ҚоғамТОП

Бүлдіршіндерді шаттыққа бөлеген күн

Күнтізбеде кіршіксіз бір дата бар. 1 маусым – Балалар күні. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде көңілді іс-шаралар өтеді. Бүлдіршіндердің игілігі үшін бірқатар шаруа атқарылады. Шығыс өңірінде де жаздың алғашқы күні, әдеттегідей, шырайлы мерекемен басталды.

Облыс орталығындағы Ғарыш көшесінде жаңа балабақша ашылды. Халықаралық балалар құқығын қорғау күнімен тұспа-тұс келген бұл шара бүлдіршіндерге бағалы тарту болғандай. Кешенді жөндеу жүргізілген, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған, түрлі түске боялған ғимаратты аралап көрген ата-аналар да дән риза.

«Азамат AS -3»  деп аталатын мектепке дейінгі білім беру мекемесі 240 орынға шақталған. Барлығы 12 топ болады. Төрт топта ерекше қажеттілігі бар балалар тәрбиеленетінін айта кеткен жөн.

Шуақты мереке күні онсыз да мәз-мейрам болып жүрген бүлдіршіндердің қуанышында шек болмады, рас. Тұрғындарының саны жыл санап еселеп өсіп келе жатқан Өскемен үшін де бұл айтулы оқиға. Мәселен, биыл облыс орталығында 1 600  түлек оқуды аяқтаса, қыркүйекте шамамен 6 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттағалы тұр.

– Сондықтан кейінгі жылдары жаңа балабақша ашуды мықтап қолға алдық. Жылына кемінде жеті-сегіз жүз орын ашуды көздейміз. Бұл балабақшаның пайдалануға берілуі сол ауқымды жұмыстың бір бөлігі, – деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Бүгінде өңірде 205 балабақша бар. Үш жастан бес жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі біліммен толық қамтылған. Екі жастан үш жасқа дейінгі мыңнан астам бала әзірше кезекте тұр.

Облыс орталығында балдырғандардың мерекесі мұнымен ғана шектелген жоқ, әлбетте. Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған психологиялық-медициналық және педагогикалық консультациялық орталық ашылды.

– Өскеменде енді консультациялық орталық екеу болды. Ерекше қажеттілігі бар балалар арнайы мектептерге, балабақшаларға немесе оңалту орталықтарына бару үшін  осындай орталықтардан тексеруден өтуге тиіс. Комиссия мүшелері балаға арнайы ұсыныс бергеннен кейін ғана инклюзивті білім беру мекемелеріне кезекке тұруға болады. Қаламызда мұндай көмекті қажет ететін балалардың саны көп. Бұл мекемені ашудағы басты мақсат та сол кезекті азайту, – дейді «Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация» КММ меңгерушісі Күмісай Абылайхан.

Мұндай орталық Өскеменнен бөлек Алтай және Шемонаиха аудандарында да жұмыс істейді. Жалпы бүгінде өңірде 11 мыңнан астам ерекше бала бар. Ал Өскемен қаласы бойынша 700-ден астам бала консультациялық орталық кезегінде тұр.

Сонымен қатар бас шаһарда ерекше қажеттілігі бар балаларды ерте қолдау қызметінің кабинеті ашылды. Мұндағы мамандар енді 200-ге жуық баланы емін-еркін қабылдай алады.

– Бұл кабинет қызметінің арнайы білім беру жүйесі үшін маңызы зор. Өкінішке орай, елімізде мүмкіндігі шектеулі балалар саны артып барады. Бүгінде 203 мыңнан астам бала ресми түрде тіркелген. Бұл балалар психологиялық, медициналық, педагогикалық тексерістен өткен балалар. Сондықтан оларға қолдау көрсету маңызды. Өскемен қаласында ерте қолдау қызметі кабинетінің ашылуы Шығыс өңірде бұл бағыттағы жұмыстың дұрыс жолға қойылғанын көрсетеді, – деді Оқу ағарту министрілігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының» директоры Айгүл Байтұрсынова.

Ерте қолдау қызметі кабинетінде 0-3 жас аралығындағы балаларға және олардың отбасына сапалы қызмет көрсету көзделген.

– Егер бала қатарластарына қарағанда моториканы баяу игерсе, сөйлеуді дамытуда артта қалса, агрессия көрсетсе немесе үнемі жыласа, ұйқысы мен тәбеті бұзылса ата-аналар бірден осы орталыққа жүгінуге тиіс. Біз арнайы тексерістен өтіп, жолдамамен келген кез келген балаға көмектесеміз, – дейді дефектолог Раушан Ермекқызы.

Өскемен – әнші қала

Облыс орталығы мен іргелес аудандардың балаларына арналған «Әнші қала» атты вокалдық конкурсты облыстық музей-қорығы ұйымдастырды.

