ТОП

Бұрын ешбір жерде кездеспеген тұсаулы түйелер

Қызырбек Дүргінбайұлы

Дәуірлер дерегін жеткізген тас бетіндегі таңбалы тарихтың сыры тереңде. Қазақ даласының қойнауындағы тасқа таңбаланған аңдар мен жазулардың тарихы зерттеліп, зерделеніп келеді. Осындай көне тарихтың дерегі бар тағы бір тақта тасты Көкпекті ауданының аумағынан көріп қайттық.

Көкпекті ауданындағы ескерткіштер тізіміне кірген бұл таңбалы тастың өзіндік ерекшелігі бар. Осыған дейін табылған таңбалы тастардан аңдар, қанаттылар, жазулар, жылқылардың суреттері табылған болса, бұл таста тұсаулы түйелердің суреті бар екен.

– Қазақ даласындағы осындай тастағы таңбалардың салыну тарихы мен мерзімі әртүрлі. Сондықтан бұл тастағы таңбалардың нақты қай дәуірге жататынын дөп басып ешкім айта алмас. Бұл тастағы таңбалардың ерекшелігі – аттар мен ешкілердің қасында тұсаулы тұрған түйелердің салынғандығында. Тұсаулы түйе осыған дейін ешбір жерде кездеспеген. Соған қарағанда, адамзат түйені қолға үйреткен кезеңде салынған болса керек. Ал таңбаның салынуы да ерекше. Қолмен ұстап көрсең, жып-жылмағай. Ұрып салған ба, қырып салған ба, әлде қандай бір дүниемен жазып салған ба, ол жағын анықтау қиын. Біз бұл таңбалы тасты Әбдеш Төлеубаев бастаған археолог ғалымдарға көрсетіп, ескерткіштер тізіміне енгіздік, – дейді өлкетанушы Қайрат Мәліқаждаров.

Өзеннің сағасындағы жартаста салынған суреттер қанша ғасыр өтсе де, қалпын бұзбапты. Өлкетанушы ағамыздың айтуынша, жалпы Көкпекті ауданы бойынша 1600 тақта таста  23 мың сурет салыныпты. Ал біз көрген тақта тастың өзінде 119 сурет бар екен. Одан арқар, ит, ешкі, қасқыр, жылқы, түйе қатарлы суреттерді көріп, көне тарихтың сүрлеуін шолып қайттық.

 

Осы айдарда

Back to top button