Экономика

Бұрын қызығып қараса, бүгін көшбасшы болып жүр

Бұрын қызығып қараса, бүгін көшбасшы болып жүр

Бір кездері қап арқалап, сауда-саттық жасағандарды «алыпсатарлар» деп алая қарайтын ел, қазір оларды кәсіпкер деп біледі. Қарап отырмай қарекет қылғанның бәрі – кәсіпкер, еңбеккер. Бір затты алып қайтадан сату да, жаңа нәрсені жасап шығару, өндіру де – еңбек. Қазақстанда өз еңбегімен табыс тауып, кәсіппен шұғылданғандарға, сауда жасағандарға, жұмыс орнын ашқандарға ғана емес, ашсам дегендерге де қазір мемлекеттен үлкен қолдау көрсетіліп жатыр.

Бизнес жобаларды мектепте жасап жатыр

Бұрнағы жылы Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы аймақтың колледждері мен мектептерінде бизнеспен, кәсіпкерлікпен айналысуға оқытатын курстар, мектептер ашу туралы Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс енгізген болатын. Ұсынып қана қоймай, аймақ кәсіпкерлерімен бірлесе отырып, бизнес негіздерін оқытып, үйретудің тиімді бағдарламасын жасап жолдаған. Министрліктен қолдау тапқан осы бағдарлама қазіргі күні облысымыздың тоғыз колледжі мен бірнеше мектебінде оқытылып, жетілдіріліп жатыр.

Қазіргі уақытта мектеп оқушыларын осы бағдарлама бойынша кәсіпкерлікке оқытуға ниет білдірген аудан мектептеріндегі бизнес оқулары курстарының жетекшілері облыстық кәсіпкерлер палатасының көмегімен тегін оқытылып отыр. Бизнес жобаларды жасаудың, бизнес бастамаларды іске асырудың жолдарын оқып, біліп жатқан колледж, мектеп оқушылары республикада, облыста екінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан студенттер мен оқушылар арасындағы «Бизнес жобалар» конкурсына қатысып жатыр.

-Біз осы бизнес мектептердің жұмысы нәтижелі болу үшін Алматыдағы консалтингтік фирмалардың мамандарын, іскер кәсіпкерлерді бизнес мектептері жетекшілерінің білімін көтеруге, біліктілігін арттыруға шақырып, оқытушыларды оқытып жатырмыз. Осы оқулардан өткен студенттер мен оқушылар өз білімдерін қорғаған жағдайда, «Жобалау бизнесінің менеджері» деген сертификат беріледі. Былтырдан бері облыстың 10 ауданы мен қаласынан 92 студент пен оқушы осы бағдарламаға қатысып, бизнес жетекшілерімен бірге бизнес жобалар жасауды үйреніп келеді. Биыл Мамай ауылындағы Ломоносов мектебінің оқушылары бизнес жобаларымен республикалық конкурсқа қатысып қайтты. Көкпектілік оқушылардың бизнес жобалары республикалық деңгейде жоғары бағаланып, жобаға патент алу ұсынылып отыр. Бобровка мектебінің оқушысы жасаған жобаны іске асыруға инвестор тарапынан ұсыныс түсті, -дейді облыс кәсіпкерлері палатасының бөлім басшысы Роза Бисекенова.

Сәуірден бастап облыстың жеті ауданында өткізіліп жатқан «Бастау Бизнес» мемлекеттік бағдарламасының оқу курстары өз нәтижесін бере бастады. Қазірдің өзінде курсты бітірген ауыл тұрғындарының бірқатары бизнес жобасын жасап, ойға алған істерін бастауға кіріскелі отыр.
«Бастау Бизнес» Зайсан ауданында да оқытылып жатыр. Аудандағы 50-ден астам жұмыссыз жастар мен кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер аудан әкімдігі ғимаратында бизнес жоба жасаудың, кәсіппен, бизнеспен айналысудың қыр-сырын меңгеріп жатыр (суретте).

