Бұл өлке Байбура би жайлаған жер

Қызырбек Дүргінбайұлы
Қазақтың дархан даласының әр пұшпағының киесі мен иесі болған. Сондықтан да болар байтақ даламыздың адырында аңыз, тауында тарих, бұлағы мен бастауында бағзының киесі қалған. Байырғы бабаларымыз жаз-жайлау, қыс-қыстауына тұлпарының тұяғымен мөр басып, бейітімен белгі соққан. Ғасырлар парағы ақиқатын жасырып, аңыздық дақпыртын асырып келген осындай өлкенің бірі – Байбура асуы.
Бұған дейін ары-бері өткен жұрт Байбураның ашулы бораны туралы ғана сөз қылатын-ды. Ал киесінен іштей именіп ғана отыратын еді. Ендігі кезекте жолаушы жұрт Байбураның тарихын да тереңнен толғайтын болды. Оған себеп ел аузындағы аңыз ақиқатқа айналып, Байбура би жатқан жерді ұлағатты ұрпақтары іздеп тапты. Ұланасыр той жасап, тарихын тасқа таңбалады. Торқалы тойға біз де қатысып қайттық.
Алтайдың алқабында өткел бермес өзендер мен боранды күні бет қаратпас асулар баршылық. Той болады деген күні күн райына қараған сапарластар Өміш асуы өткізе қоймас, Көкпектіге Байбура жақпен жүрген жөн болар деп шешті. Міне, қараңыз қара күздің өзінде осындай қорқыныш тудыратын асулардың аңызға айналар да жөні бар. Сонымен той қарсаңында ашылып жатқан Байбура бидің тақта тасының салтанатты шарасына үлгерерміз деген үмітпен жолға шықтық. Күн жаңбырлы болғандықтан біз желе-жортып жеткенше салтанатты шара аяқталып, жиналған жұрт той өтетін жер Көкпектіге бет бұрыпты. Жаңа ғана ашылған тақта тастың бетіне таңбаланған тарихқа Жаратқан жаңбырымен шашуын шашып, табиғат қалыпты мінезімен қарсы алғандай. Жолбасшымыз Әлібек Қаңтарбаев ағамыз: «Байбураның тойы осылай буырқанып, бұрқанып өтсе керек-ті. Табиғаттың мінезі жарасымды-ақ. Дұрыс», – деп тауға қарап тіл қатып, баба аруағына үнсіз тағзым жасады. Биіктігі үш метр тақта тасқа Байбура бидің жылнамасы қашалып, екі шумақ өлең өрнектеліпті. Оның бірі ақын Серік Құсанбаевтың жырынан алынған өрнекті шумақ болса, екіншісі ұрпақтары атынан жазылған.
«Мекен етіп Көкпектідей көк белді,
Бар ғұмырын бабам мұнда өткерді.
Әділдіктің құлатпаған ақ туын,
Тәмам халық құрметтепті текті ерді,
Бүгінгі ұрпақ белгі тасын орнаттық,
Кейінгі ұрпақ еске алсын деп өткенді».
Иә, ендігі жерде жолға шыққан жолаушы Байбураның басына аялдап, шөл басып, өткен тарихтың өрнегіне ой жүгіртері анық. Жолаушылар тізе бүксін деп киіз үй пішінді демалыс орнын жасап, орындықтар қойыпты. Ескерткіш тақтаның қасындағы Байбура бастауының басы да тазартылып, оған да белгі тас орнатылыпты. Белгі тасқа: «Байбура би (1720-1793) әйгілі Қожаберген батырдың екінші әйелі Бибисарадан туған. Жаугершілік дәуірде ғұмыр кешкен қсиетті баба әділ билігімен, бармағынан бал тамған өнерімен ел есінде қалған. Қытаймен болған “жылқыға-жібек” саудасын жүргізген білікті ерлердің бірі. Абақ Керейдің Шыбарайғыр руынан тарайтын Байбура атаның кіндігінен өрбіген 500-ден астам түтін бар. Қазір олардың көбі Алтайдың Қытай жақ бөлігінде тұрады. Қасиетті бабаның атындағы бұл бастау басында тазалыққа көңіл бөліңіз!», – деп жазыпты.
Тау бөктеріндегі еңселі ескерткіш тас «табиғат ананың киесінен қорықсаң, иесінен рұқсат сұрап өт» деп тұрғандай. Осылайша тарих қонған адырлы тауға тағзым жасап, аңыздың желісімен ары аттандық.
