Денсаулық сақтауТОП

Бұл кесел кісі таңдамайды

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Адамдарда туберкулездің өзінен гөрі, одан емделу қорқынышты деген түсінік қалыптасқан. Өйткені Кох таяқшасы ерекше капсулада орналасқан, оны еріту үшін туберкулезге қарсы  көптеген препараттар қажет, ал олар – өте улы. Алайда облыстық туберкулезге қарсы іс-шараларды бағалау мен мониторинг жасау тобының бас координаторы, дәрігер-фтизиатр Ләззат Әбілмажинованың тәжірибесінде осы дерттен жазылып кеткен пациенттердің үлесі 80% -дан  жоғары. Солардың бірі отыз үш жастағы өскемендік Дмитрий.

Менің ойымша, көңілді адамдар туберкулезбен ауырмайды, ауыра қалса, дертінен  тез айығады. Бір дана дәрігер болыпты, ол туберкулез қуаныш пен бақыттан қорқатынын айтып, пациенттеріне қара түсті киім киюге тыйым салған екен.

Өмір қандай ғажап еді!

Қарсы алдымда күлімдеп отырған Дмитрийге қарап, оның бір кезде қоғамның ең төменгі сатысына дейін құлдырап, ішкілікке салынғанына, өкпе құртын жұқтырып, жүдеп-жадап,  тірі өлік болды деуге сену қиын. Өзінің айтуынша, 182 см бойымен салмағы отыз келіден аспапты.  Дмитрий әжесі қайтыс болған соң, 23 жасында жападан-жалғыз қалады. Қайғыдан ішкілікке қатты салынып кетеді. Осындайда  араққұмар жолдастар да табыла кетпей ме?!. Соңғы алты айда бас көтермей, жатып ішкендіктен аяқтары тартылып, мүлде жүре алмайтын халге түседі.

–Ауруханаға түскенде «медбикелер маған енді оянбайтындай бір ине сала салса екен» деген бір ғана ой болды. Жүре алмаймын, кім менің артымнан тазалап, мені күтіп-бағады, одан да өліп кеткенім жақсы деп ойладым. Бірақ дәрігерлер мен медперсонал өз жұмыстарын мінсіз атқара берді. Мені отыз алты ай бойы емдеді. Сол қапастан құтылғаным тек  медицина қызметкерлерінің арқасы, – дейді бүгін Дмитрий.

Дмитрийді  жедел жәрдеммен №4 қалалық ауруханаға бір қыз бала жеткізіпті. Сол жерде науқаста туберкулез анықталып, облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың стационарына ауыстырылады.

– Дмитрий өте ауыр жағдайда түсті. Жөтелі асқынып кеткен, өзі шидей арық,  аяғынан тұра  алмайды. Араққа салынғандар жатып ішкен кезде оларда неврологиялық аурудың бір түрі – алкогольді полинейропати́я пайда болады, аяқтары жүрмей қалады. Емдеуші дәрігері Ләйла Айдарханқызы да оның беті бері қарауына бар күш-жігерін салды. Екі ай емнен кейін жағдайы жақсара бастады да, анализінде бактерия бөлінбегендіктен оны үйге амбулаториялық емделуге шығардық,  – деп сөзге араласты фтизиатр-дәрігер Ләззат Аулқанқызы.

Алайда алғашқы ем-дом сәтсіз болып, біраз уақыттан кейін жедел жәрдеммен қайта түседі. Дәрігерлер Димада дәрі-дәрмекке төзімділікті анықтайды. Оған үшінші қатардағы препараттар тағайындалып, енді отыз алты ай бойы стационардан шықпай, емделеді. Дәрігер осы мерзімде Диманың бірде-бір рет дозасын жібермегенін, бірде-бір рет ішкілікке салынып кетпегенін айтады. Стационарда жатқандардың 20-30 пайызы – араққа салынғандар немесе есірткімен әуестенетіндер. Фтизиатрлық қызметтің алдына оларды осы жағымсыз  дерттерінен айықтыру міндеті қойылмаған. Бастысы – оларды туберкулезден емдеу. Осындай науқастардың емді уақтылы, дозасын жібермей қабылдағаны маңызды. Алайда стационардан қашып кететіндер, сондай-ақ амбулаториялық ем қабылдау кезінде  дәріні ішпей қоятын пациенттер де бар. Дима бұл жағынан өте тәртіпті, жауапты пациент болыпты. Үш жылда бірде-бір рет емнен бас тартпаған. Бірақ дертінен құлан-таза айыға алмағандықтан, созылмалы науқастар қатарына қосылады.

–Мен алғаш түскен кезде тамырыма жіберілген дәріден кейін көзімді ашқанда қасымда бақылап тұрған емдеуші дәрігер мен медбикені көрдім. Олар өзара менің жағдайымды ақылдаса бастады. Сол мезетте менің санамда бір нәрсе сарт етіп ашылғандай болды. «Өмір қандай тамаша! Тек сену керек. Мен бұл қапастан шығамын» деп өзіме серт бердім. Тағы да айтамын, тек дәрігерлердің күш-жігері мен маған деген сенімдерінің арқасында ғана мен бұл ауруды жеңе білдім, – дейді Дмитрий толғанып.

