Өткен ғасырдың 60-шы жылдары еліміздің Шығысында Бұқтырма гидроэлектр станциясы салынып, әлемдегі ең үлкен жасанды су қоймаларының бірі – Бұқтырма пайда болды. Станция асау Ертістің алапат қуатын электр энергиясына айналдырып, өңірдің бірқатар өндіріс орындарына тың серпін берді. Бірақ, өзен бөгеліп, су қоймасы жасалған кезде 300 мың шаршы метрден астам алқап су астында қалды…
Солдаттардың күшімен салынған станция
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кенді Алтай өңіріндегі ірілі-ұсақты зауыттардың күш-қуаты арта түсті. Негізінен металл өндіретін цехтарға орасан мол мөлшерде электр қуаты қажет еді. Алғашында Ертістің бойына Өскемен ГЭС-і салынған болатын. Бірақ оның қуаты жеткіліксіз болды. 1952 жылы Мәскеу Қазақстанның шығысында, Ертіс өзенінің бойында қуатты су электр станциясын салу туралы қаулы шығарып, сол жылы-ақ жобалаушы мамандар іске кірісіп кетті. Үлкен өзенде бөген тұрғызу, сондай-ақ станцияның өзін салу қыруар қаржыны ғана емес, сонымен бірге инженерлік шеберлікті талап ететін.
Станция жылына 2,6 миллиард киловатт қуат беруге тиіс еді. Осы құрылысты жүргізу үшін Өскеменнен қазіргі Алтай қаласына 186 шақырымдық темір жол төселді. Солдаттардың күшімен салынған ол жол 1953 жылы аяқталып бітті. Оның бойына Серебрянск бекеті салынып, кейін ол шағын шаһарға айналды. 1958 жылдың өзінде-ақ Серебрянск кентінде 18 мың адам тұрған, төрт жылдан кейін оған ресми түрде қала дәрежесі берілді.
Құрылыс жұмыстары жеті жылға созылды. Жалпы, осы нысанды салу кезінде әлемде тұңғыш рет қалқымалы көпір әдісі және бетонның жаңа түрі қолданылды. Бір қызығы, 2002 жылы ГЭС бетонын екі бөлек зертхана жан-жақты тексерген болатын, олардың екеуі де бетонның тығыздығы кемімей, керісінше жылдар өте арта түскенін растапты. Осы ретте бөген салуда кездескен түрлі қиыңдықтар жөнінде атап өтпеске болмайды.
Мәселен, өзен бірнеше рет дамбаларды шайып кеткен. Ол ол ма, судың асау күші зілдей-зілдей экскаваторлар мен тракторларды да допша домалатып, ағызып кеткен жағдайлар да бірнеше рет болыпты. Әлбетте, адам шығынына да жол берілген екен. Бұл орайда жобалаушылардың жіберген өрескел қателіктерін де мойындау қажет.
Құрылысты өзінің бекітілген кестесінен бір күнге де кешіктіруге болмайтын, стратегиялық маңызы зор нысан дер уақытында іске кірісуге тиіс-тін. Сол себепті қыстың қақаған аязында да, жаздың шіліңгір ыстығында да өзен бөгеу, станса салу ісі еш іркілген емес.
Сол замандағы адамдардың жанқиярлық еңбегі мен билік органдары тарапынан жүргізілген қатаң қадағалаудың арқасында станция құрылысы өз уақытында тәмамдалып, іске қосылғанын айта кеткен жөн.
Сонымен, 1960 жылы станция алғашқы электр қуатын берді. Станциямен бірге көлемі жағынан әлем картасында ТӨРТІНШІ орын алатын жасанды су қоймасы пайда болды. Халық арасында теңіз аталатын осы су қоймасының ұзындығы – 500, ал ені – 35 шақырым, жалпы ауданы – 6 мың шаршы шақырым.
Инюшин бетонының құпиясы неде?
Бұқтырма су бөгенінің ең басты сыры неде дейсіз ғой? Ғалымдар бөгендегі бетонның беріктігіне әлі күнге шекті таңдай қағып келеді. Айталық, 2002 жылы бір топ зерттеуші тоғанның 60 нүктесінен бетон сынамаларын алып, екі тәуелсіз зертханаға сарапатама жасатуға жібереді. Қос зертхана мамандарының мәлімдемесі де бір жерден шыққан. Бетон сынамаларының беріктігі 60-шы жылдардағы қолданысқа берілген кездегі көрсеткіштен әлдеқайда жоғары боп шығыпты.