Осымен екінші рет өткен байқауға 5 пен 10, сондай-ақ, 11 мен 18 жас аралығындағы вокалистер қатысты. Жоғарыда айтылғандай, қатарынан екінші жыл өткізіліп келе жатқан фестивальді қала тұрғындары жылы қабылдады.

Қатысушылардың өнеріне кәсіби қазылар алқасы баға берді. Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары «Казцинк» ЖШС сияқты фестиваль демеушілерінің жүлделеріне, сондай-ақ конкурсты ұйымдастырушылардың дипломдарына ие болады.

– Былтыр алғаш рет «Әнші қала» атты кәсіби емес әншілер фестивалін өткізген болатынбыз. Сол кезде де біраз ата-анадан балаларын байқауға қатыстыру жөнінде өтініш келіп түскен. Ал биыл ондай қатысушылар саны тіптен көп. Қырықтан астам балақай бақ сынауда. Қатысушылар екі санатта өнер көрсетті. Ол – сахналық және топтық ән шырқау санаттары. Ата-аналарға, көрермендерге, біздің бастамаға қолдау білдірген барлық жанға алғыс айтамыз. Ең бастысы, балалардың көңілінен шықса, болды, – дейді облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей қорығының әдіскері Әділет Құмарбеков.

Сондай-ақ фестиваль аясында көрермендер назарына Шоколад патшасының құттықтауы, Stage би студиясы әртістерінің қойылымы, түрлі байқаулар мен ұтыс ойындары сияқты іс-шаралар ұсынылды.

«Әнші қала» байқауымен қатар бұл күні «Біз бақытты баламыз» фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шараға әртүрлі үйірмелерге қатысатын жасөспірімдер мен оқушылар – жалпы саны 500-ден астам өнерпаз қатысты.

– Әртүрлі бағыттағы үйірмелерге қатысатын өнерлі балалардың қатысуымен фестиваль өтіп жатыр. Бұл – өңірдегі өнерлі балаларға көрсетілген үлкен қолдау деп ойлаймын. Бірі ән салып, бірі би билеп мерекені қуанышпен қарсы алуда. Біздің бар мақсатымыз – балаларды қуанту, өнерлі өрендерімізге қолдау көрсету, – дейді ұстаз, «Әкелер мектебінің» негізін қалаушы Ертісбек Сәдуақасов.

Сондай-ақ мерекелі күнге орай этнопарктегі киіз үйлердің бірінде «Ғаламат суретшілер галереясы», «Сырлы әлемге үңілу», және «Шексіз шығармашылық» атты сурет көрмесі өтіп, көпшілік қызыға тамашалады.

– Бізге осындай қуанышты сәт сыйлаған ата-анамызға, ұстаздарымызға алғыс айтамын, – деді фестивальге қатысқан оқушы Айым Қасымханова.

 

Кенді шаһардағы көңілді кеш

Риддер қаласында балалар көптен күткен ойын-сауық саябағы ашылды. Кенді шаһардың кішкентай тұрғындарын қуанту үшін бұл жобаға жергілікті кәсіпкер өз қаражатын жұмсаған.

Ойын-сауық саябағында балаларға қажеттінің бәрі бар: көп қабатты лабиринт, қос бассейн, батуттар, сырғанақтар және т.б.

– Мереке күні ойын-сауық алаңын ашып, әртүрлі жастағы балаларға арналған көптеген іс-шараларды ұйымдастырдық. Қолдау көрсеткен қала әкімдігі мен Мәдениет сарайының басшылығына алғыс айтамыз, – деді саябақ директоры Ирина Гайдук.

Аттракциондар ақылы болады, бірақ баға қалыпты. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға елу пайыздық жеңілдік те бар.

Сондай-ақ бұл күні қаланың орталық алаңында дарынды бүлдіршіндер өнер көрсетті. Балалар мен жастардың шығармашылық ұжымы кенді шаһарды думанға бөледі.

 

Көпшіліктің көзайымы болды

Зайсан қаласының тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай балалар мен жасөспірімдердің көркем-қолданбалы көрмесі өтті.

– Өскелең ұрпақтың ел мен жерге, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін оятып, шығармашылығын шыңдау, дарынды балаларды тану, оларға қолдау көрсету «Менің елім» деп аталған көрменің басты мақсаты болды, – дейді ұйымдастырушылар.

Іс-шараға жалпы білім беретін мектептер мен қосымша білім беру мекемелерінің оқушылары және аудан тұрғындары қатысты. Өнерпаздардың туындылары көпшіліктің көзайымына айналды. Қатысушылар ортаға шығып сөз сөйлеп, жобалары мен шығармашылық жұмыстарын таныстырған еркін форматтағы шара бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Осы айдарда

Back to top button