Бұқтырмадан Қара Ертіске дейінгі аймақты бес инспектор бақылайды

Күршім балық инспекциясы бөлімінде бес инспектор қызмет істейді. Осы шағын ғана ұжым Бұқтырма су қоймасындағы Күршім өткелінен бастап сонау Қара Ертіске дейінгі ұлан-ғайыр аймақты үнемі қадағалап, жіті назарда ұстауда.
Инспекцияға жүктелген міндеттің салмағы осыдан-ақ айқын аңғарылады. Бөлім жетекшісі болып тәжірибелі заң қызметкері Т.Күдербаев тағайындалғаннан бері аудан көлеміндегі осы салаға байланысты ахуалдың әжептәуір өзгергенін байқауға болады. Инспекторлар құрамы жаңарып, оларға қойылатын талап деңгейі де біршама жоғарылады. Сонымен бірге өзен, теңіз жағалауларына жасалатын рейдтер саны артып отыр. Соған орай, қолға түскен заңсыз балық аулаушылар саны да күрт көбейді. Осының өзі-ақ ел байлығына деген көзқарастың басқаша қалыптаса бастағанын ұғындырып тұрғандай.
– Аталған бассейнде заңсыз балық аулаудың алдын алу және болдырмау мақсатында, – дейді Талғат Фазылұлы, – 2014 жылдың 10-ақпанында «Балық шаруашылығының су тоғандарында балық және басқа да су жануарларын аулаудың 2014 жылдың 15-ақпаны мен 2015 жылдың 15-ақпаны аралығындағы лимиттерін бекіту туралы» Үкіметтің қаулысы қабылданған болатын. Оның негізінде барлық пайдаланушылар балық аулауға рұқсат қағаздарын рәсімдегенше, бізге бекітілген аймақта заңсыз аулау құралдары болмауға, сондай-ақ, заңсыз балық аулауға жол берілмеуге тиіс. Ал заңсыз балық аулау фактілері анықталған жағдайда сол аймаққа бекітілген мемлекеттік инспектор және бөлім басшысы тиісті жауапкершілікке тартылатындығы атап көрсетілген.
Қазіргі уақытта Зайсан көлінен көксерке балығын аулауға тыйым салынып отыр. Ал Бұқтырма су қоймасынан балықтың бұл түрін белгілі бір мөлшерде аулауға болады.
Көптен күткен тендер өтіп, бұрынғы қожайындардан басқа Көкжыра учаскесінен Ақсуат ауылына дейінгі резервте тұрған аймақты «Дигам» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтып алды. Паром өткелінен жаңағы аталған Көкжыраға дейін құйғандық А.Алексеевтің, Ақсуаттан Қара Ертіске дейінгі айдынға Төретоғандағы зауыт иелік жасайтыны жұртқа белгілі. Енді көп ұзамай балықшыларға рұқсат та беріліп қалатын болар. Әйтпесе, өткен жылдың қаңтар айынан бастап лицензиясы тоқтатылған жағалау жұртының есік алдындағы айдынға шарасыз телміргеніне жылдан асты. Мұның өзі заңсыз балық аулаушылар санының артуына себепкер болуда. Мәселен, 2013 жылдың 1-тоқсанында 25 адам заңсыз балық аулап, қолға түссе, биылғы 1-тоқсанда мұндай адамдардың саны 55-ке жетіп отыр. Осы 55 істің барлығы сотқа жолданып, заң бұзғандар әкімшілік жауапқа тартылды.
Инспекция қызметкерлері прокуратураның, табиғат қорғау полициясының қызметкерлерімен бірлесіп, апта сайын рейдке шығып тұрады. Бұл рейдтердің ел байлығын талан-таражға салғысы келетін пысықайларға шынайы тосқауыл болып отырғаны шындық. Өздеріне бекітілген «Газель» және «Хантер», «Таблетка» деп аталатын УАЗ көліктерімен тынымсыз шапқылайтын олар бір түнде ұрымтал тұстардың талайын сүзіп шығады. Тек жанармайдың аз мөлшерде бөлінетіндігі кей кезде аяққа тұсау болады.
Сонымен бірге, бөлім жетекшісі ауыл әкімдерінің есеп беру жиналыстарына қатысып, басқа да жиындарда ел алдына шығып, үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.
– Мұндай кездесулердің пайдасы мол, – дейді Т.Күдербаев. – Жалпы алғанда, Күршім ауданының тұрғындары – сөзге тоқтайтын, заңды құрметтеуді білетін жұрт. Бірен-саран пысықайлардың қай өңірден болсын кездесетіні рас, бірақ олар қулық жасап, алысқа ұзай алмайды. Инспекторларымыз жұмыстарына ықтиятты, жауапкершілікті сезіне білетін тиянақты азаматтар. Демек, «бармақ басты, көз қысты» жалпақшешейлікке, көңілшектікке жол берілмейді. Ел байлығы есепсіз шашылмауға, кім көрінгеннің қанжығасында кетпеуге тиіс. Біз осы бағытта қатаң да әділ жолмен жүруге күш саламыз. Мойынға артылған міндет жүгін қайыспай арқалап, сол міндеттің үдесінен әркез көрініп отыруға тырысамыз.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы