Бұқтырма көлеңкеде қалып отыр
Еліміздегі туризм саласын дамытуға арналған 2023 жылға дейінгі бағдарламасының аясында өңірде «Алтайдың інжу-маржаны» туристік кластері қалыптасып келеді. Осы бағытта өңірдегі туристік нысандардың инфрақұрылымын жақсарту, бағаларды реттеу, демалыс орындарының санын арттыру секілді шаралар қолға алынған.
Көлік жолдарын туристердің келуін жеңілдететін негізгі факторларының бірі ретінде ескере отырып, соңғы екі жылда облыстың негізгі туристік объектілері болып саналатын Алакөл, Сібе көлі, Марқакөл, Нұртау тау шаңғысы курорттарына апаратын жолдар жөндеуден өткізілген. Жағажай туризмін дамыту аясында өткен жылы Сібе көлдері мен Алакөлдің жағалауларын абаттандыру жұмыстары жасалды. Облыс көлдері мен Бұқтырма су қоймасының жағалауларында ірі жер учаскелерін инвентаризациялау жұмыстары басталды. Алайда әзірге Бұқтырма жағасында бейберекет орналасқан демалыс базаларын бір қалыпқа келтіру жұмыстары оңайға соқпай тұр. Ал сол уақытта Бұқтырма су қоймасының маңында жағажай бизнесі болса қызып тұр. Оны соңғы жылдары демалыс базаларының қанатын кеңге жайып келе жатқандығынан-ақ байқауға болады. Алайда өңірдегі туристік кластерді дамытуға әзірге Бұқтырма жағалауы айтарлықтай үлес қосып отырған жоқ. Бұл жерде әлі күнге дейін көлеңкелі бизнес өркендеп тұр. Жыл сайын мұнда ондаған жаңа демалыс үйлері бой көтеріп жатқанымен, олардың саусақпен санарлығы ғана ресми тіркелген. Көптеген демалыс базалары туристерді нақты санын көрсетуден жалтарады.
Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақовтың айтуынша, өткен жылы Бұқтырма жағалауында ресми тіркелген демалушылардың саны небары 60 мың адамды құраған. Алайда Зырян ауданы әкімінің орынбасары Асхат Букатовтың айтуынша, мұнда нақты демалғандардың саны 370-400 мың адамнан кем емес. Осылайша, статистикалық мәліметтер үш есе төмендетілген болып шықты. Бұқтырма су қоймасының жағалауларында жер учаскелерін инвентаризациялау жұмысы барысында мәлім болғандай, бүгінде мұнда 119 ірі және орташа демалыс базасы қызмет етеді. Ал ұсақ демалыс базаларының өзі жүзден асып жығылады. Зырян аудандық туризм бөлімінің басшысы Вячеслав Князевтің айтуынша, соңғы жиырма жылда шағын демалыс базаларының құрылысы үшін мұнда 565 жер учаскесі берілген. Инвентаризация жұмыстарының нәтижесінде оның тек 411-інде ғана демалыс үйлері салынғандығы анықталып отыр. Дегенмен, олардың басым көпшілігі кәсіпкерлік нысан ретінде тіркелмегендіктен, ауданға ешбір пайда әкелмей отыр.
Туризм басқармасы Бұқтырма жағалауын абаттандыру мен инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары кәсіпкерлер көлеңкелі бизнестің тасасынан шыққанда ғана нәтиже беретіндігін алға тартады. Табиғаты туристік бизнесті дамытуға сұранып тұрған бұл өңірдің бүгінде инфрақұрылым мен инженерлік коммуникацияға қатысты мәселесі шаш етектен. Бұл мәселенің бір ғана шешімі бар – мемлекет пен бизнестің сауатты әріптестігі. Алакөл жағалауындағы нәтижелі жұмыстар – соның жарқын дәлелі.
Лаура Тілеубайқызы