Ұлан ауданының орталық ауруханасы алыстағы Таврия ауылында. Ал аудан орталығы Қасым Қайсенов кентінде – небары сегіз дәрігерлік емхана. Оның өзі жатақхананың бір «қуысында». Дәлірек айтсақ, бірінші подъезінің екінші және үшінші қабатында орналасқан. Төменде қазынашылық басқармасы болса, үстіңгі қабаттарда кент тұрғындары тұрып жатыр. Бейне бір, ақын Жұматай Жақыпбаевтың «Бұл үйдің үсті де дом, асты да дом, Ортасы үңірейген гастроном» деп әзіл өлеңінде айтып кеткеніндей дерсіз.
Жеке бастың ғана мәселесі емес
Міне, екінші қабаттан басталатын сол емхананың алдына Нұрболат Абзалханов келіп тұр. Бұл жолы да жалғыз емес. Қасында інісі бар. Ол мүмкіндігі шектеулілерге арналған арбамен жазық жерде өзі-ақ жүргенімен, баспалдақпен жоғары шыға алмайды.
– Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде екі жылда бір медицина комиссиясының қарауынан өтуім керек. Бірақ ол шаруа бүгінге дейін жанды қинамай біткен емес. Емханада арбаға арналған пандус болмаған соң, ылғи інімді ертіп келіп жүремін. Ол жоғарыға жүгіріп шығып, менің орныма кезек күтеді. Бұл сәтте мен далада тосамын. Себебі емхана дәлізінің ені бір метр ғана, ішінде арбамен ары-бері қозғалу, біріншіден, қиын; екіншіден, адам лықа толы болатындықтан ондағы ыстық пен қысымды денсаулығым көтермейді. Бәрінен де қыстың көзі қырауда, ақпан айында сыртта тұрып тоңғаным жаныма қатты батқан еді. Сол жолы бір сағаттан аса кезек күтіп, кіре алмай қайтып кеткенбіз інім екеуіміз. Сол кезде мәселені ашық айтуды құп көрдім, – дейді Нұрболат Абзалханов.
Нұрболат Абзалханов наурызға дейін өзінің учаскелік дәрігері кім екенін біле алмай келгенін айтады.
– Не біз кіре алмаймыз. Не өзі хәлімізді сұрап келмейді. Әйтеуір телефонмен тілдесеміз. Қаралатын кезде қолыңа бір жапырақ қағаз ұстатып, Таврияға қоя береді. Ал ол жаққа мәшине іздеп әбден тозасың. Кейде жедел жәрдем көлігімен барасың. Бірақ ол тоспайды. Қайтарда бәрібір мәшине таппай әуре боласың, – дейді.
Ресми ақпарат бойынша, аудандағы мүмкіндігі шектеулілер саны – 1 363. Оның ішінде бірінші топта – 141, екінші топта – 733, үшінші топта – 403 адам, мүгедек балалар саны – 86.
Нұрболат Абзалханов ауданда инватакси қызметі іске қосылғанын қалайды.
– Алатын жәрдемақымыз 60 мың теңге. Онымен бала-шағамызды асыраймыз ба, әлде емделу үшін Таврия мен қалаға әр күн сайын такси жалдаймыз ба? – деп Нұрболат Абзалханов емхана жайын Фейсбук желісінде ашына жазды.
– Бұл жеке басымның ғана мәселесі емес. Ұлан ауданының орталығында үлкен аурухана жоқ деген естір құлаққа ерсі. Халық емін-еркін кіріп-шығып, ешқайда сабылмайтындай, барлық маманы бар, тексеруді түгел жүргізіп беретін ауруханамыз болғанын қалаймын, – деді ол.
Жол азабы
Біз дәрігер есігінде тізілген бірнеше тұрғынмен де тілдесіп, арыз-арманын тыңдадық.
– Қандай мәселе бар дейсіз бе? Көріп тұрсыз ғой емхана іші қандай тар екенін. Кісілер иін тіресіп тұр. Санитарлық нормаға сай келмейді. Сіз білесіз бе, мұнда жеті мың халық тұрады. Оған қоса маңайдағы ауылдардан қаншама кісі келеді, – дейді Бақытгүл Смағұлова.
– Дәліздің ені, міне, бір-ақ метр. Ал адамдар індет жағдайында екі метр аралық сақтауы керек. Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Қарама-қарсы есіктерге екі адам кезекте тұрсақ, ортамыздан сығылысып басқа пациенттер өтіп жатады, – дейді Сайрангүл Асипова мән-жайды түсіндіріп.
