Қоғам

Бұқтырмадан өтетін көпірді жобалау жұмыстары басталды

Бұқтырмадан өтетін көпірді жобалау жұмыстары басталды


Қазан айының ортасында ауданға Бұқтырмадан өтетін көпір құрылысын жобалаушылар келді. Қазір экспедиция геодезиялық түсірілімдер жасап, жобалау-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Алматыдан келген «КазахскийПромтранспроект» ЖШС-нің жобалаушылары Құйған ауылына орналасып, көпірдің жобалау-сметалық құжаттарын жасауға кірісті. Экспедиция басшысы Виктор Алиевтің айтуынша, көпірді салуға су қоймасының ені 1400 метрлік ең жіңішке тұсы белгіленіп отыр. Құйған ауылынан бірнеше шақырымда жатқан бұл жердегі судың тереңдігі 23 метрге жетеді. Су қоймасының тереңдігі мұз түскен соң тағы да нақтыланып, өлшенбек. Жағалауда жүргізіліп жатқан бұрғылау жұмыстары Күршім жақ таулы жыныстардан тұратынын, Көкпекті жағының құмдауыт екендігін көрсеткен.

Көпірдің техникалық-экономикалық негіздемесін жасау кезінде көпір имараттарының бірнеше түрі қарастырылып, олардың арасынан бетон-монолитті көпір түрі таңдалып алынған. Осы уақытқа дейін көпірдің ТЭН-і жасалып, нысанға мемлекеттік сараптама алынған.

Бұқтырма су қоймасының үстіне салынатын көпірдің жобасын жасап жатқан жобалау мекемесі бұған дейін Орал өзені үстінен өтетін көпірді, Алматыдағы жол айырымдарының, басқа да бірқатар ірі нысандардың жобасын әзірлеген.

Күршім мен Көкпекті ауданының ортасын жалғайтын бұл көпірдің жобасын жасау, оның құрылысын жүргізу – аса күрделі, қиындығы көп шаруа. Көптен күткен көпір жобасының қолға алынуы ел үмітін оятты.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button