Тәуелсіздік - 30ТОП

Бүлдіршіндер орамал тақты

Балауса Қожаева

«Көктем аруы», «Күз ханшайымы», «Miss Өскемен», «Қазақстан аруы» сынды байқауларды естіп те, көріп те жүрміз. Ал «Тәуелсіздік аруы» атты сайысты тамашалап көрген бе едіңіз? Ал біз көрдік және алған әсеріміз жайлы сіздермен бөлісуді жөн санап отырмыз.

Әдетте сұлулық байқауында жасөспірім қыздарды немесе кәмелет жасына толған бойжеткендерді көріп жатамыз. Бұл жолғы сайыстың аты да, заты да бөлек. Жиылған қауым шараның басталуын күтіп отырғанда, 12 қыз сахнаға шығып, «Қазақ қызы» әніне қойылған композициямен жұртты тәнті етті. Қатысушылар болар деп отырғанымыз сол-ақ еді, бишілер сахнадан ғайып болды. Артынша ортаға 6-7 жастағы бүлдіршін қыздар шықты. Образдарын айтып жеткізу қиын. Әрқайсысы өзінше керім, өзінше ерекше. Бірінен бірі артық өтеді.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған байқау еліміздің әр өңірінде өтіп жатыр. Кезек облыс орталығындағы «Үміт» балалар үйіне де келіп жетті. Сайысқа Альнура Шойынбаева, Виктория Шварева, Сабина Салихова, Диана Акимова және Александра Лавришина атты бес қыз қатысты.  Ерекше образда шыққан арулар сән көрсетті. Алғашқы айналым – «Таныстыру». Бейнежазба арқылы өздері жайлы толық мағлұмат беріп, қызығушылықтарымен бөліскен бүлдіршіндер әр ұлттың орамалын таныстырып, тәуелсіздік жайлы өлең оқыды. Сайысқа Ольга Булавкина, Камал Әлпейісова, Сәния Әубәкірова, Назигүл Ахметқалиева, Арайлым Есімбекова қатарлы өңірімізге белгілі жандар төрелік етті. Әр айналым сайын қатысушылардың өнері бағаланып отырды. Сайыс жеңімпазы «Тәуелсіздік аруы» атанса, қалған қатысушылар «Көрікті», «Нәзік», «Өнерлі», «Зерек» атты номинациялар үшін бақ сынады.

Алты жастағы бүлдіршін орамал тағуды үйретті

 

Орамалдың әйел өміріндегі орны ерекше. Бүгінгі қыз ертеңгі келін, ана, әже. Осыған байланысты сайыста ерекше айналым болды. Бұл айналымды бұрын-соңды ешбір жерден көрмеген боларсыздар. Кезең  «Орамалды байлау тәсілдері және көрсету» деп аталады. Сайыс қатысушылары небары 5 минуттың ішінде орамал байлау тәсілдерін көрсетті.

– Біз сайысқа 1,5 айға жуық дайындалдық. Байқау болады дегенде қатты қуандық. Бәріміз жұмыла дайындалдық. Ал орамал байлауды үйрену қиын болды деп айта алмаймын. Себебі ұстаздарымыз көрсетіп, үйретті. Әзірше сайыс тартысты өтіп жатыр. Өнер айналымында би өнеріне деген қабілетімді көрсетемін, – дейді Александра Лавришина.

Бұдан кейін қатысушылардың білім деңгейі сыналды. Бүлдіршіндерге түрлі сауал қойылды. Мүдірместен жауап берген арулардың біліміне көпшілік таңырқап, қошемет көрсетті. Ал келесі кезең тіпті ерекше әсер қалдырды. Көзді ашып-жұмғанша ең соңғы айналымға да келіп жеттік. Өнер бәйгесінде қыздарымыз би билеп, ән шырқады. Сайыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтарын ала келген демеушілер де аз емес. Олардың қатарында ірі кәсіпорындар мен шаһардағы дәмханалардың басшылары бар. С.Аманжолов атындағы ШҚУ қызметкерлері де бұл шараға қонақ ретінде қатысып, демеушілік білдірген екен.

–  «Жастар – ел тірегі». Сол үшін жастарға қолдау білдіру – біздің міндет. Осы орайда университет ұжымы сайыс қатысушылары үшін сыйлықтар себетін дайындады. Себеттің ішінде тәттілер, ойыншықтар және электронды сағаттар бар. Қатысушылардың барлығына бірдей себет дайындадық, – дейді университет басшылығы.

Қазылар алқасының өкілі еткен Арайлым Есімбекова байқау жайлы былай дейді:

– Тәуелсіздігіміздің ең басты жетістіктерінің бірі – елдегі татулық. Ұлттардың арасындағы ауызбіршілік. Осыған байланысты байқаудың да терең мәні бар. Әр ұлттың орамалын таныстырып, байлау тәсілін көрсету арқылы өзге халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптеп жатырмыз. Шыны керек, өте ерекше әсер алдым. Аруларымыздың өнеріне тәнтімін, шарада концерттік нөмір көрсетіп жатқан жастарға да қарап қуанып отырдым, – дейді.

Сайыс қорытындысы бойынша «Өнерлі» номинациясын Сабина Салихова, «Нәзік» номинациясын Диана Акимова, «Зерек» номинациясын Виктория Шварева, «Көрікті» номинациясын Александра Лавришина жеңіп алса, сайыс жеңімпазы Альнура Шойынбаева атанды.

–  Маған сенім артқан ұстаздарға, достарыма рахмет. Бүгінгі сайыс балалық кезімнің жарқын естелігі болып жүрегімде қалады. Өте қуаныштымын, –  дейді бүлдіршін.

Сайысқа қатысқан бес қызымыздың құлағына алтын сырға тағылды. Ал «Казцинк» және «Өскемен титан-магний комбинаты» балаларға бағалы сыйлықтар мен техникалық жабдықтар таратты. Ал «Milano Cakes» кондитерлік компаниясы аруларымызға тәтті сыйлықтар таратты.  

Мерейлі мерекеге санаулы күндер қалды. Халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатын тарихи күнде бүлдіршіндердің шат-шадыман күлкісі азат елдің жарқын бейнесіндей болып көз алдымызда қалды.

 

Осы айдарда

Back to top button