Аягөз ауданының шеберлерін үйретіп қайтты

Облыс кәсіпкерлері палатасының қызметкерлері Өскемендегі түрлі оқу орындары, кәсіпорындар мамандарымен бірлесе отырып аудан орталықтарына барып, ауылда шағын кәсіпкерлікпен айналысып жүрген тұрғындарға арнап шеберлік сыныптарын өткізе бастады. Осы уақытқа дейін шеберлік сыныптары облыс орталығында өтіп келсе, енді аудан орталықтарында да өтіп жатыр.

Бұрын қызығып қараса, бүгін көшбасшы болып жүр

Мамыр айының соңында палата мамандары Өскемендегі Қ.Нұрғалиев атындағы сервистік қызмет көрсету колледжінің оқытушыларымен, шеберлерімен бірге Аягөз ауданына барып, сол өңірдегі даяшы, шаштараз, косметикалық қызметтер көрсетумен айналысатын қыз-келіншектердің, жастардың кәсіби біліктіліктерін көтеріп, шеберлік сыныптарын, оқу тренингтерін өткізіп қайтты.

Жаз шығып, той-томалақтың, түрлі кештердің қызатын кезінде ауылға келіп банкеттік, даяшылық қызметтерді көрсетудің рәсімін, бетті, тырнақты қазіргі заманға сай бояудың, әсемдеудің құпияларын, шаш үлгісін жасаудың тәсілдерін түсіндіріп, үйреткен өскемендік шеберлерге аягөздік кәсіпкерлер дән разы (суретте).

Қалада да, ауылда да ашылып, жұмыс істеп жатқан шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына: сұлулық салонына, дәмханаға, наубайхана мен сүт зауытына, құрылыс комбинатына, қай-қайсына болмасын бизнесменнің бастаған ісін баянды ететін, қолға алған кәсібін жүргізетін жақсы маман қажет. Бүгінде кәсіпкерлердің бизнесіне қырсығын тигізіп тұрған нәрсенің бірі – кәсіпкердің барын бағалата алатын сондай жақсы маманның жоқтығы.

Жұмыс берушілердің жұмысын ақсатып жатқан білімсіз мамандарды азайту мақсатында былтырдан бастап Өскеменде дәнекерлеу сияқты үлкен сұранысқа ие техникалық мамандар дарлайтын колледждер түлектерінің білімін тексеріп, сертификаттаудан өткізетін тәуелсіз сертфикаттау орталығы ашылды. Бұрын түлектерінің білімін республикалық ғылыми орталық мамандарын шақыру арқылы колледждердің өздері бағалап, өздерін өздері сертификаттайтын болса, енді оларды қаладағы «Промтехмонтаж» ЖШС негізінде ашылған тәуелсіз сертификаттау орталығы жүргізеді. Өндірістерге баратын мамандар қазір осы кәсіпорында халықаралық стандарттар талаптарына сай жасалған тестілеуден өтіп жатыр. Әзірше, «Промсантехмонтаж» кәсіпорнында ашылған дербес сертификаттау орталығы – облыстағы жалғыз тәуелсіз орталық. Колледждер өз мамандарының жұмыссыз қалмасы үшін, өз мәртебелерін түсірмес үшін студенттерге сапалы білім берудің барлық мүмкіндіктерін қарастырып, олардың оқуды өндірістік тәжірибемен ұштастырып отыруына назар аударып жатыр.

Лидің қияры пісіп қалды

Зайсан ауданының Кеңсай елді мекенінде талай жылдан бері көкөніс өсіріп, қияр, қызанақ, бұрыш, баклажан, қырыққабат, сәбізімен ауылдың сәнін келтіріп отырған жан бар. Ол – Яков Ли деген кәріс ағайынымыз.

Бұрын қызығып қараса, бүгін көшбасшы болып жүр

Ауыл сыртына қатар-қатар тұрғызылған көшетжайларына наурыз айынан бері көкөніс тұқымдарын егіп тастаған ол біз барған кезде көлемі үлкен бір үйдің аумағындай 20 шақты көшетжайдың ішін алып жатқан сол тұқымдарды далаға егуге дайындап жатыр екен.

