Дидардың қонағы

-Бұл сыйлық ұзақ өмір сүруге мотивация береді

Жазушы, журналист Шархан Қазығұл:

Өнердің өрісі ортақ, арнасы бір. Әсіресе әдеби туынды қай қиырдан да оқырманын табады. Дәл осындай шығармасы өз оқырманын іздеп тапқан қаламгерлердің бірі – Шархан Қазығұл. Өткен жылғы Mecenat.kz жобасы ұйымдастырған әдеби байқаудың жеңімпазы, «Күлпет» романының авторы өскемендік оқырман қауыммен кездесіп, сырлы сұхбат құрып қайтты.

– Ел аралап, оқырман қауыммен кездесу бұрыннан ойда жүрген жоспарыңыз ба еді?

– Әрине, қолға қалам ұстаған адам әрдайым оқырман қауымға ойдағысын жеткізуді мақсат етіп жүреді. Сол мақсат Mecenat.kz жобасы жыл сайын ұйымдастыратын әдеби байқауда жеңімпаз атанғаннан кейін орындалып отыр. Аталған жоба аясында өңір-өңірді аралап, оқырман қауымның бүгінгі тыныс-тіршілігін, әдебиетке деген қызығушылыған пайымдап қайту мақсатында шыққанмын. Иығыма шапан жапқызып, алды-артыма шабарман салып, ыңыранып келіп, ыңыранып кету емес, кітапқұмар оқырманмен жүздесіп қайту үшін ғана жүрмін. Ең басты мақсат – жұртқа кітап оқуды насихаттау.

– Алғашқы кездесуіңізді Шығыстан бастап жатыр екенсіз?

– Иә, алғашқы кездесуімді кешегі Шығыс Қазақстан облысы, қазіргі Абай облысынан бастадым. Абай – біздің рухани бағдарымыз. Абай – біздің номері бірінші интеллектуалды тұлға. Кеңестік түсінікті санаға сіңіргендер ұлт зиялысы деп жүр, мен бұл ұғымды ұлт интеллектуалы деп айтқанды құп көремін. Айтпағым өзі басым Абайды рухани бағдар ететіндіктен алғашқы кездесуді Шығыстан бастауды жөн көрдім. Абайдан өзге де ұлттың интеллектуалды тұлғалары бар. Бірақ олардың көбі қазақы болмысын жоғалтып алып барып, әлемдік өркениетке ұмтылды. Ал Абай қазақы тамырынан үзілмеген, сол қазақы болмысы арқылы әлемдік гармонияға ұмтылған, соған жеткен адам. Сондықтан біз де бүгінгі таңда Абай жеткен гармонияға жетуге ұмтылуымыз керек. Осылай Абай еліне ат басын бұрып, одан кейін Алтайға келіп отырған жайым бар.

– Mecenat.kz жобасы ұйымдастырған әдеби байқау туралы айта кетсеңіз?

– Бұл жобадан жеңімпаз атану арқылы өзімнің жазушы екеніме сенгендей болдым. Бұл маған ғана емес, қазақ әдебиетіне үлкен пайда әкелген жоба болды. Ең әуелі «Mecenat.kz» ұйымдастырған әдеби конкурстың мақсаты  жеңімпаз анықтау ғана емес. Себебі нағыз шығарманы уақыт сүрлеуі, оқырман талғамы анықтайды. Бұл жердегі мәселе басқада. Қазақстанда роман жанрын дамыту, сол арқылы елден әлемдік деңгейдегі жазушыны шығару. Өткен жылғы байқау өз дегеніне жете білді. Өйткені жарты жылдың ішінде қазақ әдебиетінің қоржынына жетпіске жуық шығарма салды. Ал Тәуелсіздіктің отыз жылдығында Қазақстанда жүздің айналасында ғана роман жазылған екен. Егер бұл байқау дәстүрлі түрде жалғасып отыратын болса, байқауға түсетін шығармалардың саны да, сапасы да арта түсері анық. Осылай болған жағдайда байқауды ұйымдастырушылардың мақсаты орындалып, қазақ әдебиеті әлемдік әдебиеттің төріне ұмтылатын болады. Сондықтан   бұл байқаудың ғұмыры ұзақ болсын деп тілейік.

