Бұл – сенсация!
Әзірбайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан батут гимнастикасынан Әлем чемпионатында сенсация тіркелді. Және бұл сенсацияның авторы – жерлестеріміз Роман Барков пен Игорь Грачёв.
21 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы синхронды секіру сайысында өнер көрсеткен өскемендік спортшылар қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жарыс қорытындысы бойынша алтын медаль жеңіп алған шығысқазақстандық дуэт 49,910 ұпай иеленді.
Жерлестеріміз екінші орынға көтерілген Франция құрамасы мен қола медальға қол жеткізген Беларусь елі спортшыларының алдын орап кетті.
Айта кетейік, соңғы жылдары ұлттық құраманың белді мүшелеріне айналып үлгерген Грачёв та, Барков та Өскемен қаласының тумалары. Олардың бапкерлері де ортақ, екеуі де білікті мамандар Федор Булучевский мен Игорь Яковлевтің қол астында жаттығады.
Осы ретте, Грачев пен Барков төрт жылдан бері батут гимнастикасының синхронды секіру түріне ден қойып жүргенін айтқан орынды. Бұл – олардың жаһандық додалардағы алғашқы медалі.
«Біздің командамыз бен бапкерлер құрамын Әлем чемпионатындағы керемет жетістігімен құттықтай отырып, алдағы жарыстарда жеңіс тілейміз!» деп жазады бұл жөнінде Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге салайық, осыдан біраз бұрын Роман Барков Әлем кубогы кезеңінде де сәтті өнер көрсетіп, байрақты бәсекенің күміс жүлдегері атанған болатын. Ол доданың алдында да жерлесімізден мұндай нәтижені ешкім күтпегені рас. Дегенмен Италияның Брешиа қаласында өткен Әлем кубогының соңғы кезеңінде Барков басты сенсацияның авторы атанған-ды. Бұл ретте, байрақты бәсекеде өскемендік гимнастшы Грачевпен емес, Қарағанды облысының өкілі Данил Мұсабаевпен жұптасып өнер көрсеткенін айтқан орынды.
Тарихқа үңілсек, бұған дейін жерлестеріміз жаһандық жарыстарға сан мәрте қатысса да, бірде-бір рет жүлдегерлер қатарынан көріне алмаған. Сондықтан Барковтың сол бір жетістігі бүкіл облыс үшін тарихи жеңіс болды деуге толық негіз бар. Ал енді шығысқазақстандық саңлақтар Әлем біріншілігінде де тұғыр биігінен көрініп отыр. Еске салайық, осыған дейінгі додаларда Роман Барков Игорь Грачевпен бірлесе өнер көрсетіп, екі мәрте жаһандық доданың төртінші орнын місе тұтқан. Барковтың, сонымен қатар жастар арасындағы Азия чемпионатында да қолаға қол созым жерде тоқтағаны бар.
Сәрсен Қабылым