Қоғам

БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Бұл күндері Күршім ауданында тұрғындардың бұқаралық спортпен тұрақты жаттығуы үшін 200 спорт ғимараты бөлінген. Оның ішінде 35 спорт залы, 12 хоккей қорапшасы, екі стадион, екі ипподром және 144 жердегі жазық спорттық құрылғылар ел игілігіне қызмет көрсетуде.

– Аудандағы спорт саласындағы жұмыстарды ұйымдастырып отыратын мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің қызметкерлері өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды. 12 ауылдық округтегі спорт және жастармен жұмыс жөніндегі нұсқаушылары да бізбен тығыз қарым-қатынаста, жоспар бойынша іс-әрекет жасайды, – дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сымбат Дүйсенғазин.

Сымбат жеті жыл осы бөлімде маман, бір жарым жыл бөлім басшысының орынбасары қызметін атқарыпты. Мол тәжірибе жинаған іскер жасты бұдан екі ай бұрын бөлім басшысы қызметіне тағайындапты.

Соңғы жылдары аудан спортшылары облыстық жарыстарда тамаша нәтиже көрсете бастаған. Оған мысалдар жеткілікті. Биылғы қыста Өскеменде шаңғыдан өткен облыс біріншілігінде Төсқайың ауылының оқушылары Максим Айтқазин мен Дана Нұрашбаева бірінші, Мирас Айтқазин үшінші орынды иеленді. Алматыда бокстан өткен жасөспірімдер арасындағы республикалық жарыста Мәнап Шырын чемпион атанды. Қол күресінен өткен облыс біріншілігінде Айқын Ахметбеков, Айдын Нұрдәулетов, Асылбек Беков жеңіс тұғырына көтерілді. Күршімнің волейболшылары бұрындары да дүбірлі жарыстарда атой салатын. Сол дәстүрден жаңылмай өткен жылдың сәуірінде Азамат Жақыповты еске алуға арналған турнирде волейболшы қыздар чемпион атанды. Айта берсек мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Тағы да бұқаралық спортқа оралсақ. Өткен жылы ауданда 85 спорттық іс-шара өткізіліпті. Оған шамамен 12300 адам қатысқан. Бүгінгі таңда аудан бойынша бұқаралық спортпен 7385 адам шұғылданады екен. Бұл аудан тұрғындарының 32 пайызын құрайды. Күршімде – 10, Құйғанда – 2, Сарыөлеңде – 2, Балықшыда – 2, Маралдыда – 2, Абайда – 3, Қалғұтыда – 1, Ақбұлақта – 1, Боранда – 3, Қалжырда – 3, Марқакөл ауылдарында 6 спорт залы жастардың жиі бас қосатын жеріне айналған. Аудан әкімі Дулат Қажановтың тапсырмасы бойынша тұрғындардың спортпен жүйелі түрде жаттығуы үшін кешкілік және демалыс күндері спорт ғимараттары тегін беріледі.

Үстіміздегі жылы да ауданда бірнеше спорттық іс-шара өткізіліпті. Атап айтқанда, биылғы ақпан айында 40 және 50 жастан асқандар арасындағы жарыста Әділбек Баймұханбетов пен Нұржан Нұрсадықов чемпион атанса, Амангелді Қабылқайырұлы мен Құрманбек Мұқажанов жүлделі орындарды бөлісті. Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына орай аудан мекемелері арасында волейболдан жарыс өтіп, спорт бөлімінің басшысы С.Дүйсенғазин, ауған соғысының ардагерлері Қ.Қизатаев, О.Мұхаметқалиев спортшыларға сәттілік тіледі. Тартысты өткен жарыста аудан әкімшілігі, Күршім орта мектебі және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жүлделі орындарды бөлісті.

Ақпан айында волейболдан спорт ардагері Наталья Бобылеваның 70 жасқа толуына орай волейбол турнирі өтіп, оған 12 команда қатысты. Волейбол спортының ауданда өркендеуіне ерекше үлес қосқан Наталья Евгеньевна жүлдегерлерді құттықтады. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында қол күресінен облыс орталығында өткен облыс біріншілігенде Әлішер Жанысқанов, Қуаныш Мәди, Елжас Нұрбеков, Құмарғазы Алдияр, тағы басқалар жүлдегер атанды.

Оңдасын Елубай, Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button