ҚоғамТОП

Бұл – ақыл-ойдың дәуірі

Ел дамуында отандық ғалымдарымызға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Меруерт Мәулет С.Аманжолов атындағы ШҚУ «Беттік инженерия және трибология» ҒЗО-ның аға ғылыми қызметкері. Физика және технологиялар университетінің оқытушысы, материалтану және конденсацияланған күй физикасы саласының маманы газотермиялық әдістермен беттік жабын алумен, жабындардың фазалық құрылымдық өзгерістерін зерттеумен, триботехникалық материалтану зерттеулерімен айналысып жатыр. Жас ғалым 2015 жылы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ядролық физика мамандығын тәмамдаған. Меруерттің еңбегінің жемісін өндіріс 10-15 жылдан кейін барып қана көре алуы мүмкін. Әзірге ол күнделікті ізденіс үстінде, зерттеулер жүргізіп жатыр. Ғылым деген осы.

Жұмбағы көп физика ғылымының жолына түскен жас ғалымнан оның  ғылыми зерттеу жұмыстары туралы ғана емес, оқу, білімді меңгеруге, ғылымды зерделеуге қалай келгендігі жайлы да көбірек сұрауды жөн көрдік. Болашағымды ғылыммен  байланыстырсам деген қазақ балаларына, жастарына құлшыныс берсін деп.

Жас ғалымның жастарға айтары

Өскеменнің іргесіндегі Сағыр ауылындағы орта мектепті бітірген Меруертті ауылдастары, мектеп оқушылары осы күнге дейін «вундеркинд» қыз,  асқан бір дарын иесі деп ойлайды.

– Мені таныстарымның, ауылдастарымның ерекше адам, тума талант деп ойлауы орынсыз. Ауылымның оқушыларымен кездескенде олар ойлағандай ешқайсынан артық жан еместігімді айрықша ескертіп жатамын. Егер әлдекім оқып, біліп жетістікке жеткен әлдебіреуді өзінен артық санап, өзінің олай жақсы оқуға қабілеті жоқ деп шешсе ол оның осалдығы, әлсіздігі. «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген ғой Абай атаның өзі. Ата-ана баласына «Жақсы оқы» дейді, ал, жақсы оқудың жолы қайсы? Мен білімге, ғылымға, оқуға ден қоя білуді үй тапсырмасын орындаудан үйрендім. Мектепке тапсырманы орындамай барған күнім жоқ. Бүгін үй тапсырмасын орындай алмай қалсаң, білмей қалсаң, ертеңгі өтетін тақырыпты меңгере алмайсың, биыл алтыншы сыныптың есебін шығара алмай қалсаң, келер жылы жетіншінікін де шығара алмайтын боласың, осылай білмегенің үсті-үстіне көбейе береді, – дейді Меруерт күрделі ғылым жолына түсуіне алдымен тұрақтылығы мен тиянақтылығы көмектескенін айтып.

Күнделікті өткен тақырыптар бойынша берілген үй тапсырмаларын үнемі орындап, сабаққа сақадай-сай дайындалып келу оның 11 жыл бойғы бұлжымас әдетіне айналған. Түсінбеген, ұқпаған жерлерін ұстаздарынан сұрап, қате кеткен тұстарын түзетіп, әр сабаққа тұрақты түрде тиянақты әзірленуінің нәтижесінде білімі апталап, айлап, жылдап арта түседі.

Түйін: еңбектен, ерінбе, білмегеніңді сұрап білуден қысылма.

Жас ғалымның жастарға айтар тағы бір кеңесі: гуманитарлық болсын, нақты ғылым, қарапайым кәсіп болсын, әркім өзі қалаған мамандықты таңдап, өзі жақсы көретін мамандықты меңгергені  абзал. Алған мамандығың бойынша жұмыс істеу мен жақсы көрген мамандығың бойынша жұмыс істеудің арасы жер мен көктей.

