Бусанған Барқытбел

Соңғы төрт жылда Барқытбелдің баурайы қайта бусанып шыға келді. Егін мен бау-бақшаның қан тамырына айналған суару жүйесі қайта қалпына келтіріліп, жаңа гидротехникалық құрылыстарға мемлекет тарапынан қомақты қаржылар бөлінді.
Тау бөктеріндегі су тоспалары мен магистралдық су жүйелері қайта іске қосылудың арқасында өткен жылдан бері аудан 5000 га жерді суландыруға және игеруге мүмкіндік алды. Тарбағатай халқының негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғанмен, осы төрт жылда суландыру жүйесін жетілдіру қоса дамыды. Соның арқасында мал азығының қоры молайды. Барқытбелдің бөктері бұл күндері жайнаған бау-бақшаға айналған. Оңтүстік өңірлерден келген отандастар аз жылдың ішінде бақша шаруашылығын бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді.Мырзашөл өңірінен келген қандастарымыз малды ауыл ретінде аты шыққан ауданды облыстағы көкөністі өңірге айналдырды. Биылғы жылы қосымша 1500 га суармалы жерге жоғары сортты картоп, майлы дақылдар, бақшалық өнімдер егілді.
Бүгінгі күні тек қана көкөніс өсіретін сегіз кооператив жұмыс істеп отыр. Жалпы аудан бойынша 12 504 га суармалы жер көлемі игеріліп, 833 га бидай, 810 га арпа, 67 га тары, 300 га күнбағыс, 1000 га картоп, 300 га көкөніс алқабы игерілуде. Ерте көктемде істі бастап кеткен шаруашылықтар суармалы жерлерін тиімді пайдаланып,биыл да жоғарғы өнім алуға үміттеніп отыр. Бақша саласында алғашқы болып осы өңірге инвестор болған «Мұхтар», «Мырзашөл», «Жұман ата», «Шығыс өнімдері» шағын кооперативтері органикалық және минералдық тыңайтқыштардың көмегімен биыл екі есе өнім алуды жоспарлап отыр. Аудандағы көкөніс пен бақша дақылдарының негізгі алқабы саналатын Құмкөл ауылдық округі биыл тағы 500 га жерге көкөніс көлемін ұлғайтты.
Көкжыра ауылдық округі осы үрдісті жалғастырып, 500 га алқапқа көкөніс, 300 га жерге көпжылдық шөп егіп отыр. Көктемнен бастап Жетіарал, Маңырақ, Ақжар өңірлерінде бақшалық өнімдердің жер көлемдері артып, «Қанды су» су қоймасы магистралы арқылы тағы 5000 га жерді игереді. Аудандағы суармалы жерлерді игерудің нақты нәтижелері соңғы бір жылда айқындала бастады. Алдымен аудан көкөніспен өзін-өзі қамтуға мүмкіндік алса, биыл «Жұман ата», «Шығыс өнімдері», «Мырзашөл» кооперативтері өнімдерін еліміздің бастыс өңірлері мен теріскейге тасымалдауға келісімшарт жасап отыр. Қабанбай, Ақжар ауылдарының диқандары өнімдерін Зайсан, Өскемен қалаларына апаруға келісімшарт жасады.
Ағымдағы жылы республикалық бюджет қаржысына Қарғыба өзеніндегі су тоспасы мен «Жаңатоғам» магистралды каналын қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Сонымен қатар келер жылы екі жаңа су тоспасы салынбақ. Осылайша, аудан 20 мың га суармалы жерді игереді. Бүгінде егістік алқаптарды цифрландыру жүйесіне ауданның шаруашылық құрылымдарының 12 304 га егістік алқаптары енгізілген.
Қадырбек Кәкімұлы