Руханият

Бүгінгі қарияларымыздың бейнесі қандай?

Жуырда «Қазыналы қария – даналық пен парасат иесі» атты Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының аймақтық ақсақалдар форумы өтті. Оған Шығыс Қазақстаннан арнайы өкілдер қатысып, баяндама жасады.

«Бүгінгі ақсақалдың бейнесі» деген тақырыпты қозғап, салмақты ой, салиқалы сөз өрбіткен облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Манарбек Мұхамеджанов: – Бүгінгі қариялардың даналық, батагөйлік, іскерлік, тағы басқа да бейнелік портреттерін тізіп айтуға болар еді. Бірақ мен екі-үш мысал келтіру арқылы бейненің бір-екі қырын аша кетейін, – деп бастап дін, діл, тіл турасында тереңінен толғайды. Оқырман қауымға баяндамашының сөйлеген сөзін мазмұны мен мәнін сақтай отырып ықшамдап ұсынып отырмыз.

«1886 желтоқсанда Пржевальский Николай Михайлович «Русский вестник» журналында «Современное управление Азией» деген мақаласында былай деп жазыпты: «Қойды итше үргізуге болмайтыны сияқты, өзінің табиғатында топас, жалқау, әр нәрсеге немқұрайлы қарайтын көшпендіні жігерге толы, өркениет адамына айналдыруға болмайды. Тіпті сахарасында өзінше «бақытты өмір» сүріп жатқан оларға өркениетті өмірдің керегі де жоқ».

Бұдан не тоқуға болады. Империялық мүдделері басым мемлекеттер мен халықтар біздің жаңарып жаңғыруымызды, бақуатты ел болуымызды, білімді де өркениетті елге айналуымызды қаламайды. Ол бесенеден белгілі.

Оған жауап беретін, төтеп беретін, жеңіске жеткізетін руханияты жоғары ел ғана. Ұлттық сана, ұлттық мақтаныш, ұлттық қадір қасиет – ұлттың сапасын анықтайды ғой. Сондықтан да «дін құрыса тіл сақтайды, тіл құрыса үн сақтайды, бәрі құрыса діл сақтайды» деп тегін айтылмайды. Ал діл, тіл, дін тізе қосқанда оны оқ қана жеңе алады. Бізде қазір оның тұтас бірлігі болмай тұр.

Сондықтан, бірінші кезекте ақсақалдар Ислам дінінің хақтығы мен оның баға жетпес құндылықтарын насихаттауда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен, оның өңірлік өкілдіктерімен тығыз байланыста жұмыс жүргізейік. Қалай десек те, қазағымыздың дәстүрі мен мәдениетін, салт-санасын Исламнан бөліп қарауға болмайды. Исламның құндылықтарынсыз елді рухани жаңғыртамын деген бекер.

Француз ғалымы Гюстав Лебон: «Құрандағы моральдық  принциптер   соншалықты жоғары, олар басқа барлық діндерде айтылғандардың бәрінен биік тұр» депті. Олай болса, ақсақалдарға қасиетті кітап – Құранның негізгі қағидаттарын күллі мұсылман қауымының жүріп-тұру ережесі ретінде ең алдымен өзіміз терең игеріп, соны жастарға жеткізейік дегім келеді.

Ақсақалдың бүгінгі жағымды бейнесіне аса бір бір қажетті қасиет дейміз бе, сапа дейміз бе ол – әділеттілік. Ол – істеген ісіңе, жасаған қадамыңа, адамдарға деген әділетті көзқарас. Тіпті тарихымыздың өзіне әділеттілікпен, шындықпен қараған жөн. Тым мақтаншақтық, әсіре көрсеқызарлық, менмендік, тәкаппарлық, байшыкеш пиғыл, шектен тыс өзімшілдік, жағымпаздық қоғамда тұнып тұрғанын жақсы білесіздер. Ол түбі жақсылыққа апармайды. Оны кеше ған болған оқиғалар көрсетті. Енді олардың беті аулақ болсын дейік.

Байқара бидің ұрпақтарының бірі – Жарқынбайдың ұлы Жұмақан үлкен дәулетке ие болған. Тіршілікке деген өз ұстанымы бар Жұмақан,  билік дегеннің бұл жалғанда салыстырмалы ғана орыны  бар деп сезініп, ат-қамінер болуды қажетсінбеген. Болыстықты кенже інісі Рахманқұлға беріпті.

