Бұл түпкілікті өзгеріс көші болмақ
Нелли Краснобаева,
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті “Алтайтану” ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері:
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясы жаңа форматта өтті. Алдын ала секциялық отырыстар ұйымдастырылып, онда Ассамблея қызметінің жаңа жағдайдағы өзекті мәселелері талқыланды.
Ассамблеяның осы жылдар ішінде елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтауға елеулі үлес қосқаны, жаңа саяси реформалар кезеңіндегі оның мәртебесі мен міндеттерін айқындау қажеттігі атап өтілді.
Президент үш басымдықты іске асыру қажеттігін көрсетті, бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқаруға тиіс.
Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асырудағы Ассамблея рөлін күшейту. Ақпараттық жұмысты күшейту және Ассамблеяның қоғамдағы әлеуетін арттыру екінші басымдық ретінде аталды. Үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін күшейту. Осы бағытта Ассамблея медиацияға негізделген кәсіби келіссөз жүргізушілердің бірегей институтын қалыптастыруға кірісті.
Этносаралық қатынастарды салмақты ғылыми бағалау өте өзекті деп санаймын. Бұл саладағы қателіктер ауыр зардаптарға әкелуі ықтимал. Сондықтан этносаралық қарым-қатынас бойынша мамандар тобын қалыптастыру, Достық үйлерінің қолдауымен өңірлерде «этносаясат» мамандығы бойынша оқытуды ұйымдастыру қажет.
Ақпараттық салада жұмыс істеп, арандатушылыққа жол бермеу керек. Бұл үшін журналистердің, БАҚ өкілдерінің азаматтық ұстанымы және олардың сапалы білімі маңызды.
Жалпы, Ассамблея алдына көптеген міндеттер қойылғанын атап өтуге болады, «Бейбітшілік пен тұтастық – басты құндылығымыз, онсыз болашақ жоқ екенін бәрі есте ұстауы керек» деді Президент.
Равиль Юнусов, облыстық «Ассамблея жастары ұйымының төрағасы:
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясының басқа осыған дейін өткен сессиялардан басты айырмашылығы сол, мұнда түрлі пікірталас алаңдары ұйымдастырылды. Әсіресе жастар тарапы бұл бастаманы ерекше бағалап, қызу қолдады. Біздің айтқан ұсыныс-тілектеріміз ескерусіз қалмайды деп сенемін. Біздер алдымызға қысқамерзімді және ұзақмерзімді мақсаттар қойдық. Бұл мақсаттар жастардың, этномәдени бірлестіктердің барлық өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі өткір мәселелер туралы және оларды шешу қажеттігі туралы ашық айтты, бұл әлбетте баршамызды қуантып отыр. Ал мәселелерді шешу үшін әр адам ортақ іске өз үлесін қосуы тиіс. Мұны да Мемлекет басшысы ерекше ескертіп өтті. «Алдымызда тұрған ауқымды міндеттерді ешқандай құрылым жалғыз өзі атқара алмайды» деді Президент. Ендеше, Отанымыздың тыныштығы мен өсіп-өркендеуі жолында бәріміз біркісідей аянбай еңбек етуіміз керек.
Орал Шәріпбаев, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Шығыс өңіріндегі вице-президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
– Мен еліміздің Ассамблеясымен 27 жылдан бері етене жұмыс істеп келемін. Бұл жолғы Ассамблея жиынының тарихи маңызы өте жоғары болды деп санаймын. Онда айтылғандар көңілімнен шыққанын жасырмаймын. Себебі осы жиын ел бірлігі, Қазақстандағы ұлттардың бірлігі, мына жаңадан құрылып жатқан Қазақстанның бірлігі екенін дәлелдеп берді. Бұл тарихи бірлік. Ең бастысы, біз Отанды, тәуелсіздікті сақтауымыз керек. Отанды сүю отбасынан басталады. Одан соң елді, тыныштықты, ынтымақты сақтауымыз керек. Біз шығысқазақстандықтар қашаннан достықты сақтаған елміз. Рухани жаңғыру секілді, Қазақстанның да жаңғыратын уақыты келді деп есептеймін.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кез келген реформасы – саяси, экономикалық, рухани реформасы бәрі де жаңғыруы тиіс. Ең бастысы, жастардың осы Ассамблея қызметіне көптеп араласуы, Қазақстанның дамуына бастайтын күш. Қазақстан достықтың, бірліктің Қазақстаны болуы керек.
Сонымен қатар Президент Ассамблея сессиясында Ата Заңымызға өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс айтты. Бұл түпкілікті өзгеріс көші болмақ. Сондықтан сөзімді қорытындылай келе, қазақ дейтін мәңгілік елдің тыныштығын, берекесі мен бірлігін сақтау жолында Мемлекет басшысымен әрқашан бірге екендігімізді, ел бірлігі үшін күш салатындығымызды айтқым келеді.
Әскерхан Ақтай, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
– Мен астанамызда осы жолы Президенттің төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеяның XXXI сессиясына қатыстым. Ассамблеяның бұл жолғы жиыны «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» күн тәртібімен өтті.
Екі күн бойы Жаңа Қазақстанды құру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту, жастарды отаншылдыққа баулу қатарлы өзекті мәселелер талқыланды.
Кешегі алқалы жиында «Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше бастама көтерді. Бұл өте орынды, халық қолдайтын бастама деп ойлаймын.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір айдан кейін Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтетінін айтты. Құрылтай ел дамуының өзекті мәселелерін талқылау үшін қоғамды жұмылдыруға арналмақ. Құрылтай құрамына депутаттар, Ассамблея мүшелері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, барлық өңірдің, сондай-ақ Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-қауымдастықтардың және өндірістік саланың өкілдері кірмек. Жалпы, өз басым бұл жолғы сессиядан көптеген түйткілді сауалдарға жауап алып, қанаттанып қайттым.