– Байқауды ұйымдастырушылар тағайындаған 500 доллор сыйақыны ай сайын алып отырсыз?

– Көптеген адамдар қандай шығарма жаздың деп емес, осы 500 доллар жайын сұрайды. Бұл сыйақы  шығарма жазуға емес, ұзақ өмір сүруге мотивация береде екен (күлді). Өйткені өмір бойына маған 500 доллар беріліп отырмақ. Сондықтан келесі байқауға қатысатындардың құлшынысы жоғары болары анық. Өткен жылғы байқауда 67 роман өзара бақ сынапты. Оны Қазақстанға белгілі жазушылар саралап, 21 романды халықтық дауыс беруге шығарыпты. Дауыс жинау нәтижесі бойынша менің шығармам екінші орын алыпты. Осыдан кейін әр берілген дауыстың әділдігін тексеру үшін екі романға дауыс берген адамдарға түгел телефон шалып, тексеріп шығыпты. Бұл – байқауды ұйымдастырушылардың әділдік жолында істеген әрекеті. Осылайша бірінші орын алып тұрған адамның 200 ғана дауысы өмірде бар адамдардан беріліпті де, қалғаны жалған болып шыққан. «Жыртық үйдің құдайы бар» дегендей нәтижесінде мен бірінші орын болып кетіп, сыйлық маған бұйырды. Кейін ел осы байқаудың жүлдесін сұрайтынды шығарғанда өкініп те қалғаным бар. Алайда бұл шығарманы насихаттауға осы жоба авторлары тікелей тірек болып отыр. Кітапты 5000 данамен шығарып берді. Енді осы облыстарды аралауыма да жоба авторлары атсалысып отыр. Қысқасы қазір «құдайдың еркесі» сияқты арлы-берлі шапқылап жүрмін.

«Жазушы болуды армандаған емеспін»

– Жеңіске жеткізген «Күлпет» атты романыңыздың жазылу барысына тоқтала кетсек?

Мені шыңдаған журналистика. Көп жылдар бойы осы салада қалам тербедім. Публицистика сөз ұстаханасы болса, содан шыңдалып шыққан қаламгермін. Ал жазушы болуды соншалықты армандаған емеспін. Алайда жылдар бойы санада жинақталған ой мен өмірден түйген дүниені шығармаға айналдыру мақсаты баяғыдан бар еді. Оны қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі ізбен емес, бүгінгі заман талабына, оқырмандардың сұранысына сай қысқа әрі өзгеше стильде жазсам деп жүретінмін. Сондықтан  «Публицистика-Көркем әдебиет-Философия» симбиозы арқылы халықаралық форматта жазып шықтым. Әрине, роман талаптарын барынша сақтауға тырыстым. Санада піскен шығарманың сәті түсіп, пандемия кезінде жазуды қолға алдым. Бір жағы пандемия кезінде уақыт өлтірмеу, екінші жағы қысқа ғұмырдың баянын жеткізу болатын. Қазақта «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» дейтін сөз бар. «Күлпет» романы кейінгі ұрпаққа біздің тараптан берілген ақыл десек те болар. Шығарма бір адамның болсын қажетіне жарап жатса үлкен жетістік болмақ.

– Роман атауын неге «Күлпет» атадыңыз?  

– Бұл қазақтың көне атауынан алынған сөз. Өз басым қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігін ақтарып отыруды әдетке айналдырған адаммын. Соның ішінен күніне қолданыстан қалып бара жатқан 5-6 сөзді тауып, санамдағы сөздік қорыма қосып қоямын. Осы романды жазып жатқан уақытта әредік әдет бойынша сөздікті ақтара қалдым да, осы «Күлпет» сөзін кезіктіріп қалдым. Күлпет  жан азабы деген мағынаны береді екен. Бұл менің шығармама дәл келген атау екенін аңғарып, кітапты осылай атауды жөн көрдім. Мысалы, «жан азабы» деп атасам бір қараған адам мән бермеуі мүмкін, ал «Күлпет» атауы қалай болғанда да кітапты қолына алған адамды ойландырады.