Несібесін даладан терген диқанның қиярлары маусымның басында-ақ пісіп қоятын көрінеді. Одан соң шілденің ортасына таман қызанақтар жиналып, сатуға жөнелтіле бастайды. Бұл жақта Зайсан қаласының дүкендері мен базарларына бірінші болып шығатын Яков Михайловичтің көкөністерін сатып алмайтын адам жоқ. Үш ұлымен, жиенімен ала жаздай баптап өсіретін оның көкөніс алқабын көргендер «кәрістің егінін-ай» деп қызығады деседі ел.
Жер тырмалап, жемісін көріп жатқан Яков ауылдың, ауданның қажеттіліктеріне де қол ұшын беріп, көкөнісімен бөлісіп, демеушілік жасап келеді. Кеңсай ауылдық округінің әкімі Талғат Бықаев Лидің тынымсыз тірлігінен кеңсайлықтар көп нәрсені үйреніп, көріп, көңілге түйгендігін айтты.

Ауыл маңындағы егістік жеріне келіп, қырыққабат тұқымын сеуіп жатқан «Ринат» шаруа қожалығының иесі Рауль Мәжитов те осыдан жиырма жылдай бұрын көкөніс өсірудің бабын Яковтың жанында жүріп үйреніп біліпті. Қазір өзі қарбыздан бастап барлық көкөніс түрін егіп, өнімін алып жатыр.
– Жыл сайын егіншілікке мемлекеттен берілетін субсидияны алып келемін. Кеңсай тау етегіндегі тастақ жерде тұр, жері аса құнарлы емес. Осы субсидиялардың көмегімен тыңайтқыш алып, жердің құнарлылығын арттырып отырмыз, – дейді Яков Ли (суретте).

Дубайға емес, Дулығалыға барамыз

Жадырап жаз келді, жазбен бірге жұрттың ойына «биыл қайда барып демаламыз?» деген сауал да оралады. Елдің аңсары ауып тұратын Түркия мен Мысырға ол жақтағы ушыққан саяси жағдайларға байланысты бүгінде қазақстандық туристер де қырын қарай бастады. Еліміздегі туроператорлардың талдауы бойынша шетелге саяхаттау деңгейі бұрынғыға қарағанда түсіп кеткен. Дегенмен Дубайда, Грузия жақта демалу халықты ерекшелігімен ғана емес, өте арзандығымен де қызықтырып отыр.

Бұрын қызығып қараса, бүгін көшбасшы болып жүр

Өңірде, елде шетелдегідей бағасы арзан, қызметі жоғары демалыс орындарын көбейту үшін туризм саласын дамытып, бәсекелестікті арттыру керек. Ерлі-зайыпты өскемендік кәсіпкерлер Назым, Ринат Ибраевтардың Өскеменнен 80 шақырым жердегі Дулығалы көлінен ашып жатқан демалыс базасы шілдеде алғашқы демалушыларын қарсы алуға әзір. Жас отбасы бұрын басқа кәсіпкерлерге қызыға қараса, енді өздері де несие алып, жаңа істерін бастап, сол көштің басында жүр. Кәсіпкерлер көл жағасында салып жатқан «Окуньки» заманауи қонақ үй-кемпингі бағасы, қызмет көрсету сапасы жағынан да халық көңілінен шығатын облыстағы ең тамаша туристік демалыс нысаны болатынын айтады. Былтыр күзде «Центр кредит банкінен» 15,5 пайыздан несие алып, демалыс базасының құрылысын салуға кіріскен кәсіпкерлерге несие қайтарымының 10 пайызы «Даму» қоры арқылы мемлекеттік субсидиямен төленуде. Қор тарапынан 85 пайыз көлемінде кепілдік те беріліп отыр (суретте).

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button