Қоғам

Бұқтырмаға қашан бет бұрамыз?

 Бұқтырмаға қашан бет бұрамыз?


Соңғы жылдары өңірде туризм саласын дамытуда басымдық Алакөлге берілгендігі жасырын емес. Шипалы көлдің жағалауын әлемдік стандарттарға жақындату бағытындағы жұмыстар әлі де жалғаса бермек. Ол үшін миллиардтаған қаржы бөлініп, қыруар күш жұмсалып жатыр. Осындайда атағы одан кем емес, Бұқтырма су қоймасының жағалауы Алакөлдің тасасында қалып қойған жоқ па деген ой туындайтыны да рас.

Өткелдің күні өтіп тұр

Алакөл аспандап тұрса да, жағалауын жабайы туризм жайлаған Бұқтырмаға баратын халық әлі де көп. Алтай ауданының туризм бөлімінің басшысы Вячеслав Князевтің айтуынша, жыл сайын мұнда 450-500 мыңға дейін халық келеді. Оның басты сыры демалыс орындарының облыс орталығынан қашық емес жерде, таулы өлкеде орналасуында болса керек. Бұқтырма су қоймасындағы жабайы туризмді жойып, реттеу жұмыстары осыдан екі жыл бұрын басталған болатын. Облыс әкімінің тапсырмасымен жағалауда туристік нысан ретінде игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары қолға алынған. Бұл әрине, біраз жер иелерінің ашуын тудырды. Өйткені бұған дейін қалағанның бәрі жағажайдан жер ала алып, маңайын қоршап, тіпті суға апарар жолға шлагбаум қойып алған. Вячеслав Князевтің айтуынша, 1991-2003 жылдар аралығында ғана 4500 жер учаскесі беріліпті. Бір-біріне іркес-тіркес орналасқан үйшіктердің көптігі де осыдан.

– Облыс басшысының жер учаскесі иелерінің алдына қойған басты талабы – туристік нысан салу және оны лайықты сервиспен қамтамасыз ету. Бұл талап үддесінен шықпағандар жағалаудағы заманауи туризмді дамыту үшін жер телімдерін қайтаруғы тиіс,-дейді ол.

Жер учаскесін инвентаризациялау басталған 2017 жылы 200 гектар жерді алып жатқан 600 пайдаланылмаған жер телімдері анықталып, сот арқылы оны мемлекетке қайтару жұмыстары әлі де жүріп жатыр.

– Бұқтырма су қоймасының туристік тартымдылығын арттыру үшін, кешенді бағдарлама әзірленген. Біріншіден, жағалауда жылдар бойы қордаланған проблемаларды шешуді соңына дейін жеткізу. Демалыс орындарына бастайтын Осинов өткелінің жолын жөндеу жұмыстары басталып кеткендігін білесіздер. Бұл жұмыс жалғасатын болады. Қазіргі мақсат Бұқтырманың жабайы туризм белең алған Октябрь жағалауын реттеумен қатар, бос жатқан Никольск жағалауын туристік нысанға айналдыру. Өйткені Оқтябрь жағалауында қазір жаңа нысандар үшін жер жоқтың қасы. Жаңа жағалауды дамытудың кешенді жоспары дайын,-дейді облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов.

Марат Қабақовтың айтуынша, Никольск жағалауына тыңнан түрен салынбақшы. Осы күнге дейін бос жатқан жағалау Алакөл сценарийі бойынша дамымақ. Ол үшін бір кездері Өскемен мен Алтай ауданын қосып жатқан Октябрь паром өткелін қайта қалпына келтіру көзделген. Бір кездері Шығыс шеңберінің құрамдас бөлігі ретінде стратегиялық маңызға ие болған бұл өткел Бұқтырмаға көпір салынғаннан кейін қолданыстан шығып қалған еді. Туризм басқармасындағылардың ойынша, оны жандандыратын кез келді. Өйткені жаз маусымында Жаңа Бұқтырма мен «Көгілдір бұғаз» демалыс орындары құмырсқаның илеуіндей болып кетеді. Ауданның туризм бөлімінің басшысы Вячеслав Князевтің айтуынша, осы демалыс орындарының жағалауына облыстың жүздеген тұрғындарымен қатар, көршілес Ресей елінің туристері де келеді. Өткел қалпына келтіріліп, жаңа жағалауға жол ашылса, бұдан да көп турист тартуға мүмкіндік бар. Оның үстіне бос жатқан жерге заманауи нысандар салу әлдеқайда оңтайлы.

-Никольск жағалауында инвесторларды қызықтыратын бос жер учаскелері көп. Егер жол қалпына келтірілсе, жағажай туризмін дамытуға қолайлы өңір. Қазір ол жерге жету үшін 200 шақырымдық жолды еңсеру керек. Паром іске қосылса, жол 95 шақырымға дейін қысқарады. Оның үстіне, Катонқарағай ауданына да тура жол ашылады,-дейді ол.