Ал Ләззат Аулқанқызы пациентінің жеңісі тек оның табандылығы мен ерік-жігерінде екеніне сенімді:

–Оны стационарға жатқызғаннан кейін біз сол мекенжайды инфекцияның ошағы ретінде тексеріп тұрдық. Бір барғанымызда үйдің есік-терезесі сынғанын, ішінде қаңғыбас иттер толып жүргенін көрдік. Жолдастары теріс айналып кетті. Ауруханадан шыққасын Дима есік-терезесін салып, бәрін өзі жөндеп алды. Біз оны еркелетіп Димон дейміз. Амбулаториялық емге шыққан пациенттер ай сайын анализ тапсырып тұру керек. Соған келмейтіндер болады. Сондай кезде бізге көмекке Димон келеді. Ол науқастарды тасымалдауға, емге әкелуге көмектесіп тұрады.

Осы уақыт аралығында дәрігерлер Димаға мүгедектігі туралы анықтама алуға, басқа да құжаттарын рәсімдеуге көмектесті. Көрші мемлекетте тұратын үлкен ағасы келіп, әжесінің үйін атына аударып беріпті.

2018 жылы облыс туберкулезге қарсы жаңа препараттармен емдеудің қанатқақты жобасына іліккен кезде тағы да Ләззат Аулқанқызының күш салуымен  Дима осы  бағдарламаға кіреді.  Тағы алты ай бойы стационарда жатып, күшті препараттарды қабылдайды. Алты ай бойы күніне екі рет система қойып, тамырына дәрі жібереді.   Ал Дима болса асқан шыдамдылықпен осының бәріне төзеді. Қазір Дмитрий өкпе дертінен толық айыққан, диспансерлік есептен де шығарылыпты.

–Үш жыл бойы ауруханада жатқанда менің мүгедектігіме байланысты жәрдемақым көп-көрім жиналып қалды. Оның үстіне амбулаториялық емделуге шыққанда қанатқақты жобаның қатысушысы ретінде  әлеуметтік жәрдемақы алып тұрдым. Стационардан шыға сала үйіме жөндеу жұмыстарын жасадым. Ескі машина сатып алдым. Жұмысқа орналастым. Қазір ескі көлікті арзанырақ сатып алып, жөндеп, қайта сатумен айналысамын. Бұл – менің хоббиім. Ал автогаз кәсіпорнында негізгі жұмысым бар. Үйлендім. Енді әйелім екеуіміздің бала сүйсек деген арманымыз бар, – дейді Дмитрий.

Біз өкпе құртымен он жыл күресіп, оны жеңіп шыққан Дмитрийдің оқиғасы жазылып кететініне күмәнді басқа науқастардың көңілінде үміт отын жағады деп сенеміз. 

Өкпе дерті өзектілігін жояр емес

Ләззат Аулқанқызы стационарда емдеуші дәрігер, емханада фтизипедиатр, кейін фтизиатр болып істеген, ұзақ жылдар бойы   өкпе құртына шалдыққандармен жұмыс істеп келеді.

–2018 жылдан бастап елімізде тубдиспансерлердің саны қысқартылып, фтизиатр мамандар емханаларға жіберілді. Қазір біздің облыстың он ауданы мен Өскемен қаласындағы он үш емдеу мекемесінде фтизиатрлық қызмет бар. Емханалардағы химизатор мамандар –  туберкулездің созылмалы түрімен ауыратын науқастардың ең жақсы достары. Олар пациенттерді күнделікті көреді, отбасы мүшелерін жақсы таниды,  барлық проблемаларын біледі, – дейді Ләззат Аулқанқызы.

2012 жылдан бастап өңірімізде туберкулезді заманауи әдіс   Gene-Xpert диагностикалық аппаратының көмегімен екі сағат ішінде анықтайды. 2017 жылы облысқа Жаһандық қордың көмегімен осындай 7 аппарат сатып алынса, қазір олардың саны 9-ға жетіп, шалғай аудандардың барлығы қамтылған.  2022 жылдың 12 айында облыс бойынша 3559 адам тексерілді, 416 пациентте туберкулез анықталды.

Бас координатордың айтуынша, бүгінгі таңда өкпе құртын емдеудің үш жолы бар: стационарда, амбулаториялық және стационарды алмастырушы терапия. Өңірде 2017 жылы  басталған «Спутник» бағдарламасы жоба аяқталғанына қарамастан, әлі күнге тиімді қолданылып келеді. Емханаға ем-шара қабылдау үшін өз бетімен келе алмайтын созылмалы науқастардың үйіне құрамында медбике мен психолог бар бригада жіберіледі. Медбике науқастың препараттарды қабылдауын бақыласа, психолог  пациент  пен олардың туыстарымен жұмыс жасайды.  Ай сайын жоқ дегенде  он екі науқасқа осындай қызмет көрсетіледі.  2018 жылдан бері видео тәсілі де кеңінен қолданылады. Науқас  бейнеқоңырау арқылы немесе бейнежазбаға күні және уақытын айтып, ішетін перепараттарын көрсетеді, сосын қалай ішкенін түсіріп, емдеуші дәрігеріне жолдайды. Бұл шаралардың барлығы науқастардың емді үзбеуі үшін жасалады.

