«Бұл – 2700 жыл бұрын тіршілік еткен адамның бассүйегі»
Ұлы даланың жеті қыры
Жарма ауданында қазақтың ақбас сиырын өсіретін фермер Қуаныш Сүлейменовтің жеріне кен қазушылар да, археологтар да қызығады. Оның айтуы бойынша, жасырын алтын іздеушілердің қолында бар металл тапқыш құрылғы мен арнаулы күректер ғалымдардың құрал-сайманынан анағұрлым күшті.
– Иелігіміздегі аумақта тарихи мұра сақталғанын бірінші рет 2015 жылы білдік. Тракторшымыз жер жыртып жүргенде жер астынан сурет салынған тастар тауып алған болатын. Ал мұны Зейнолла Кәкімжанов деген басшы ағамыз көріп, «жігіттер, бұл жай тас емес, бұл қорғандар» деп ескертті. Одан кейін 2017 жылы Шығыс Қазақстанды аралап жүрген археолог Әбдеш Төлеубаев ағамыз өлкемізге ат басын тіреп, Қызылсудың бойына тоқтаған. Ол 88 қорған тапты, – дейді фермер бүгінде жерінде жүріп жатқан археологиялық қазба жұмыстары қалай басталғанын түсіндіріп.
Қуаныш Сүлейменов кейінгі жылдары тарихи қорғандардың зерттелуіне де демеушілік етіп келеді. Себебі оның жерінен тас, қола дәуірлері мен сақ, түркі және Қазақ хандығы кезеңдеріне жататын петроглифтер мен өзге де жәдігерлер табылып жатыр.
– Сонау сақ дәуірінен бері сақталған тастарда бұқа мен жылқының суреттері бейнеленген. Бүгін бұл жерде біз де мал бағып отырмыз: дәл сол жылқы, дәл сол сиыр. Біздің генетикамыз, тіршілігіміз сол заманғы кісілермен тығыз байланысты болып тұр ғой. Қанша ғасыр бұрын солар айналысып кеткен шаруамен бүгін біз әлі айналысып келеміз, – дейді ол.
Бұл жерден орыс ғалымдары «2700 жыл бұрын өмір сүрді» деп болжаған ежелгі адамның бассүйегі табылды.
– Көмірсутек талдамасының нәтижесі бойынша, бассүйек біздің заманымызға дейінгі 7-6-ғасырларда жерленген екен. Бұл сақ дәуірінің ерте кезеңдеріне келеді. Сүйекті Ресейге, антропология зерттеуін жүргізу үшін жөнелттік. Олардың зерттеу нәтижесі бойынша, сүйек 20-25 жастағы жас жігіттікі екені анықталып отыр. Қазір көрші елдегі антропологтар кескінін үлгілеуге кірісті. Жұмысты бір айда тәмамдайды екен. Одан кейін Қазақстанға қайта алдырамыз, – дейді Қуаныш Сүлейменов.
Оның айтуы бойынша, бассүйекті археолог Ғани Омаров бастап келген Қазақ ұлттық университетінің экспедициясы тапқан.
Бір айта кетерлігі, фермер сүйекті Ресейге жөнелтуге өзі демеушілік еткен. Бұған, шамамен, бір миллион теңге қаражат керек. Ал неге демеуші болғаны туралы сәл кейінірек айтып берген болатын.
«Олар қашып кетті»
Шығыс Қазақстанның қойнауы алтынға толы. Асан қайғымен байланысты ел аузындағы аңыздарда да бұл туралы айтылып отырады. Соның дәлелі болар, бүгінде заңды-заңсыз кен қазушылар өңірде көбейген. Қуаныш Сүлейменов жеріне кеншілердің күрегінің ұшы тигенін қаламайды.
– Көне қорғандар табылғаннан кейін рейд жүргізіп отыратын болдық. «Джип» мінген белгісіз адамдар әр жерді қазып кетеді. Олардың металл тапқыш құрылғы мен күректері археологтардікінен анағұрлым күшті. Бір жолы ауыр жүк көлігіне мінген, жер қазуға сақадай сай қаруланған белгісіз адамдарды байқадық. Полицияға хабар бердік. Бірақ олар қашып кетті. Содан кейін полиция да рейд жүргізіп тұратын болды, – дейді фермер.
Жасырын алтын іздеушілерден бөлек кәдімгі жер қойнауын пайдаланушылар да мәселе туындатады.
– Жер қойнауын пайдаланушылар жоспарды үш-төрт жылға құрады. Сол аралықта 200 мың текше метр жерді қазып алып тастайды. Бұл дегеніміз, шамамен, алты-жеті футбол алаңына тең аумақ. Сонда олар, біріншіден, қасындағы қорғандардың бәрін құртады. Екіншіден, ландшафтты, табиғат көрінісін бұзады. Ертең еш турист аймағымызға қызықпайды. Ал шетелден туристік маршрутпен келетін демалушылар осындай тұмса табиғатты іздейді, – дейді Қуаныш Сүлейменов.
Фермер қожалығындағы жерді туристік аймаққа айналдырғысы келеді.
– Дәл қазір 247 қорған табылды. Бұл зерттелген аумақтың 40 пайызы ғана. Демек, әлі де қорғандар шығады деген сөз. Археолог Зейнолла Самашевтің айтуы бойынша, алтын адам да табылуы мүмкін. Болашақта осы қорғандардың әрқайсының жанына тақтайша қойып, аспан астындағы ашық музей етіп істегіміз келеді. Жоспарымыз бойынша, бұл Қазақстанда үлкен музей болады. Бұл жерді тез арада мемлекет қорғауына алу керек. Қазір облыс әкімінің тапсырмасы бойынша зерттеу комиссиясы келіп осы мәселені қарастырып жатыр. Шешімдерін күтеміз, – дейді Қуаныш Сүлейменов.
Алуан түрлі жаңалық ашқан әлем ғалымдары қазір қайтадан табиғат пен табиғи өнімдерді тұтынуға, қалпына келетін энергия көздерін пайдалануға шақырып жатыр. Қуаныш Сүлейменовтің жоспары әлем ғалымдарының зерттеулерімен үндес. Ол тарихтан сыр шертетін қорғандарды аралап, тұзды көлге шомылып, саумал мен сүт ішуге туристер жан-жақтан ағылып келіп жатуын армандайды.Туған өлкесінің түлеп, шырайлана бергенін тілейді.
– Өлкемізде өзендер мен Нысанғали деген көл бар. Біздің жақтағы үлкендер денедегі жараны кетіреді, ауырудан айықтырады деп сол көлге шомылады. Көлдің тұзы көп. Алдағы уақытта суын сараптамаға жіберемін. Содан кейін жағасына демалушыларға арнап үй салмақпыз. Мал шаруашылығымен айналысып отырғаннан кейін саумал мен сүтіміз өзімізде. Меніңше, мұндай демалыс қалада тұратын ағайынға ұнары анық. Мысалы, осындай тарихи қорғандарды көру үшін Катонқарағайға бару кейбір адамға алыс болуы мүмкін ғой. Ал бізге облыс орталығы да, Семей де жақын. Бірі – 90, екіншісі 140 шақырым. Жолдың бойындамыз. Пойызбен келушілерге «Шалабай» стансасы да жап-жақын, – дейді Қуаныш Сүлейменов.
Тасқын Болатұлы