Ғылым қазақшаланбаса, бәрі бекер

Оқушы бойында білім сәулесі, ғылыми сана жасөспірім кезінде қалыптаса бастайды. Бала дүниені танып барып қана дұрыс таңдау жасай алады. Бүгінде табиғат, жаратылыстану, әлем, дүниетану, нақты ғылым туралы бастауыш сынып, орта, жоғары сынып оқушыларына арналған ана тіліндегі ғылыми мағлұматтар (контент) өте аз. Талпынып, іздегенімен таба алмай жатады. Қазақшаға аударылғандары табыла қалса, түсініксіз. Әсіресе ғылыми ақпарат, кітаптар жоқтың қасы. Сол себепті олардың ғылыми танымы, санасы бала кезінен орыс, ағылшын тілдерінде қалыптасуда. Химия, физика, математика, жағрафияның күрделі құбылыстарын, қасиеттерін, мәселелері мен формулаларын жеткізуге ана тілінде мүмкіндік болмаған соң баланың ойына «орыс тілін, ағылшын тілін білсем, өлмеймін» деген ой қайтып оралуда. «Қазақ тілі ешқайда қашпайды, орыс тілін, ағылшынды оқытамыз» деп жүрген кейбір ата-ананың қазақ мектебінде оқып жатқан балаларының қазақша сайрамақ түгілі, өз пікірін, оқығанын қарапайым тілмен қазақша баяндап жеткізіп бере алмайтынының астарында да осы ой жатқандай.

– Мектепте қазақша жақсы оқып, терең білім алып келген оқушының өзі жоғары оқу орнына келген соң физика, химия, математика сияқты нақты ғылым салаларында қатты қиналып жатады. Себебі, қазақша ғылыми оқулық, мәліметтер, ақпарат жоқтың қасы.  Осы аса маңызды мәселені назарға алмайынша, қазақ ғылымын дамытуда көп кедергіге кездесе береміз. Мемлекет басшысы айтқандай, өркениетті қадамдар арқылы қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруымыз керек. Сол үшін, елімізде ғылыми сананы, ғылыми саланы қазақ тілінде, ана тілінде дамыту керек, – деген Меруерт Мәуліт өзі оқытып жүрген қазақ студенттеріне арналған ағылшын тіліндегі трибология ғылымы оқулықтарын қазақ тіліне аударуға жетекшілерімен бірге материалдар жинап, кірісіп жатқанын жеткізді. Ол үшін жас ғалым  физика ғылымы саласы терминдерінің аудармасын еліміздің тіл мамандарымен алдын ала кеңесе отырып, нақтылап, бекітіп алмақ. Польшадағы Вроцлав технологиялық университетінде, Румыниядағы Клуж Напока техникалық университетінде ғылыми тағлымдамадан өтіп, жиырмадан астам ғылыми еңбек жазып, халықаралық басылымдарда тоғыз мақала жариялап үлгерген Меруерт ағылшын тілін еркін меңгергенінің арқасында шетелдік ғылыми журналдарға даярлаған мақалаларын ағылшыншаға өзі аударып жүр.

Жас ғалымның ағылшын тіліндегі оқулықты ана тілімізге аударсам деген ойын  «Білім алудың жолы көп, жолдың ішіндегі ең төтесі жақсы мектеп, білімді мұғалім, мұнан қалса, ел ішінде көпке түсінікті болып жазылған білім кітаптары», деген Алаш қайраткері, ұстаз, дәрігер, ғалым Халел Досмұхамедов өз заманында-ақ айтып, қазаққа білімінің керегін, ғылымның қазақшаланғаны ауадай қажет екенін айдан анық көрсетіп кеткен болатын.

Жаныңды ауыртатын «ақау»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түнеугүні өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз» деп, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейте түсу мемлекет саясатының басты бағыты болып қала беретінін мәлім етті.