2018 жылдан бастап науқастарды туберкулезге қарсы жаңа препараттармен емдеу хаттамасы енгізілді. Қазақстан – Орталық Азиядағы барлық туберкулезге қарсы препараттарды республикалық бюджет есебінен сатып алатын және емдеу курсына алынған барлық туберкулезбен ауыратын науқастарды препараттармен қамтамасыз ететін жалғыз ел. Мысалы, басқа мемлекеттерде (Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Түркіменстан) туберкулезге қарсы препараттарды сыртқы демеушілер есебінен қамтамасыз етеді. 2018 жылы облыс жаңа препараттармен емдеудің қанатқақты жобасына енді.

– Мен жаңа және қайта тағайындалған препараттармен жеке емдеу режимін (IRL) қабылдауға жауапты болдым. Емдеу мерзімі – жиырма ай. 2018 жылы 42 пациент жобаға  қатысып, керемет нәтижелерді көрсетті. Тіпті созылмалы түрімен ауыратын сегіз науқастың өздері екі айдан кейін туберкулезді жұқтырмайтын түріне  ауысты. 2019 жылы тағы он екі пациентті жаңа препараттармен емдедік, – деп атап өтті фтизиатр-дәрігер.

Нұсқаулығында жанама әсерлері болуы мүмкін деп жазылғанымен, пациенттер, керісінше, бұл дәрілер бұрынғылардан жеңіл ішілетінін айтыпты. Оның үстіне дәрігерлер ай сайын олардың қанына клиникалық талдаулар жасап, ағзаларындағы өзгерістерді бақылап отырған. Себебі науқастарда денсаулығына деген шағым болмауы мүмкін, ал қанда бәрі көрініп тұрады. Емдеу процесінде пациенттерде жағымсыз құбылыстар, нашар төзімділік пайда болуы мүмкін. Дегенмен жаңа препараттар жалпы алғанда өздерінің тиімділігін дәлелдеген.

–2022 жылы «Денсаулық үшін серіктестер» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен тағы бір қанатқақты жобаны қолға алдық. Біздің өңір бағдарламаға туберкулездің тұрақты түрі жиі тіркелгендіктен еніп отыр. Бар болғаны тоғыз айлық қысқа емдеу курсы. 2022 жылдың наурызынан 2023 жылдың  қаңтарына дейін жобаға енген 34 науқастың алтауы емін аяқтап, жобадан шықты. Биыл бұл бағдарламаға жасөспірімдер де қосылды, – деп жалғастырды Ләззат Аулқанқызы.

Ежелгі Грекияда туберкулез ауруы «фтиза» деп аталды, бұл сөздің мағынасы «жүдеп- жадады, сарқылды» дегенді білдіреді. Сол себепті туберкулезді емдейтін клиникалық медицина бөлімі «фтизиатрия» деп аталады.

Бас координатор туберкулезбен сырқаттанушылықтың кейбір көрсеткіштеріне тоқталды. Өңірде аурушаңдық 100 мың адамға шаққанда 2021-2022 жылдары 12 пайызға төмендеген, балалар арасындағы аурушаңдық 40 пайыз азайған. Алайда рецидив, яғни қайталану фактілері 22 пайызға өскен. Былтыр аурудың асқынған он түрі анықталыпты. Олардың жетеуі Өскеменде тіркелген. Ләззат Әбілмажинованың пікірінше, емханаларға еркін тіркелу көп жағдайда кері әсерін тигізеді. Аудандарда тұрғындар бір-бірін жақсы таниды, пациенттің емге келген-келмегенін бірден біліп отырады. Ал қалада, әсіресе маңайындағы саяжайларда кімдер тұрып жатқанын ешкім білмейді. Бір әйелде емханаға келген кезде кездейсоқта туберкулез анықталады. Сұрастырса, ол Шемонайхада тіркелген, бір жылдың ішінде бірнеше мекенжайға көшіп-қонып жүрген. Өзімен бірге тұрған ер адам мен оның қарындасына жұқтырып үлгеріпті.

Қазіргі кезде туберкулез әлеуметтік осал топқа жататындардың ғана дерті деген қағида мүлде ескірген. Пациенттердің арасында университет оқытушылары да, мемлекеттік қызметшілер де, бизнесмендер де, басқа да салалардың өкілдері  кездеседі. Бұл сұрқия дерттен ешкім сақтандырылмаған.

Туберкулез профилактикалық әдістермен және клиникалық шағымдармен МСАК мамандарына және облыс стационарларына жүгінген кезде анықталады. Профилактикалық әдіс – бұл 15 және одан жоғары жастағы ересектерге арналған ФГ скринингі, балалар арасында қауіп тобындағы манту сынамасы.

Туберкулезді анықтау, диагностикалау және емдеу пациент жүгінетін барлық мекемелерде тегін жүргізіледі.

 

Осы айдарда

Back to top button