Руханият

Бітібаева олимпиадасына шетелден қонақтар келді

Бітібаева олимпиадасына шетелден қонақтар келді


Өскемен тағы да өзге өңірлерден келген қонақтарды қарсы алды. Облыс орталығында қазақтың Хан апасы атанған дара да дана ұстаз Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиада өтті. 2015 жылдан бастап жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан білім додасына еліміздің әр аймағынан іріктеуден өткен 200-ден астам 9-11 сыныптардың оқушылары қатысты. Қонақтардың арасында Қытай, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстаннан да келген оқушылар мен ұстаздар бар.

Республикалық деңгейдегі шараның салтанатты ашылу рәсімі облыстық драма театрында өтті. Залға лық толған адамдардың жанарларына қарап, олардың бар ғұмырын қазақтың тілі мен әдебиетіне арнаған қазақтың Хан апасын іздеп келгенін айқын түсінесіз. Олар ұстаздың артына қалдырған ізін жалғастырғысы келеді. Олар ұстаз жаққан білімнің сәулесіне жылынғысы келеді. Олимпиаданың ашылуында алғашқы құттықтау сөзді «EDTECH-KZ» Халықаралық білім орталығының бас директоры, ЮНЕСКО Клубының вице-президенті, Қанипа Омарғалиқызының рухани досы Ғани Бейсембаев алды.

– Сахнаға шығып, Қанипа апайдың осындай үлкен іс-шарасында сөз сөйлеудің өзі оңай емес. Көз алдымда Қанипа апайдың өзі тұрғандай толғанып, толқып тұрған жайым бар, – деген Ғани Бектайұлы өзімен бірге ала келген ЮНЕСКО Клубтары Қазақстан және Азия-Тынық мұхиты федерациясының президенті, энергетика вице-министрі Болат Ақшолақовтың құттықтауын жиналған қауымға оқып берді. Құттықтауда: «Қадірменді Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиадаға қатысушылар! Қазақ елінде ардақты ана парызын атқарумен қатар, найза ұстап жауға шапқан батыр қыздар да, айтысқа түсіп, ерлермен өнер жарыстырған ақын қыздар да, қайратымен халықты сүйсіндірген еңбекқор қыздар да, ел билігіне араласқан қайраткер қыздар да көп болған. «Тілің болса, күнің бар, тілің болмаса түгің жоқ» деп халық қасиетті де қастерлі тілін басқа халықтардан өзгеше атап «ана тілі» деуі де анаға азамат ретінде, ел анасы ретінде қараған ұлттық дүниетанымның әсері болар. Олай болса, асыл ұстаз да ақ тілеулі ана тәрізді. Ақ, қара деп алаламайды. Барлық пенденің бойынан жақсылық іздейтін, ізгі ниет иесі. Міне, осы сөздің барлығы қазақтың Хан апасы атанған Қанипа Бітібаева туралы айтылғандай. Ендеше осынау ел анасы, ұстаздардың ұстазы атанған Қанипа Бітібаева олимпиадасына қатысудың өзі кез келген шәкірт үшін асқақ арман, ұлы мәртебе деп білемін. Білім додасында алар асуларыңыз, жетер жетістіктеріңіз мол болсын» деп жазылған.

Сондай-ақ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының зертхана меңгерушісі Зәуре Аманова мен облыстық білім басқармасының өкілі Жанар Исламова да құттықтау сөз сөйлеп, олимпиадаға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал бұдан кейін сахнаға көтерілген Қанипа апайдың сіңілілерінің атынан Жаңыл Омарғалиқызы сөз алып, дана ұстаздың өзінен кейінгі буынға халықаралық деңгейдегі мол мұра, құнды еңбектер қалдырғанын айтып өтті. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы қиын-қыстау кезде ұлағатты ұстаз жоғары оқу орындарына барып, ғалымдармен кездесіп, «Жағдай қалай болады? Болашағымыз не болады?» деп алаңдаушылық білдіріп, үлкен жұмыстар атқарған. Бүгінде ұстаздың ісін артындағы сіңілісі, Өскемендегі Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназия-интернаты директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақыт Ауғанбаева абыроймен жалғастырып жүр.

Олимпиаданың ашылуында Қанипа Омарғалиқызының шәкірттері де тасада қалмады. Шәкірттері атынан мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков сөз алып, жылы лебізін білдірді.

– Ұстаздың да ұстазы бар ғой. Қанипа апай солардың ішінде ерекшесі еді. Ұлы Абай мен Мұхтар ол кісінің жалауы болатын. «Өлгенде Абай мен Мұхтардың кітабын басыма қойыңдар» деп аманаттап отырушы еді. Тіл – деген ерекше дүние ғой. Тілсіз ұлт, ұлтсыз тіл болмайды. Қанипа апай сол тілді 45 жылдық ұстаздық ғұмырында біздің ұлттың санасына сіңіремін деп жанталасты. Қазақтың Қанипасы, Хан апа деген атақтарды ол кісіге халық берді. Ендеше Қанипа апайдың есімі ешқашан өлмек емес, – деді ол.

Сондай-ақ қазылар алқасының төрайымы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Фаузия Оразбаева да түркі әлемінің алтын қазығы болған, қазақ еліндегі ең қасиетті жерге келіп отырған өрендерге жеңіс тіледі.

– Сіздер Шығыс еліне – Абай мен Мұхтардың, Шәкәрімнің, Дулат Бабатайұылының елі деп келіп отырсыздар. Қанипадай ұстаздың өнегесін жалғастыратын, қазақтың тілі мен әдебиетін болашаққа апаратын сіздерсіздер! Қанипа апай қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жаңа бетін ашқан адам. Баспалдақты жаңадан құрастырған. Жаңа технология мен жаңа әдістемені ұштастырып, тіл мен әдебиетті, географияны біріктіріп оқыту дегенді Қанипа апаларыңыз кеңестік дәуірдің өзінде-ақ бастаған болатын, -деген Ф.Оразбаева олимпиадаға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Өскеменді аралап, Таулы Үлбіге саяхат жасады

Бітібаева атындағы республикалық олимпиада екі айналымнан тұрды. Бірінші айналымда үміткерлер эссе жазса, екінші айналымда сауалдарға ауызша жауап берді. Оқушылар қазақ тілі мен әдебиетінің шығармаларын, Қ.Бітібаеваның өмірі мен ғылыми-педагогикалық және шығармашылық еңбектеріне қатысты тақырыптарды қаузады. Олимпиадаға қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына үлес қосқан, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының танымал ғалымдары қазылық етті. Олардың арасында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Фаузия Оразбаева, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Шынар Құрманбаева, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жанат Айтмұхамбет, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры А. Картаева және басқалар бар.

Бітібаева олимпиадасына шетелден қонақтар келді

Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері Білім және ғылым министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ олимпиадаға қатысушылар үшін арнайы мәдени-танымдық бағдарлама ұйымдастырылып, оқушылар қаланың көрікті жерлерімен танысқанын, Таулы Үлбіге саяхат жасағанын да айта кету керек.

– Олимпиадаға қатысқаныма қуаныштымын. Мен бұл сайысқа қатысу арқылы Қанипадай ұстаздың қалдырған мол мұрасымен танысуға мүмкіндік алдым. Жаңа достар таптым. Бұл күндерді өмірімнің ең бір сәулелі кездері деп айта аламын, ¬ – дейді Астана қаласындағы №68 мектептің 11-сынып оқушысы Асан Балжан.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button