Бұқтырманың жағалауын тексеріп жүр
Биыл облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша Бұқтырма су қоймасының жағалауына инвентаризация жүргізілуі тиіс. Бүгінде Зырян ауданында бұл мақсатта арнайы комиссия құрылып, жағалауды тексеру жұмыстарын бастап кетті.
Аталмыш акцияның мақсаты айқын – Бұқтырмадағы жағажайды жөнге келтіріп, туризмнің дамуына жағдай жасау. Зырян аудандық туризм бөлімінің басшысы Вячеслав Князевтің айтуынша, өңірде бұл тұрғыда проблема шаш етектен.
– Жалпы, біздің ауданда су жағасында орналасқан екі рекреациялық аймақ бар. Оның бірі әрі негізгісі – Бұқтырма рекреациялық аймағы. Екіншісі – Никольск ауылдық округі аумағындағы зона. Әзірге комиссияның негізгі жұмысы жағалауда орналасқан нысандарды есепке алып, олардың қандай мақсатта пайдаланылатынын анықтау болып тұр. Бұл, әрине, бір күнде, тіпті, бір айда тындырылатын шаруа емес. Себебі, бір ғана Жаңа Бұқтырмадағы рекреациялық аймақтың аумағына кіретін жағалаудың ұзындығы 35 шақырымды құрайды. 1992-2016 жылдар аралығында ауданда су жағасында орналасқан 4 612 жер учаскесі түрлі мақсаттарға пайдалануға берілген. Бүгінде бұл жер телімдерінде жеке саяжайлардан бөлек, екі жүзден астам шағын демалыс базасы бар. Олардың бәрін тексеріп шығу үшін біраз уақыт пен қосымша жұмыс күші қажет. Осының бәрін ескере келе, Зырянда Шығыс Қазақстандағы алғашқы аудандық туризм бөлімі құрылды, – дейді Вячеслав Князев.
Жоғарыда айтылғандай, мамыр айында басталған акция барысында комиссия мүшелері жағалаудағы жер телімдерінің шекараларын нақтылап, учаскелердің қаншалықты мақсатты пайдаланып жатқанын анықтайтын болады.
Аудандық туризм бөлімі басшысы тексеріс нәтижесінде жер телімдерінің игерілмей, бос жатқаны дәлелденетін болса, учаске иелері құқықтарынан айырылуы ықтимал екенін де жоққа шығармайды.
– Әлбетте, қазіргі мақсатымыз анықтау ғана. Дегенмен, біз үшін ең алдымен, мемлекет тарапынан берілген учаскелердің мақсатты пайдаланылғаны маңызды. Егер жер иесі бірнеше жыл бойы оның игілігін көре алмай отырса, онда телім сот шешімімен мемлекетке қайтарылуы әбден мүмкін, – дейді ол.
Маман бір айдан астам уақыт бұрын басталған акция алғашқы нәтижелерін бере бастағанын да жасырмады. Атап айтқанда, тексеріс барысында өз еркімен жер иемдену, су басу қаупі жоғары аймақтарда құрылыс жүргізу сияқты фактілер анықталыпты. Оның айтуынша, су қоймасы жағасында орын тепкен үлкенді-кішілі демалыс базаларында салық төлеуден жалтару деректері де кездеседі.
Айта кетейік, 2016 жылдың жазында жүргізілген санақ нәтижесі бойынша Зырян ауданында құрамына 1 878 коттедж, он екі жарым мың төсек-орын кіретін 122 ірі және орта деңгейлі демалыс базасы, екі демалыс үйі, үш балалар жазғы лагері мен екі пансионат тіркелген. Аудандық туризм бөлімі жүргізген мониторинг деректеріне сүйенсек, былтыр Зырян ауданына 370 мың турист саяхаттап қайтқан.
Нұржан Кенжеұлы