Қоғам

Бұрын анықтама үш күннен соң берілетін

Ержан Әбіш

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қағазбастылықтан арылу қажеттігін айтқан еді. Құжат айналымы мен іс жүргізуді цифрландыра берген жөн. Қазір ел тұрғындары өз атындағы жер учаскелері туралы мәліметтерді egov.kz электрондық порталынан ала алатын болды.

Бұрын бұл мәліметтерді алу үшін ХҚО арқылы өтінім беріп, үш күн күту керек болатын. Енді азаматтар жер кадастрынан ақпаратты үйден шықпай-ақ ала алады, ал жердің жоқтығы туралы мәлімет бірден ұсынылады. Иелері барлық тіркелген жерлер бойынша толық ақпаратты 15 минут ішінде анықтама түрінде алады.

– Қызметті алу үшін порталда авторизациядан өтіп, «Жылжымайтын мүлік» бөлімінде «Мемлекеттік жер кадастрынан мәліметтер беру» қызметін таңдап, тапсырыс беру қажет. Содан кейін қызмет алушыға жеке сәйкестендіру нөмірі немесе бизнес сәйкестендіру нөмірі көрсетіледі, кейін «Жердің бар-жоғына сұрау жіберу» батырмасын басу қажет. Тіркелген жерлер болмаса мәртебе бірден көрсетіледі және «Анықтама алу» батырмасы пайда болады, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Дмитрий Галанин.

Нәтижесінде қызмет алушы жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тіркелген мекенжайы, ауданы, нысаналы мақсаты туралы деректері бар мәлімет алады, кейін анықтама алу үшін жеке кабинетке өтеді.

Бұған қоса, «Азаматтарға арналған үкімет» жерге орналастыру жобасын әзірлеу, жер учаскелерінің шекараларын белгілеу, ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын айқындау, жер кадастры мәліметтерін ұсыну сияқты коммерциялық қызметтерді де көрсетеді.

Жыл басынан филиал жер учаскесіне 13 мыңнан астам акт, жер учаскесі кадастрлық құнының 1600-ге жуық анықтамасын, жер кадастрынан 7 мыңнан астам мәлімет, жер учаскесінің сапалық жағдайы туралы 575 мәлімет берген.

Осы айдарда

Back to top button