Қоғам

Бұл істе темірдей тəртіп пен шыдам қажет

Ержан Әбіш

Полиция департаментінің тиімді жұмысы көп жағдайда тыл қызметіне байланысты. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Тыл тегеурінді болмай, жеңіске жету қиын» деп атап өткен. Сенімді, күшті тыл әрдайым қажет.

Тылдық қамтамасыз ету басқармасына департамент бөлімшелерін қару-жарақпен, техникалық, шаруашылық-тұрмыстық мүлікпен қамту, автомашиналарды жарамды жағдайда ұстау міндеттері жүктелген. Сонымен қатар тылдық қамтамасыз ету басқармасының міндеті – ішкі істер органдары ғимараттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Полиция департаменті ғимараттарын күзету взводының командирі, капитан Бақытбек Камиев 1983 жылы Марқакөл өңірінің Теректі ауылында дүниеге келген. 2000 жылы ауылдағы орта мектепті тәмамдады. 2001 жылы әскерге шақырылып, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылында қызмет атқарды. Әскерде оның құқық қорғау саласына деген қызығушылығы артты. Борышын өтеген соң Өскемен қалалық кадр басқармасына барып, полицияға қалай орналасуға болатынын сұрады. Сөйтіп, патрульдік полиция қызметіне жолдама алып, құжаттарын жинады. Үш ай Согра ықшам ауданындағы полиция мектебінде оқыды. Одан соң кавалериялық взводқа қызметке шақырылды, келісті, ауыл баласы ғой, атқа жақсы мінетін.

– 2003-2006 жылдары осы взводта қызмет атқардым. 2006 жылы денсаулығыма байланысты полиция басқармасының ғимаратын күзету взводына ауыстым. 2015 жылға дейін қызмет етіп, сержант шенінен аға сержант шеніне көтерілдім. Әр сақшы жоғары дәрежеге көтерілгісі келеді, сол себепті 2015 жылы көші-қон басқармасының арнайы бөліміне ауыстым. 2020 жылға дейін сол бөлімде қызмет атқара жүріп, капитан шенін алдым. 2021 жылы ШҚО ПД ғимараттарын күзету взводының командирі зейнетке шығып, мені өз орнына шақырды, – дейді Бақытбек Әділбекұлы.

Ғимараттарды күзету взводының мақсат-міндеттері – өткізу тәртібінің сақталуын қамтамасыз ету, заң бұзушылықтарды болдырмау, келушілерді қарсы алу, тексеру, бөгде адамдарды ғимаратқа кіргізбеу. Қазір взводта 24 сақшы қызмет атқарады. Олардың үшеуі – нәзік жандар.

– «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Бауыржан атамыздың сөзі бар ғой, бірінші кезекте ұжымда темірдей тәртіп болуы керек. Полиция қызметкері – қоғам айнасы. Ол сабырлы, мәдениетті, кішіпейіл болуы, тез шешім қабылдай алуы, шамасы келгенше адамдарға көмектесіп, көкірек көтермей, қарапайым болуы қажет. Әр қызметкердің орны бөлек. Дегенмен, взводта 4-5 жылдан астам қызмет атқарып, жас полицейлерге үлгі болып жүрген старшиналар Айдын Төлебаев, Айдын Сүлейменов, Бекзат Жанқожаев, Дидар Дүйсенов, аға сержант Ерасыл Қайырбек – ғимарат тыныштығын қадағалайтын нағыз кәсіби шеберлер, болашақ офицерлер, – дейді капитан.

Осы айдарда

Back to top button