Қоғам

Бұқтырманың бұғып жатқан сыры көп

Бұқтырманың бұғып жатқан сыры көп


Өткен ғасырдың 60-шы жылдары еліміздің Шығысында Бұқтырма су электр станциясы салынып, әлемдегі ең үлкен жасанды су қоймаларының бірі– Бұқтырма пайда болды. Құрылыс асау Ертістің қуатын электрге айналдырып, өңірдің өндіріс орындарына серпін берді. Өзен бөгеліп, су қоймасы жасалған кездеүш жүз мың шаршы метрден астам алап су астында қалды…

Құрылыс жеті жылға созылды

Ұлы Отан соғысынан кейін кенді Алтай өңіріндегі зауыттардың қуаты арта түсті. Металл өндіруші цехтарға мол мөлшерде электр қуаты қажет еді. Алғашында Ертіс бойына Өскемен ГЭС-і салынған болатын. Бірақ оның күш-қуаты жеткіліксіз болды. 1952 жылы Мәскеу Қазақстанның шығысында, Ертіс өзенінің бойында қуатты су электр станциясын салу туралы қаулы шығарып, сол жылы-ақ жобалаушылар іске кірісіп кетті. Үлкен өзенде бөген тұрғызу, сондай-ақ станцияның өзін салу қыруар қаржыны және инженерлік шеберлікті талап етті.

Станция жылына 2,6 миллиард киловатт қуат беруі тиіс еді. Осы құрылыс үшін Өскеменнен қазіргі Алтай қаласына 186 шақырымдық темір жол төселді. Әскер күшімен салынған жол 1953 жылы аяқталып бітті. Жол бойына Серебрянка станциясы салынып, кейін ол шаһарға айналды. 1958 жылы Серебрянка кентінде 18 мың адам тұрған, төрт жылдан кейін оған қала дәрежесі берілді.

Құрылыс жұмыстары жеті жылға созылды. Жалпы, осы нысанды салу кезінде әлемде тұңғыш рет қалқымалы көпір әдісі және бетонның жаңа түрі қолданылды. Бір қызығы, 2002 жылы ГЭС бетонын екі зертхана тексерген болатын, олардың екеуі де бетонның тығыздығы арта түскенін растапты. Осы ретте бөген салудағы қиыңдықтарды атап өтпеске болмайды. Өзен бірнеше рет дамбаларды шайған. Судың асау күші экскаваторлар мен тракторларды домалатып, ағызып кеткен жағдайлар да жиі кездесіпті. Әлбетте, адам шығыны да орын алып тұрған. Бұл ретте жобалаушылардың қателіктерін де мойындамасқа болмайды. Құрылыс кестесінен кешігуге болмайтын, стратегиялық маңызы зор нысан дер уақытында іске кірісуі тиіс-тін. Сол себепті қыстың қақаған аязында да, жаздың шіліңгір ыстығында да өзен бөгеу ісі іркілген емес.

Осылайша, 1960 жылы станция алғашқы электр қуатын берді. Станциямен бірге көлемі жағынан әлемде төртінші орын алатын жасанды су қоймасы пайда болды. Халық арасында теңіз аталатын осы су қоймасының ұзындығы 500, ені 35 шақырым болады, ал жалпы ауданы – 6 мың шаршы шақырым.

Бұқтырманың бұғып жатқан сыры көп

Қатты бетонның құпиясы неде?

Бұқтырма су бөгенінің ең басты сыры неде дейсіз ғой? Ғалымдарды бөгендегі бетонның беріктігі таңдантуда. 2002 жылы зерттеушілер тоғанның 60 нүктесінен бетон сынамаларын алып, екі тәуелсіз зертханаға талдауға жібереді. Қос зертхана мамандарының мәлімдемесі де бір жерден шыққан. Бетон сынамаларының беріктігі 60-шы жылдардағы қолданысқа берілген кездегі көрсеткіштен әлдеқайда жоғарылаған. Бүгінде теңдессіз технология деп мойындалған «қатты бетонның» авторы Михаил Инюшин болатын. Бұл бетон суда неғұрлым көп тұрған сайын қатая түсетін қасиетке ие. Су бөгенінің құрылысына басшылықжасаған жаңашыл ғалым оған дейін қолданылып келген «жұмсақ бетоннан» бас тартады. Себебі, Алтайдың 50 градустық аязында аталмыш бетондар шыдас бермей, бір жылдың ішінде шытынап шыға келетінін жақсы түсінген болатын. Ол сондай-ақ бұл құрылысқа бірінші рет қалқыма көпірді ойлап тауып, қолданды. Қалқыма көпірдің ұтымдылығын көрген өзге құрылысшылар да бұл әдісті іліп әкеткен, алайда қатты бетонға деген күмән ғалымның көзі жұмылғанша сейілмепті.Инюшиннің ұлы, елімізге еңбегі сіңген өнертапқыш Виктор Инюшин сол кезді былай деп еске алады:

– Ол кезде жоғарыдан келген нұсқауға бағынбау деген қызметтік мансабыңа балта шабумен бірдей болатын. Бірақ мәселенің екінші жағында тұтас бір өңірдің тағдыры тұрды. Алып бөген ағытылса, жиналған су елді мекендерді жермен жексен етуші еді. Ондайтәуекелгебармасүшінтың технология ойлап табу керекболды. Осылайша, «қатты бетон» технологиясыӨскемендебіріншіретқұрылысқапайдаланылды. Қазір осы тәріздесқұрылыстыңешбірі де Инюшинніңқаттыбетонынсызсалынбайды, – дейдібіліктіғалым.

Су астында не бар?

Бұқтырма су қоймасы салынған соң Зайсан көлінің деңгейі 6 метрге көтеріліп, көл көлемі үш есеге ұлғайды. Сөйтіп, көл су қоймасының бір бөлігіне айналды.

Жалпы, су астында қалған аумақтың жалпы ауданы 332 мың гектарды құрады. Су басқан жерлерден, яғни 94 ірілі-ұсақты ауыл мен Усть-Бухтарминск кентінен жиыны 27 мыңнан астам адам көшірілді. Жасанды теңіздің астында 50 колхоздың телімі, 11 гектар орман, бірнеше кәсіпорын, бес мұнай базасы, алты су айлағы, 97 шақырым жол қалды.

Ең өкініштісі сол, Бұқтырма су қоймасының табанында ежелгі сақтарға тиесілі бірегей қорғандар да қалып қойды. Археолог ғалымдардың айтуынша, олар осы өлкеде өте көп шоғырланған-ды. Су астында қалған Усть-Бухтарминск кентінің тарихын жазған Александр Лухтанов Алтайға ішкі Ресейден қоныстанған алғашқы келімсектер көне қорғандарды көптеп аршығанын жазады. Орыс шаруалары оларды «бугор» деп атап, ішінде түрлі алтын-күмістен, бағалы тастардан заттардың барын біліп әдейі қазған. Солардан бүгінгі күнге дейін жеткені таза күмістен құйылған маралдың мүсіні, ол қазір Петербордың мұражайында сақтаулы. Ал өзге бағалы жәдігерлер көбінесе алтын кесекке құйылып, сатылып отырған көрінеді. Ал қоладан жасалған көне сақтардың астауларын қоныстанушылар бертінге дейін ботқа пісіруге қолданып кепті.

Бұқтырманың бұғып жатқан сыры көп

Неге «Көк теңіз» деп атайды?

Қазіргі кезде жұртшылық Бұқтырманың жағасын керемет демалыс аумағы деп біледі. Алғашқы аңшылар үйлері станция іске кіріскен жылдан салына бастапты. Су жағасына негізінен өскемендіктер келіп демалатын. Біртіндеп аумақта демалыс базалары бой көтереді.
70-ші жылдары Өскеменнің алпауыт өндіріс орындары өз жұмысшыларына арнап осы бір табиғаты ерекше әрі қалаға алыс емес аумақта демалыс үйлерін жарыса тұрғыза бастайды. Еңбеккерлер өз демалысында осы маңайға кеп, суға түсіп, балық аулап, қаланың тіршілігінен бір сәтке демалып, күш жинап қайтатын.

Көлемі жағынан әлемде төртінші орын алатын су қоймасына келетін туристердің саны жыл санап артып келеді. Оған тек елімізден ғана емес, шет мемлекеттерден келетін демалушылар да көп. Бұқтырма несімен ерекше? Онда демалған адамдар су қоймасын «Көк теңіз» деп атап кеткен. Атаса, атағандай-ақ, көгілдір су алыстан көзге түседі.

Жағажай демалыс пен балық аулауды жақсы көретін жандар үшін таптырмас орын. Себебі мұнда шортан, көксерке, мөңке балық, нәлім, бақтақ, ақтабан, сазан бар.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button