Ақиқатқа айналған аңыз
Шыр айналған уақыттың ұршығы қаншама шындықты ұмыттырып аңызға айналдырып жіберген дерсің. Ел мен жер үшін болған күрес жолындағы жаугершілік заманның көшімен кетіп, оралмай қалған ақиқат қаншама?! Бір қуанарлығы Байбура жайлы аңыз бізге ақиқат болып оралып отыр. Оған 2006 жылы «Дидар» газетінде жарық көрген Серік Құсанбаев ағамыздың «Байбура ашуы» атты жыры арқау болған. Ақын ел аузындағы аңызды жырға арқау етіп, оқиғаны өлеңмен өрнектеп оқырманға жеткізеді. Ақынның:
«Ей жолаушым!
Қара жолдың бойында,
Өмір-өлім қатар жүрсін ойыңда.
Қатпар-қатпар қабаты мол қара жер,
Кімді болсын құндақтайды қойынға,
Кәлимаға келтіре жүр тіліңді,
Бабаң жатыр қара жолдың бойында…» деген жыр жолын бұл жолғы ескерткіш тасқа қашап жазыпты. Міне, осындай өлеңнің өрнегінен өмірдің дерегін тапқан Байбура ұрпақтары бабасының аруағына тағзым жасап, ас берді. Торқалы той тақта тастың ашылуымен басталып, ғылыми конференциямен жалғасты. Жиын тізгінін торқалы тойдың өтуіне бір кісідей атсалысып, бастан-аяқ ұйымдастырып жүрген ақын-журналист Мұратхан Кенжехан ұстап, той қонақтарына сөз берді.
– Біз қазақ қашанда аруақты еске алып, тарихқа тағзым жасай білетін халықпыз. Бүгінгі тойға арқау болып отырған Байбура би Қожабергенұлы ел мен жер үшін күресіп, ел бірлігі жолында еңбек еткен айтулы тұлға. Жалпы тәуелсіздік алғаннан бері тарихымызды түгендеп, бабаларға тағзым етіп келеміз. Соның бірі – осы Байбура биге арналған іс-шара. Бабамыздың ұрпақтарына Алла разы болсын. Басына белгі қойып, бабасын еске алып, елдің тарихын түгендеп жатыр, – деді Көкпекті ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.
Абызы бар елдің аңызы шындыққа айналмақ. Ұрпақтың ұйтқысы бола білер қариялардың қатары сиресе де бар екен. Оған осы тойда куә болып қайттық. Ол – Байбура би ұрпақтарының басын қосып, бірліктің тұтқасы болып отырған Мұқсин Мақұлбекұлы. Ақсақал Байбура Қожабергенұлының шежіресінен сыр шертіп, тарихын толғады.
– Байбура Қожабергенұлы 1720-1793 жылы алтыншы мүшелінде осы жерде өмірден қайтыпты. Ал әкесі Қожаберген Ақсуат жеріндегі Қарғыба өзенінің бойында жатыр. Қожаберген бабамызға қатысты шаралар да қолға алынып жатыр. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда Байбураның әділ би, он саусағынан өнер тамған шебер, әділетті адам болғандығы айтылады. Осы Байбура менің жетінші атам. Байбураның баласы Кененнің ас ішкен қазаны күні бүгінге дейін менің үйімде сақталып келді. Жеті атадан бері сақталып келген бұл қазанды ұлым Жасарға табыстадым. Бұл қазан – бір әулеттің ғана емес, Қалба тауынан бастап Ертісті өрлей көшкен қазақтың тағдырының куәсі іспетті жәдігер. Міне, осындай Байбура жайлы деректер ел ішінде жеткілікті. Ал ұрпақтарында ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де болды. Сондықтан да болар осы тойдың өтуіне көптеген адамдар атсалысты. Ұрпақтарына мың алғыс. Осы қатарда ақын Серік Құсанбаев бауырыма ерекше алғыс айтқым келеді. Бабамыз жайлы жыр жазып, қағаз бетіне алғашқы деректі түсірген еді. Сол тұста бұл дерек анықталып, бабамызға арнап үлкен той өткізсек ақынға ат мінгізем деп өзіме уәде берген едім. Сол уәдемді де бүгін орындаймын, – деді Байбура бидің ұрпағы Мұқсин Мақұлбекұлы.
