Бұқтырма жағалауына басымдық беріліп отыр
Шығыстың туристік әлеуеті жоғары. Ауылдық, этникалық, қысқы, шипажайлық туризм түрлері қарқынды дамуда. Айталық, Катонқарағай ауданында 18 отбасы «Еңбек», «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламалары аясында грант алып, қонақ үйлер салған.
Саланы одан әрі дамыту мәселесі аймақ басшысы Даниал Ахметов өткізген әкімдік отырысында талқыланды.
– Соңғы жылдары Алакөл жағалауын дамытуға мол қаржы салдық. Қазіргі басымдық – Бұқтырма су қоймасы, әсіресе Самар ауданы жағынан. Мен осы туристік аймақтың бас жоспарын әзірлеуді тапсырдым, құрылыстың бейберекет жүруіне жол бермейміз. Жағалау Алтай ауданы жағынан да дамиды, демалыс базалары көп ол аумаққа асфальт жол салынып жатыр. Жаңа Бұқтырма кентін концерттік алаңдары, сауда-ойын павильондары, демалушыларға қажет басқа да инфрақұрылымы бар туристік орталыққа айналдырамыз, – деді облыс әкімі.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін ақпараттық ілгерілету жұмысы жақсы жүруде. Сондай-ақ көлеңкелі бизнес анықталып, кәсіпкерлермен түсіндіру жұмысы қолға алынады.
Ержан Кеңесұлы