Бүгінде теңдессіз технология деп мойындалатын «қатты бетонның» авторы Михаил Инюшин болатын. Бұл бетон суда неғұрлым көп тұрған сайын қатая түсетін қасиетке ие. Су бөгенінің құрылысына басшылық жасаған жаңашыл ғалым оған дейін қолданылып келген «жұмсақ бетоннан» бас тартады. Себебі, Алтайдың 50 градустық аязында аталмыш бетондар шыдас бермей, бір жылдың ішінде шытынап шыға келетінін жақсы түсінген болатын. Ол сондай-ақ бұл құрылысқа алғашқы рет қалқымалы көпірді ойлап тауып, қолданды. Қалқыма көпірдің ұтымдылығын көрген өзге құрылысшылар да бұл әдісті іліп әкеткен, алайда қатты бетонға деген күмән ғалымның көзі жұмылғанша сейілмепті. Инюшиннің ұлы, елімізге еңбегі сіңген өнертапқыш Виктор Инюшин сол кезді былай деп еске алады:
– Ол кезде жоғарыдан келген нұсқауға бағынбау деген қызметтік мансабыңа балта шабумен бірдей болатын. Бірақ мәселенің екінші жағында тұтас бір өңірдің тағдыры тұрды. Құдай оның бетін ары қылсын, әрине, бірақ алып бөген ағытылатын болса, жиналып тұрған судың төмендегі талай елдімекенді жермен жексен етері анық. Ондай тәуекелге бармас үшін тың технология ойлап табу керек болды. Осылайша, «қатты бетон» технологиясы Өскеменде бірінші рет құрылысқа пайдаланылды. Қазір әдемдегі осы тәріздес құрылыстың ешбірі де Инюшиннің қатты бетонынсыз салынбайды, – дейді білікті ғалым.
Сақтардың ыдыстарына ботқа пісірген
Бұл жайында көпшілік біле бермес. Бірақ Бұқтырма су қоймасы салынған соң Зайсан көлінің деңгейі 6 метрге көтеріліп, көл көлемі үш есеге ұлғайған болатын. Осылайша, көл су қоймасының бір бөлігіне айналды.
Жалпы, су астында қалған аумақтың жалпы ауданы – 332 мың гектар. Су басқан жерлерден, яғни 94 ірілі-ұсақты ауыл мен Усть-Бухтарминск кентінен жиыны 27 мыңнан астам адам көшірілді. Жасанды теңіздің астында 50 колхоздың телімі, 11 гектар орман, бірнеше кәсіпорын, бес мұнай базасы, алты су айлағы, 97 шақырым жол қалды.
Ең өкініштісі сол, Бұқтырма су қоймасының табанында ежелгі сақтарға тиесілі бірегей қорғандар да қалып қойды. Археолог ғалымдардың айтуынша, олар осы өлкеде өте көп шоғырланған-ды. Су астында қалған Усть-Бухтарминск кентінің тарихын жазған Александр Лухтанов Алтайға ішкі Ресейден қоныстанған алғашқы келімсектер көне қорғандарды көптеп аршығанын жазады. Орыс шаруалары оларды «бугор» деп атап, ішінде түрлі алтын-күмістен, бағалы тастардан заттардың барын біліп әдейі қазған. Солардан бүгінгі күнге дейін жеткені – таза күмістен құйылған маралдың мүсіні, ол қазір Петербордың мұражайында сақтаулы. Ал өзге бағалы жәдігерлер көбінесе алтын кесекке құйылып, сатылып отырған көрінеді. Ал қоладан жасалған көне сақтардың астауларын қоныстанушылар бертінге дейін ботқа пісіруге қолданып кепті.
Неге «Көк теңіз» деп атайды?
Қазіргі кезде жұртшылық Бұқтырманың жағасын керемет демалыс аумағы деп біледі. Алғашқы аңшылар үйлері станция іске кіріскен жылдан салына бастапты. Су жағасына негізінен өскемендіктер келіп демалатын. Біртіндеп аумақта демалыс базалары бой көтереді.
70-ші жылдары Өскеменнің алпауыт өндіріс орындары өз жұмысшыларына арнап осы бір табиғаты ерекше әрі қалаға алыс емес аумақта демалыс үйлерін жарыса тұрғыза бастайды. Еңбеккерлер өз демалысында осы маңайға кеп, суға түсіп, балық аулап, қаланың тіршілігінен бір сәтке демалып, күш жинап қайтатын.
Көлемі жағынан әлемде төртінші орын алатын су қоймасына келетін туристердің саны жыл санап артып келеді. Оған тек елімізден ғана емес, шет мемлекеттерден келетін демалушылар да көп. Бұқтырма несімен ерекше? Онда демалған адамдар су қоймасын «Көк теңіз» деп атап кеткен. Атаса, атағандай-ақ, көгілдір суы алыстан көзге түседі.