Бұл өткел іске қосылса, жаңа жағажайға «Алтайские бухты» демалыс орнына дейін жетіп, ол шамамен 90 шақырым, ары қарай паром арқылы жол тартуға болады. Сондай-ақ облыс орталығынан Үлкен Нарынға дейінгі жол да 60 шақырымға қысқармақ. Бұл өз кезегінде Катонқарағай ауданының туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек. Өйткені қазір облыстағы туристік орындарды дамытудың басты проблемаларының бірі – осы жолдар. Жалпы осы жоба облыс әкімінің қолдауына ие болса, оны іске асыруға ниетті инвесторлар жетіп артылады дейді туризм саласынының мамандары. Бұқтырмаға да биіліктің назары ауатын күн алыс емес. Су қоймасының еліміздің туристік тартымдылығы жоғары нысандардың топ-50 –лігіне енуі оның назарсызсыз қалмайтындығының кепілдігі. Оған топ ондыққа енген Алакөлдің соңғы жылдары танымастай өзгергендігі де дәлел.

Билет құны қалтаны қақпайды

Бұқтырманың Алакөл сценарийін ұстанатындығы көңілге сенім ұялатады. Ал аты аңызға айналған Алакөл туристердің жайлылығы үшін әлі де түрлене түспек. Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы берген мәліметке сүйенсек, алдағы төрт жылда Алакөлде 13 миллиард теңгенің жеті ірі инфрақұрылымдық жобасы жүзеге асырылады. Олардың қатарында су құбырлары мен кәріз жүйесінің, электр желілерінің құрылысы, сондай-ақ жағалауды бекіту, Үржар әуе жайын қалпына келтіру жұмыстары бар.

-Жалпы Алакөл суының шипасына бальнеологиялық зерттеу жүргізіліп, құрамында емдік қасиеті бар радон анықталған болатын. Осы емдік су үшін арнайы су жүйесін салу да жобаға кіргізілгендігін атап өткен жөн. Ал осы жобалар жүзеге асырылып жатқан уақытта біз туристердің қазіргі Алакөлге шалдықпай жетуін қамтамасыз етуіміз керек,-дейді басқарма басшысы Марат Қабақов.

Сондықтан жолдардың сапасын жақсарту, осы өңірге қатынайтын пойыздар мен ұшақтардың билеттерін арзандату бағытындағы жұмыстар тоқтамақ емес.

Биыл жағалауға дейінгі автокөлік жолының жөнделуі аяқталуы тиіс, сонымен қатар теміржол және әуе рейстеріне 122 миллион теңгенің субсидиясын бөлу қарастырылған. Жалпы Алакөлге жету үшін қай көліктің болмасын бағасы қолжетімді деуге негіз бар. Еске салар болсақ, қазіргі кезде Алматы – Үржар, Нұр-Сұлтан – Үржар және Өскемен – Семей – Үржар маршруттарында ұшақтар ұшады. Өскемен – Семей – Үржар бағытындағы авиарейстердің бағасы 10 мың теңге болса, елорда мен екі аралықтағы билет құны – 16 мың теңге. Ал Алматы мен Үржар аралығындағы әуе рейстің бағасы 14 мың теңге көлемінде.
Өскемен мен Семейден Жалаңашкөл станциясына дейін қатынайтын 54 орындық бес плацкарт вагонды пойыздар бірінші маусымнан бастап қайта жолға шығатын болады. Биыл пойыздар маусым – тамыз айларында күн аралатып жүреді. Пойыз бағасының құны «Өскемен 1-Жалаңашкөл» станциялары арасында 3220 теңге болса, Семей-Жалаңашкөл бағытындағы пойыз бағасы 2990 теңгені құрайтын болады.

Осы ретте аймақ басшысы облыстың екі ірі шаһарынан көл жағасына жақын Жалаңашкөл бекетіне дейін пойыздардың тым ұзақ, яғни 18 сағат жүретінін алға тартып, көлік басқармасына кестені қайта қарастырып, жолға кететін уақытты қысқартуды міндеттегенін естеріңізге сала кетейік.
– Жалпы пойыздың жол жүру уақыты ұзақтау болғанымен, оған деген сұраныс бар. Көбінесе отбасылық демалысқа баратындар пойызбен жетуді қалайды. Мысалы, өткен жылы 20 мыңға таяу турист Алакөлге шойынжол арқылы жеткен,-дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар көлге дейін төрт автобус маршруты қарастырылған. Олар – тікелей Алакөлге дейін баратын «Өскемен – Барлық Арасан», «Семей – Барлық Арасан», «Өскемен – Алакөл», «Семей – Алакөл» бағытындағы көліктер. Олардың билет құны – 2600-3000 теңге шамасында.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button