Бірде Жұмақан бай ерте тұрып, таң намазының алдында дәрет алуға  сыртқа шықса, Рахманқұлдың үйінің артында байлаулы тұрған көп атқа көзі түседі. Үйіндегі қызметшісінен, “Мынау не қылған аттар?”- деп сұрайды.

Әлгі адам, “Болыстың жолы болып тұр ғой, ел аралаған екен, сыйлыққа екі жорға, екі бәйге ат әкеліпті”- депті.

Жұмақан үндемей үйге кіріп, намазын оқып, таңғы асын ішіп болғаннан соң болысты шақыртып алып: “Сен не істеп -жүрсің? Біз атамыз Нарынбайдан бері ел басқарғанда біреу-ден суыртпақ жіп пайдаланған әулет емес едік. Сен біздің таза тегімізді былғадың ғой. Өзіңде мың жылқы бар. Менің дәулетім саған белгілі. Тіптен керегі болса, бар да менің жыл-қымнан сегіз ат ұстап ал. Тек қана, мына халықтан қаралық-пен алған малдарын қайтар” – деп ұрсып, тіптен болысты сабауға айналғанда, інісі үйден қашып шығады.

Рахманқұл болған жайды Әріп Тәңірбергеновке айтып, ақыл-кеңес сұрайды. Әріптің ойлап тапқан жолымен, “Семейден ұлықтар шы-ғады деп жақсы аттарды жинаған едік, бірақ олар келмейтін болыпты,”- деп болысқа сыйға берген малдарын иелеріне қайтарыпты.

Ақтайлақ би қазақи өнер мен өнегелерді аталары ұстанған тариқат жолдарымен үйлестірген. Сондай тәрбиенің бірі, – қонақ қарсы алу мен күтуге, дәм ұсынуға байланысты.

Су құйған кісі қонақтарға қол сүртуге әрдайым таза, құрғақ, ауыстырылмалы орамалдар ұсынылатын. Ас дайындаушы әйел адамдар міндетті түрде бастарын орап жүретін. Қонақтарға үлкен (сый) табақтарды тек ер адамдарға тартқызып, қымыз бен шұбатты, ыстық сорпа мен шәйді тек қана әйелдер құйып беретін ережелер қалыптасқан.

Қонақтарға табақ пен сыбаға олардың атқамінерлігі, дәрежесі мен байлығына емес, кісілігіне (ел ортасындағы абыройына), туыстық, жекжаттық байланыстарына орай тартылатын. Дастарқан үстінде қонақжайлылықпен қатар бидің тәлім-тәрбиесі де қатар жүретін, ерсі қимылдар жасауға, анайы сөз, өсек, ғайбат айтуға қазақтың «жазылмаған заңдары» арқылы тиым салынған. Тамақ ішу тәртібіне ерекше көңіл бөлінген. Ыдыс-аяқтың тазалығы мен бүтіндігі назардан тыс қалмаған. Ас-су тек қана оң қолмен ішілген. Сол қолмен ауызға дәм апару әдепсіздік саналған.

Би шаңырағына бас сұққан адамдарды жадырай қарсы алу, мол дастарқан жаю,  қабақ шытпай шығарып салу Байқара ұрпағына Жаратушы Иемізден берілген киеден еді. Ел аузында елдіктің, бірліктің, татулықтың сара жолы ретінде тек қана ақ матадан жайылатын «Ақтайлақтың бес дастарқаны» болған делінеді.

Бұл да үйренуге, қолдануға, дәріптеуге тұратын құндылықтардың бірі.

Лепті үнімен мәнерлеп ғибрат айтып, көтеріңкі сарынмен үндеу тастап, соңындағы елін алға ұмтылуға бастау сонау Білге Тоныкөктен мирас болған дәстүр.  Өскелең ұрпағымызды бабалардан қалған тарихи ерекшелігімізбен, кешегі керемет жан кешулерімізбен, ұлы тарихи тұлғаларымызбен баулу – ең өзекті мәселе деп есептеймін» деп түйді Манарбек Мұхамеджанов.

Didar ақпарат

 

Осы айдарда

Back to top button