Президент қазақ тілінің мәртебесін арттыруда қоғамдық ойдың қайнар көзі болып отырған телевизиялық және радиохабарларының сапасын арттыру қажеттігін де айтқаны бар. Ғылымды ана тілінде түсіндіру, сөйлету үшін, зерттеу үшін, алдымен басқа салада, соның ішінде ақпараттандыру саласында қазақ тілінде дұрыс сөйлеп, жазу керек. Қазақ тілінің дұрыс аударылмай жатқаны, қасаңданып бара жатқаны өз алдына, бүгінде халыққа бағыт-бағдар, өнеге беретін, үгіт -насихат айтатын теледидарда, баспасөз бетінің өзінде, әсіресе, интернеттегі ақпараттық сайттарда ерекше дыбыс үндестігімен баурап, қазақ екенімізді ескертіп тұратын «ң»-ды айта алмайтын, айыра алмайтын тілінің «ақауы» барлар көбейіп кетті. «Елдін», «менін», «қаланын», «газеттін» «облыстын» деп діңкеңді құртып, бүкіл сөзді дертті қылып, ұлттық әліпбидің жазылуын да, айтылуын да білмейтін, дыбыстай алмайтындарды тыңдап, көріп жүріп, мектеп (қазақ мектептерінің) қабырғасында осындай дыбыстарды шатастырып, жағаңды ұстатып, жаныңды ауыртып жүрген сан мыңдаған шүлдірлектің қайдан шығып жатқанына көзің жете түседі.  «Келетін болады», «Ескертілетін болады», «Күтіліп отыр», «Күтілуде», «Келе жатырық», «тоғыз мыңнан астам тоннанадан», «бара жатырық», «нәзік жандар»,  «келе жатырған»  «үлкен рахмет» дейтіндер туралы үндемей ақ қоялық. Өз тілін қомсынып, рухани өзегінен айрылып жатқандар қазақ тілін ысырып қойып, орыс, ағылшын тілін жетік меңгеруге тырысуда. Ағылшынды, орыс тілін өз біліміңді кеңейту, арттыру  үшін меңгеру керек, әрине. Бірақ ана тілді білу ұлттың ұлы ретіндегі парыз, міндет екендігін ешкім ұмытпауы керек. Әйтпесе, ұлт тілін шала- шарпы білетін ұл-қыз қазақ ғылымын қалай қалыптастырмақ, мұндай ұрпақпен қазақ тілі ғылыми  айналысқа қалай енгізілмек?

Білген сайын білмегені көбейіп барады

Соңғы жылдары елімізде, оның ішінде біздің облыстағы екі ЖОО- да ғылыми жұмыстарды жүргізуге мемлекеттен қаржы бөлініп, жас мамандардың ғылыммен айналысуына гранттар бөлініп, ғылымды дамытуға нақты қолдаулар көрсетіліп жатыр. Елімізде Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылып, Ұлттық ғылым академиясына жаңа мәртебе берілді.

ШҚУ-дың Беттік инженерия және трибология ғылыми зерттеу орталығының зертханасында тұрған мына бір технологиялық қондырғы оқу орнына 2018 жылы Ресейден сатып алыныпты. Ішіне түскен элементті секундына бір шақырым жылдамдықпен зымырататын CCDS2000 детонациялық кешені  қондырғысында металдардың бетіне төселетін жабындар алынады. Газ жіберу арқылы тұтанатын химиялық элементтер ұнтақ түрінде қондырғының оқпанына келіп түсіп, жарылған газдың энергиясымен балқыған ұнтақтар кірпік қағып үлгермейтіндей қатты жылдамдықпен қондырғы алдындағы металл бетіне барып жапсырылады. Меруерттің осы технологиямен никель, хром, алюминий химиялық элементтерінен алынған ыстыққа төзімді жабыны 1000 градустық ыстыққа да шыдайды. Мұндай жабынды ЖЭО-дағы жылу қазандықтарының бүлінген жерлеріне жамау ретінде пайдалануға болады. Жас ғалымның жүзеге асырып жатқан жобасы осындай ыстыққа төзімді материал түрлерін алу, оларды әрі қарай зерттеу. Қазір ШҚУ-да технопарк ашылып жатыр. Бұл – жас ғалымның зерттеулерін тереңдете жүргізуге, одан әрі өндіріске енгізуге үлкен мүмкіндік тудыратын «өсу нүктесі». Оқу орнындағы жас ғалымдармен бірге Меруерт уақыттан қалыспай, әлемдік ғылыми орталықтармен бірге іргелі ғылымдар саласындағы зерттеулерін жүргізіп жатыр. Меруерттің міндеті ауқымды, арманы асқақ. Өзі айтқандай, білген сайын білмегені көбейіп барады. Өйткені, бұл – ақыл-ойдың дәуірі. Төртінші өнеркәсіптік революцияны өткеріп жатқан әлемде ол  ақылын, ойын, күш-қуатын отандық ғылымның өркендеуіне жұмсап жатыр.

Осы айдарда

Back to top button