Дүбірлі тойдың болуына өрнекті өлеңі дәнекер болған ақынға Байбура би ұрпақтары ат мінгізіп, шапан жапты. Ақынның: «Бақидағы базынасы бабамның, ұрпағына қарыз болып қалмасын», – деп жырлағанындай ұрпақтары баба алдындағы парызын өтеп, тарихын тасқа қашады. Өлеңге арқау болған аңыз желісі осылайша ақиқатқа айналып отыр.
Ел аузындағы деректер бойынша Байбура бидің бейіті қара жолдың астында қалған көрінеді. Табанға тапталған аруақтың киесінен болып асудан жазда жел, қысты боран арылмайды-мыс. Ендігі жерде ас беріліп, құран оқылған соң табиғаттың тылсымына өзгеріс еніп жатса, онда оны ғажайып деп білуге болар.
Сөз бұйдасын ұстаған – Байбура би
Байбура Қожабергенұлы билік айтқан шешен, ел бастаған көсем болған деседі. Он саусағынан өнер тамған шебер болғаны туралы да ел ішінде әңгіме көп. Бекер адамның аты аңызға айналмасы анық. Сондықтан да Байбураның тұлғасы, ғұмырнамасы әлі де зерттеуді қажет етеді. Бұл жолы жазба ақындар жырға қосып, айтыс ақындары қара бидің әділдігін тілге тиек етті. Той қарсаңында «Сөз бұйдасын ұстаған – Байбура би» атты ақындар айтысы мен жыр мүшәйрасы өтті. Байбура биге арнап жиырма екі ақын жыр толғаса, айтыста сегіз ақын сөз қағыстырды. Барлығы да тарихтың тереңіне бойлап, Байбура биге қатысты деректерді өлеңінің өзегіне өруге тырысқан. Әр ақынның өлеңін талдасаң талай-талай тарих ақтарылып, аңыз өрбитін сынды.
Жыр мүшәйрасының бас жүлдегері Естай Жаңабаев: «Сырыңды төк! сырқат бел, сырбаз далам» деп өлеңді төгілте бастап, «сөз киесі көшкелі көне түзден, жоғалтқандай жер ана адамзатын» деп Байбурадай шешендерді аңсаумен жырын аяқтапты. Ал бірінші орын иегері Құмар Зиятқан «Байбура би монологы» атты жырын: «Тас жол таптап кеткен менің атымды, тас бетіне таңбалады ұрпағым» деп түйіндепті. Иә, бабасын ұрпағы ұмытпады, ас беріп ұлықтады. Ал екінші орынды еншілеген Бауыржан Игілік: «Басқанда Көкпектінің кең етегін, еске алам тектілердің жері екенін, Байбура асуына табан тисе, «Әрауғың тыныш болсын!» деп өтемін…», – деп жердің иесі мен киесіне тағзым жасапты. Өзге ақындардың кестелі жырынан да көне дүниенің күмбірі есітіліп, сарыны төгіліп тұр. Осылайша он жазба ақын Байбура бидің асынан сыбаға алып қайтты.
Ал тап бермеде тауып айтатын айтыс ақындары да Байбура бидің ғұмырнамасын барынша баян етті. Сұлу жырымен суырылып шыққан Серік Қуанған бас жүлдені жеңіп алды. Жүлделі бірінші орын Қуандық Кенжебекұлына, екінші орын Фархат Маратұлы мен Ардабек Ақбабаға бұйырды. Ал үшінші орын Аян Қалымбек, Қуаныш Еркін, Жасұлан Мақаев, Қуатбек Қуанарұлы қатарлы ақындарға бұйырды.
Жалпақ жұртқа жария бола қоймаған тың деректі айтыскер Аян Қалымбек былайша тілге тиек етті: «Мен Самардан келгем жоқ Байбураның, кеп тұрмын ізі қалған көкбелінен, Қара Ертістің астында қалып қойған, Байбура бидің байырғы өткелінен», – деп қайырды. Иә, Бұқтырма бұғауының астында қаншама тарих қалған десеңші?! Бұқтырманы былай қойғанда, бұл дүниядағы құм басып, шу шайған тарихтың ізінен не табарсың?! Осылай уақыттың сүрлеуінен аңыз ғана қалатын сынды.