Жағажай – демалыс пен балық аулауды жақсы көретін жандар үшін таптырмас орын. Себебі мұнда шортан, көксерке, мөңке балық, нәлім, бақтақ, ақтабан, сазан бар.
Су қоймасы тартылып бара ма?
Бұқтырма су қоймасы тартылып бара ма? Қарағайлы орманның қойнауындағы су көзінің жағдайы көпшілікті алаңдатары рас.
Иә, былтырлары су жағажайдан 50-60 метрге қашықтап кеткен болатын. Бұқтырманың жағалауы демалыс базасына лық толы. Мыңдаған туристің сүйікті орны. Қала берді Күршім мен Марқакөл аудандарын облыс орталығымен байланыстырып тұрған қатынас көзі. Паромдар осы су арқылы ары-бері кісі тасиды. Сондықтан судың төмендеуі ең алдымен аталған көліктерге ауыр тиген. Кеменің тұмсығы желді күні ұсақ аралдарға тіреле берген соң паром тоқтайтын орынды да өзгертуге тура келген.
Алайда «Бұқтырмадағы судың азаюы – заңды құбылыс» дейді мамандар. Көпшілік топшылап жүргендей бұған көрші елдің де, Күршім көпірі құрылысының да еш қатысы жоқ. Осы жердегі гидролог Контсантин Кортошов қоймадағы әр өзгерісті қалт жібермейді. Арнайы құралдармен су деңгейін күніне екі рет өлшейді. Тартылу себебін байыппен түсіндірді. Сөзінің жаны бардай. Айтуынша, циклдық жағдай. Қорқатын дәнеңе жоқ.
– Бұл – белгілі бір мерзімде қайталанып тұратын құбылыс. Мәселен, 2003 жылы су өте көп болды, он жылдан соң күрт азайды, 2016 жылы қайта толып кетті. Былтыр тағы алыстап кетті жағадан. Биыл толып келеді. Сондықтан тек күту керек. Үркетін түк жоқ, – дейді гидролог Константин Карташев.
Қарт гидрологтың пайымынша, бұл соңғы жылдағы құрғақшылық салдары. Қыста қар көп жауғанмен, жер сусыраған. Гидрологтың сөзін осындағы демалыс базаларының өкілдері де растады.
– Ондай жағдай осы туристік маусымға қатты бір кері әсер етпейді. Жылда қайталанады ғой. Маусымның ортасына қарай қайта тола бастайды. Кейде жағажайды басып қалып әбігерге салса, кейде осылай қашықтап кетіп әуреге түсеміз, – дейді демалыс базасының иесі Секен Әділбеков.
Қуантарлығы сол, биыл жауын-шашынның молдығынан болар қоймадағы су толып бара жатыр. Ол да байқалады. Әйтуір, су қоймасының біресе толып, біресе тартылуы өндіріліп жатқан электр энергиясына да, сол маңдағы флора мен фаунаға да, туризмнің дамуына да теріс әсер етіп жатқан жоқ. Мамандар да солай деп отыр. Қойма мүмкін келер жылы, мүмкін бес не он жылдан соң қайта орнына келеді деп сендірді. Тек күту керек, өйткені әзірге табиғат құбылысына тікелей әсер ететін дәрмен жоқ.
Демалушылар саны жарты миллионға тақады
Кеңестік кезден бері өңір тұрғындарының сүйікті демалыс аймағы саналатын Бұқтырма жағалауының туристік әлеуеті зор. Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен жылы ауданның демалыс аймақтарына 300 мыңнан астам адам демалуға келіпті.
Бұқтырма жағасындағы 61 демалыс базасынан өткен жылы аудан бюджетіне 20 миллион теңгеге жуық салық түскен.
Өткен жылы Жаңа Бұқтырма кентінде және Бұқтырма жағалауында туризмді дамыту жоспары іске аса бастады. Былтырдан бері Жаңа Бұқтырманың орталығы абаттандырылуда, оған облыстық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінген. Кенттің орталық бөлігіндегі жылу, су құбырлары ауыстырылып, саябақ, майдангерлер ескерткішінің, спорт мектебінің аумағы абаттандырылып жатыр.
Туристердің көптеп келуі үшін ұялы байланыс пен интернеттің болуы да аса маңызды. Бұл ретте де жұмыстар атқарылуда. Айталық, былтыр Новокрестьянка мен Кремнюха ауылдары, осы жылы Крестовка ауылы интернетке қосылды, «Казцинк» ЖШС қолдауымен Малеевка ауылында жақын арада байланысы орнатылады. Алдағы уақытта Бородино ауылында антенна салынады.