Қоғам

Бұйырғаны күміс болды

Өскеменде 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан ел чемпионаты аяқталды, сайыс нәтижесінде Шығыстың спортшылары күміс медальға ие болды.

Жарысқа Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласынан сегіз команда қатысты.

Облысымыздың спортшылары түркістандық қарсыластарымен тең түссе, қарағандылықтарды 4:0, ақтөбеліктерді 7:1 және қостанайлықтарды 2:0 есебімен ұтты. Балалар финалға шығып, елордалық командамен жүлдеге таласты.

Чемпионаттың бас жүлдесі үшін талас қызу өтті, қос команда да жеңілгісі келмеді. Біздің ойыншылар бір минутқа да босаңсыған жоқ, бірақ алғашқы голды астаналықтар салып жіберді. Дегенмен, ойын соңына дейін біздің команда өз қақпасына гол соқтырмады, бірақ қарсыластар қақпасынан да саңылау таба алмады. Өскемендіктер қарсыластар қақпасын бірнеше рет нысанаға алды, бірақ доп дөп тимеді. Матч тартысты өтті, Нұр-Сұлтан командасы бапкерінің айтуынша, біздің ойыншылар өздерін лайықты қарсылас ретінде көрсете білді.

– Өскемендік команда лайықты өнер көрсетті, бірақ бұл ойында біздің жолымыз болып кетті. Жалпы, сайыста өзара көп ойнадық, бұл – жеткіншектер үшін мол тәжірибе. Чемпионатты ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз, алаңның сапасы тамаша, ең бастысы, төрелік әділ болды, – деді астаналық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің футбол командасын жаттықтыратын Родион Мозговой.

Чемпион қорытындысы бойынша астаналықтар чемпион атанды, алаң иелері күміс жүлдені, ал қостанайлық футболшылар қола жүлдені иеленді.

Төрешілер алқасы алты номинация бойынша үздіктерді анықтады. Родион Секретарев үздік қақпашы, Максим Кононенко үздік қорғаушы, Таңнұр Ақатолданов үздік шабуылшы, Роман Кириленко үздік ойыншы, Андрей Антюфеев үздік сұрмерген, Мейіржан Құрманов үздік жартылай қорғаушы атанды.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button