Қоғам

Бұл көрмені QR кодпен көресіз

Байырғы баба ғұрып пен ұлттық құндылыққа оралу жолында іске асырылып келе жатқан ірі жобалардың бірі – Рухани жаңғыру. Бұл жобаның негізінде дүйім жұрттың дүниетанымының діңгегі бекіп, рухы асқақтады. Десе де, жоғалтып алған құндылықтарымыздың қатары көп. Соның бірі – қанағат пен ынсап. Бұл қасиетімізе қайта оралу үшін жемқорлықтың жолын кеспек керек.

Сыбайлас жемқорлықты санадан аластап, қоғамнан жою бағытында бірқатар іс-шаралар атқарылып келеді. Жуықта Өскмендегі О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін дерт…» атты кітап көрмесі ашылды. Жастарды жемқорлықтан сақтандыру мақсатында ашылған кітап көрмесі жаһандық үрдіске сай жасақталып, интернеттің игілігін көруге бағытталған. Көрме залында артық-ауыс ештеңе жоқ, жинақы әрі мазмұнды. Көрме сөресінде QR код енгізілген кітаптардың мұқабасы екі бөлек қатталыпты. Ондағы кітаптарды толық көру үшін қолыңызда смартфон болғаны дұрыс. Телефоныңыздағы QR код бағдарламасын ашып, мұқабадағы арнайы белгіге жақындатсаңыз, кітаптың толық нұсқасы смартфоныңыздан ашылады. Ары қарай артынан асықпай оқып алуға да болады. Керек десеңіз, көрмедегі барлық кітапты телефоныңызға жүктеп аласыз.

Кітап көрмесінде оқырмандарға тағылым мен тәлім беретін көркем шығармалардың QR нұсқасы қойылыпты. Атап айтқанда: ұрпағын адал адам болуға  үндеген ұлы Абайдың асыл мұрасы, Шығыстың ғұлама ғалымы әл-Фарабидің әділ билеуші туралы «Қайырымды қала» трактаты, Оралхан Бөкейдің адамдық пен адалдықты  дәріптеген «Бес тиын», «Атау кере» шығармалары,  Дүкенбай Досжанның «Ар соты», «Метаморфоза» әңгімелері, Дидахмет Әшімханұлының  «Жолдас генерал!», Қабдеш Жұмаділовтің «Пирамида», «Ақтұманның ханшайымы» туындылары, Нұртан Төлепбергенұлының «Жемқорлықтың жеткен жері» қатарлы кітаптар қойылыпты.

– Бұл көрмені бұрын-соңды болмаған сыбайлас жемқорлықпен күресудің жаңа тетігі деп атауға болады, өйткені бұл – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді жолы. Көркем шығармадан ұлттық қасиетіміз туралы оқып білген адамның жемқорлықтан аулақ болатыны шындық. Сондықтан бізбен бірлесе қоғамдағы дертпен күресіп жатқан кітапхана ұжымына алғыс айтамын, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы Мейіргүл Сахариева.

Көңілге түрлі ой салар көркем шығармалармен жасақталған көрменің жастарға берері көп екендігіне біз де көз жеткіздік. Бірнеше кітапты телефонымызға жүктеп алдық.

– Арнайы жасалған кітап үлгілерінің парақтарынан поэтикалық және прозалық  шығармалардағы қызмет бабын теріс пайдалану, парақорлық, бюджет қаражатын ұрлау және тағы басқа жемқорлық  туралы  қазақ және орыс тілдерінде үзінділерді оқи аласыздар. Көрмеден орын алған сыбайластық туралы ой-пікірлерді түйіндеген мақал-мәтелдер де көпшілік назарына ой салары күмәнсіз, – дейді кітапхана директорының орынбасары Жанат Мәуітқызы.

Телефонында QR код бағдарламасы бар адамға көрмені көруге көп уақыт кетпейді, өйткен интернеттің игілігіне бағытталып, жаһандық үрдіске сай жасақталған.

Қызырбек Дүргінбайұлы

 

Осы айдарда

Back to top button