Тұрғындар Тавриядағы орталық ауруханаға шарасыздықтан баратынын айтады. Әйтпесе…
– Біз жалпы Тавриядағы ауруханаға бармаймыз. Дәрігерден жолдаманы қалаға беруін сұраймыз. Таврияға көлік тауып немесе таксиге шығынданғанша, оған уақыт жоғалтқанша, қалада ақылы негізде емделе салғанымыз бес есе артық. Ал кейде еріксіз бару керек болады. Мысалы, маммография өту керек, – дейді Бақытгүл Смағұлова.
– Иә, көлік табу деген – үлкен бір жұмыс, – дейді Сайрангүл Асипова.
Фейсбуктен кейінгі қозғалыс
Аудан әкімдігі мәселені біліп отыр. Олардың біліп отырғанынан аудан халқы да хабардар.
– Бізге жылда жаңа аурухана салып береміз деп уәде береді. Бірақ уәде айтылған жерінде қалады. Неге орындалмайды, білесіз бе? Себебі аудан әкімдері ауыса береді. Біріншісі сөз берген соң, ауысатын мерзімі келіп қалады. Екіншісінде тағы солай. Сөйтіп қала береді. Әнеукүні барып білгенмін, «ақша бөлінбей жатыр», «жер бөлінбей жатыр» дейді. Бізге енді Президентке хат жазу ғана қалды. Әйтпесе, біздің кентке ақша берілмей жатыр екен. Соны жеткізуіміз керек. Әкімдіктегілер аурухана салу жоспарда тұрғанын айтады. Қазір барып сұраңызшы, «жоспарда тұр», «қарастырып жатырмыз» дейді. Ол енді қашан іске асады? Бізге сол керек қой, – дейді Бақытгүл Смағұлова.
Біз аудан басшылығына осы мәселе бойынша сұрақ жіберіп, жауап алдық.
– Қасым Қайсенов кентінде поликлиника салу жоспарланған. Ол үшін жер учаскесі бөлінген. Поликлиниканың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ағымдағы жылы мемлекеттік экспертизаға жолданатын болады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ләзиза Кенжетаева.
Оның жазбаша жауабы бойынша, ауданда инватакси қызметіне мұқтаж алты адам бар.
– Гемодиализде отырған, инватаксиді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі алты адам бар. Олар ауданның әртүрлі елді мекенінде тұрады. Инвотакси қызметін жүргізу үшін қаражат бөлу жолдары қарастырылып жатыр, – дейді әкімнің орынбасары.
Ал емхана жатақхана ішінде болғандықтан пандус салу мүмкін емес.
– Жоғары қабаттарға шыға алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандар үйге дәрігер шақыра алады, – дейді Ләзиза Кенжетаева.
Мүмкіндігі шектеулі азамат Нұрболат Абзалхановтың Фейсбуктегі жазбасынан кейін үйіне аудан әкімі барған.
– Ренат Құрмамбаев келді. Шешем екеуіміз әпкемнің жаздық сарайында тұрып жатырмыз. Ішін жылылап, қыстап шығуға болатындай жөндеп алғанбыз. Осы жағдайымды көрді. баспана табуға көмектесемін деді. Шынымен шешіп бере алса, Семейдегі отбасымды көшіріп алар едім. Ол жақта да пәтердің жалақысын төлеп тұру оңай болып жатқан жоқ. Екі жақта жүріп әбден қиналып кеттік. Мына үйге дәл қазір алып келейін деймін, алайда сыймаймыз. Айтпақшы, бізге жылына бір мәрте ақшалай немесе отындай көмек беріліп тұруы керек екен. Оны бұған дейін ешкім бізге айтпай келген. Сол жолы, әкім келгенде, аяқ астынан естіп қалдым. Биыл бірінші рет материалдық көмек алдым. Бірінші рет медкомиссия жұмысы да тез бітті. Дәрігерлерді үйіме жіберіп, құжаттарымды реттеп берді. Фейсбукке жазбасам, осының бәрі реттелер ме еді? Енді аурухана жайы да шешілгенін қалаймын. Ол – аудан тұрғындарының нөмір бірінші проблемасы, – дейді Нұрболат Абзалханов.
Орталық аурухана орналасқан Таврия ауылы – Ұлан ауданының бір шетінде. Екінші шетінде Жоғарғы Тайынты, Алғабас, Ұлан, Тарғын, Манат, Ізғұтты Айтықов, Бозанбай сынды елді мекендер көп. Ол жақтың халқы Таврияға Өскеменді басып өтеді. Өскеменге дейін бірі 60, екіншісі 80, үшіншісі 100-ден артық шақырымды жүріп өтуі керек. Ары қарай Таврияға дейін тағы 40 шақырымнан артық жол бар.
– Орталық аурухананың алыстығы, Қасым Қайсеновтегі емхананың қолайсыздығы және осы секілді тағы басқа мәселелер аудан орталығында поликлиника салынғаннан кейін шешіледі, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ләзиза Кенжетаева.
Тасқын Болатұлы
Суреттерді түсірген: Тілеубек Шаяхмет