Қоғам

Бүгінгі ковидтің басты айырмашылығы неде?

Айна Ескенқызы 

Өткен тәулікте елімізде ковид жұқтырған 2 054 жаңа науқас тіркелді. Ең жоғары көрсеткіш Нұр-Сұлтан қаласында – 800 адам. Демалыс күндері жаңа жағдайлардың саны республика аумағында 2 649-ға жеткен-ді. Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында бірлі-жарым фактілер анықталды. Соңғы тәулікте облысымызда коронавирус инфекциясының алты жаңа жағдайы белгілі болды.  Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 13 наурызынан  Қазақстанда COVID-19 инфекциясының дәлелденген 1 333 547 жағдайы ресми тіркелді.

Коронавирус бұрынғыға қарағанда осы жазда әлдеқайда жеңіл және жылдам өтеді. Дегенмен, оның өте жұқпалылығы инфекцияның әлі де қатерлі екенін дәлелдей түседі. Сол себепті COVID-19 инфекциясымен күресте ковидке қарсы стратегия мен вакцинация шешуші рөл атқаратынын айтады, Өскемен қалалық №1 емханасының терапевт-дәрігері, отбасылық денсаулық орталығы бөлімінің басшысы Гүлнәзи Шәріпова.

Дәрігердің сөзіне қарағанда, мутацияға ұшыраған коронавирус бүгінде өкпені көп зақымдамайды, омикрон штамы негізінен жоғарғы тыныс жолдарына әсер етеді және аурудың ауыр ағымын тудырмайды екен.

– Өткен жылдың жазындағы жағдаймен салыстырып көрейік. Қазір бізде негізінен омикрон штамы кездеседі. Аурудың бірнеше есе жеңіл өтетінін және жоғарғы тыныс жолдарына көбірек әсер ететінін байқап отырмыз. Бұл  – назофарингитринит, жөтел, тамақтың ауыруы, дене температурасының жоғарылауы. Әлбетте, температура өткен  жылғы коронавирустық инфекцияға қарағанда жоғары. Алайда бұл белгілердің кенеттен әрі тез білінуі, айналып келгенде, бізге медициналық көмекке жүгінетін науқастарды тезірек анықтауға мүмкіндік береді. Ауру жедел респираторлық вирустық инфекция сияқты жүреді. Өкпенің зақымдануы өте сирек жағдайларда байқалады. Инкубациялық кезең қысқарады, инфекция немесе аурудың жұқпалы болуы анағұрлым жоғары болғанымен, аурудың мерзімі  жеті күнге дейін қысқарады, – деп атап өтті Гүлнәзи Мырзақанқызы.

Гүлнәзи Шәріпованың айтуынша, емдеу  әдістерінің де бұрынғыдан еш айырмашылығы жоқ. Бұрын қабылданған хаттамамен жұмыс істейді.

– Егер науқас өзінде ЖРВИ белгілерін сезінсе, онда ол телефон арқылы учаскелік дәрігерге хабарласып, мобильді топты шақыра алады. Содан кейін мобильді топ ПТР тапсырудың қажет не қажет еместігін, осы науқас үшін қандай ем керектігін шешеді. Көбінде температураны төмендету үшін көп мөлшерде сұйықтық ішуге немесе парацетамол таблеткасын қолдануға болады. Әдетте, вирустық ауру антибиотиктерге мұқтаж емес, – деп нақтылады дәрігер.

Дәрігер коронавируспен күресте вакцинацияның ерекше рөлін атап өтті. Инфекция қаупі вакцинациядан кейін де сақталады, бірақ вакцинаның арқасында вирус ағзаға енудің бастапқы кезеңінде бұғатталуы мүмкін, сондықтан ауру жеңіл немесе симптомсыз өтеді. Сондай-ақ Гүлнәзи Мырзақанқызының сөзіне қарағанда, вакцинациядан кейінгі иммунитет аурудан кейінгіге қарағанда әрқашан дерлік күшті. Вакцина салдырғандарда ковидке төтеп беру жоғарылайды, көп жағдайда науқас ауруханаға жатқызуды қажет етпейді. COVID-19-ға қарсы вакцинация және ревакцинация аурудың таралуын тоқтатады және осылайша иммунитеті әлсіз адамдарды (қарт адамдар, онкологиялық науқастар және денсаулығы нашар басқа адамдар) қорғайды.

Естеріңізге сала кетсек, бүгінгі күні N1 емхана облыс орталығындағы 60 мыңға жуық тұрғындарға қызмет көрсетеді. Тұрғындарға вакцина толығымен қолжетімді. Әуезов даңғылы, 18 мекенжайы бойынша орналасқан №1 емханаға бекітілген тұрғындар вакцинаны мекенжайы бойынша екпе кабинеттерінде ала алады. Ол үшін 318-кабинетке дүйсенбі-жұма аралығында сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін баруға болады.

Осы айдарда

Back to top button