– Шығарма арқылы нені жеткізгіңіз келді?

Бұл бір күнде келе қалған идея емес екендігін жоғарыда айттым. Қазіргі таңда білімі мен білігі бар жастар шетелге ағылып жатыр. Бұл тенденция уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін бұл алаңдатарлық жағдай. Өркениет көшінің соңынан ұмтылған жастардың өз болмысын ұмыт қалдырмайтынын, елі мен туған жерінің гравитациялық күшінің құдіреті бәрібір тартып тұратынын түсіндіргім келді. Роман желісі қысқаша: «Негізгі кейіпкер – Әбужан дедік. Арал өңіріндегі Ерден жылқышының жалғыз ұлы. Әкесі: «Менің жолымды қуам деп құрық ұстауға әуес болмай-ақ қой, қазіргі заман – оқығанның заманы», деп баласын оқытып-шоқытуға күш салады. Әбужан Ақтөбе медициналық институтын бітіріп, жұмысқа кіріскен тұста еріксіз Ауғанға әскер қатарына алынатындардың тізіміне кіргізіліп, соғысқа аттанады. Соғыстан кейін де елге қайта алмай, амалсыз  Америкадан бірақ шығады. Ауғанға баруы да, Америкаға өтуі де Алланың емес, адамның қырсық-қиянатының салдары еді. Не керек, сонымен, Әбужанымыз еліне 37 жылдан соң бірақ оралады».

Менің оқырман қауымға айтпағым бас кейіпкердің 37 жылдан кейін туған жеріне оралуының астарында жатыр. Бұл менің ғана емес, елі мен жерін сүйетін әрбір адамның саналы ұрпаққа айтпағы деп түсінуге болады. Мен өз шығармашылық потенциялымды пайдалана отырып, осылай жеткізуді жөн деп таптым.

– Бұл шығармаңызда оқырманға ой салу, қазақ жазушыларына мотивация беру бар сияқты?

– Ол енді әркімнің қабылдауына байланысты болатын шығар. Жалпы мақсат пен мүдденің тоғысы сол деуге болады. Біз қазақ – өте талантты халықпыз, бірақ сол талантымызды дәлелдеуге тырыспай келеміз. Қарап отырсаңыз қазақтың балалары халықаралық білім олимпиадаларынан олжасыз оралмайды. Тіпті, бірінші бәйгені бермейтіндері бар. Ал енді сол балаларды біз әлемдік ғылым мен білімнің көшіне ілестіріп пайдасын көрмей, өз қазанында қайнатып қоямыз. Болды, қалды. Тығырықтан жол тапқаны шетел асып кетеді. Тағы бір мысал, біздің шахматшы қыздар әлемді таңғалдырып отыр. Бұл да – біздің талантты халық екендігіміздің белгісі. Сол сияқты менен де талантты, менен де білімді, менен де интеллекті ойлайтын, менен де жазу мәнері машыққан қаламгерлер бар. Бірақ олардың көбі әлемдік деңгейде ойлауға, жазуға құлшынбайды, талпынбайды. Өз қазанымызда қайнап жата береміз. Әлгі мені жазушы ретінде танытқан бәйгенің түпкі мақсаты – сол әлемдік деңгейдегі жазушы шығару. Сондықтан менің осы шығармам, алған бәйгем өзге қаламгерлерге басқаша ойлауға мотивация беріп жатса үлкен жетістік болмақ. Ал шығармадан оқырман қауым өз керегін ала жатар деп ойлаймын.

– Сүбелі сұхбатыңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы

 

 

Осы айдарда

Back to top button