Бұл мүсіннің баламасы жоқ

Кісі ақысын жемейтін, өз қалтасының қамын емес, қоғамның игілігін ойлайтын адамды қолы таза адам дейді. Яғни, таза қол адалдықтың белгісі іспеттес. Сол себепті Сәрсен Аманжолов университетінің бір топ белсенді студенті осыдан екі жыл бұрын жемқорлықтың жолын кесу, жастарды осы індеттен аулақ болуға баулу мақсатында «Таза қол» мүсінін жасап, оқу орнының кіреберісіне қою жөнінде бастама көтерген болатын.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің №1 оқу ғимаратында аталмыш «Таза қол» мүсінінің тұсаукесері және «Ореп University» («Open space») кеңсесінің ашылу рәсімі өтті.
Сонымен қатар іс-шара аясында «Парасат жолы» республикалық жобасының таныстырылымы, «SANALY URPAQ» жобасы бойынша жұмыстардың фотокөрмесі, Абай жылында ашылған «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтында студенттердің, оқушылардың өңірдегі белгілі жазушылармен және қоғам қайраткерлерімен шығармашылық кездесуі және кітап көрмелеріне шолу ұйымдастырылды.
«Ореп University» кеңсесінің ашылу салтанатына облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Ерлан Жалмағамбет және С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген қатысты. Шақырылған қонақтар арасында Өскемен қалалық мәдениет, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Айгүл Байжанова, «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай және натуралист-жазушы, орнитолог Борис Щербаков болды.
– «Ореп University» орталығы – бұл студенттерге, университет қонақтарына түрлі мәселе бойынша кеңес беру орны, парасаттылық пен адалдықтың символы болып табылатын «Таза кол» мүсіндік композициясы және «Ореп University» кеңсесі. Консультацияларды тәжірибелі адвокаттар, медиаторлар, жоғары курс студенттері, яғни болашақ заңгерлер өткізеді. Аманжолов университеті 2019 жылдан «Парасатты университет» жобасын іске асыруда, оның негізі – Абай мұрасы. «Парасат жолы» орталығының ашылуымен біз ұлттық мәдениет пен этнопедагогика құндылықтарына баулу негізінде парасаттылық идеологиясын ілгерілетуді жоспарлап отырмыз. Біздің университетте парасаттылық идеологиясының өзегі – «Адам бол!», – дейді жобалық кеңсенің және «SANALY URPAQ» студенттік клубының жетекшісі Гүлмира Байыркенова.
«Ореп University» – бұл қашықтан оқыту порталы, ректор блогы, сенім жәшіктері мен телефондары, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» онлайн порталы және виртуалды университет.
Кеңесші-студенттер виртуалды университетті «Ореп University» орталығының жұмысында қалай пайдалануға болатынын көрсетті. Студент Шыңғыс Абжатов экономика және құқық деканатымен байланыс орнатудың амал-тәсілін түсіндірді.
Консультант студенттердің қатарында Артем Боровиков та бар, ол жуырда құрылтайшысы Әлия Назарбаева болып табылатын «ADAM BOL AWARDS» сыйлығының алғашқы жеңімпазы атанып, оған «MYQTY ADAM» атағы берілді. Абайдың «Адам бол» кодексі «ADAM BOL AWARDS-тың» өзегі болып отыр, ал жоба ұраны – «Қаһармандар жанымызда!». Батырды қонақтарға әдеп жөніндегі уәкіл, стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Ирина Ровнякова таныстырды.
«Ореп University» кеңсесінің лентасын Ерлан Жалмағамбет пен Мұхтар Төлеген және ШҚУ-дың белсенді студенті, «Қазақстанның үздік студенті-2020» байқауының номинанты Эмиль Әли қиды.
«Open space» – ашық кеңістік технологиясы, елімізде бұл технологиялар алғашқыда мемлекеттік қызметтер көрсету саласында танымал болды. Жоғары оқу орындары да қалыс қалмады. Қазір ашық кеңістік технологиялары студенттерге қызмет көрсету орталығында кеңінен қолданылады. ШҚУ-да үш жыл бойы қызметінің негізін «Open space» құрайтын «PARASAT» студенттерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп келеді.
Университетте парасаттылық идеологиясын ілгерілетудің бір құралы – баламасы жоқ «Таза қол» мүсіні.
– Сыбайлас жемқорлықсыз ел әрқайсымыздан басталады. Бұл туралы біз 2019 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы студенттік форумда айтқанбыз. Сол форумда «Саналы ұрпақ» студенттік клубының мүшелері «Таза қол» мүсінінің моделін таныстырды. Бұл мүсін мінсіз бедел, парасаттылық, адалдық, ой-сана тазалығын бейнелейді. Кейін аталмыш мүсін моделі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекпаевқа таныстырылды. Енді университет ректоры Мұхтар Төлегеннің қолдауымен бірінші оқу корпусының фойесінде осы мүсін тұр. Ол әркім адам ойының тазалығын, парасаттылықты еске салуға арналған, – дейді «Құқықтану» мамандығының 1 курс магистранты Шынар Бауыржанова.
Мүсін тұғырында Nur Otan партиясының, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті органның, Аманжолов университетінің логотиптері бейнеленген. «Таза қол» жобасының негізі – партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасы, еліміздің 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы, университеттің «Парасатты университет» жобасы. Композиция ортасында жобаның «Қол тазалығын сақтайық!» ұраны үш тілде жазылған.
Химия кафедрасының студенттері адалдықтың тағы бір символы болып саналатын «Шындық сарысуын» таныстырды. Салтанатты шара аясында ШҚУ ғылыми кітапханасы базасында «Парасат жолы» республикалық жобасының тұсаукесері өтті.
Ержан Әбіш