Қоғам

Бұқтырма көпірі жоспарға сай салынып жатыр

Ержан Әбіш

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы қарқынды жүруде, бүгінге дейін 21 тіректің тоғызы салынып бітті. Бұл туралы Күршім ауданына жұмыс сапары аясында аталған нысанның құрылыс барысымен танысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.

Бұл үш ауданды байланыстыратын стратегиялық және әлеуметтік нысан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша салынуда.

– Құрылыс бірден екі жағадан басталды. Маусымдық ауа райына тәуелді болмас үшін техникалық көпір салынған. Құрылысшылар екі ауысымда жұмыс істеуде, олар үшін вахталық кент жабдықталып отыр. Көпірдің ұзындығы – 1316 метр. 21 тіректің тоғызы салынды. Өткел сенімді әрі берік болуы үшін заманауи технологиялар қолданылуда. Мысалы, әр тіректің тереңдігі 40 метрден асады. Төсемнің ені – 10 метр, көлік айрықтары, су бұру, мал өту жолдары қарастырылған. Көпір кеме қатынасына кедергі келтірмейтін болады, – деді облыс әкімі.

Еліміз үшін бірегей құрылыстың салынуы Күршім, Тарбағатай және Зайсан аудандарының логистикасын түбегейлі өзгертеді. Көпір аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ туризмге, өндіріс пен кәсіпкерлікке жаңа серпін бермек.

Осы айдарда

Back to top button