шаба ма, деп шіркін қазақ атам осындайда айтса керек.
– Бүгінгі сайысты тамашалауға аттың жөнін білетін азаматтар да, ғалымдар да келіп отыр,-деді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Арап Еспенбетов,- халқымыз жылқыны қалай өсіру, қалай баптау керек екендігін әлмисақтан жақсы біледі. Осы асыл мұраны дәріптеп, келер ұрпаққа мирас ету – бүгінгі ұрпақтың парызы. Сондықтан осындай шараларды ұйымдастырудың маңызы зор.
-Ат спортын қазақтың керемет олимпиадалық ойындары деп бағалаған екен 19 ғасырда орыс зерттеушілері,-деді Алматыдан келген профессор, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай,-түбінде біз нағыз аламанға ораламыз десек, 70, 80, 100 шақырымдық бәйгелерді қалпына келтіруіміз керек.
Бәйгенің қорытындысы бойынша, талдықорғандық шабандоз Олжас Жексембиновтің «Бақторысы» мәре сызығын бірінші болып кесті. Ол «Lada Granta» көлігін қанжығасына байлады. Көкпекті намысын қорғаған Самат Ербаевтың «Найман қасқасы» ІІ орынға ие болса, талдықорғандық Әділжан Қуанышбеков мінген «Қайтпас» ІІІ орынға табан тіреді. Топ бәйгеде зайсандық шабандоз Ерсайын Тұраровтың «Қымбаты» І орынды жеңіп алды. Бесқарағайлық Рахат Есенгелдинов мінген өңір сәйгүлігі «Камилла» ІІ орынға, семейлік шабандоз Дәурен Қуатовтың «Шекері» ІІІ орынға ие болды. Жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды.
Раушан Нұғманбекова
Семей.