Бұрын көрсетілмей келген туындылар көрмеде тұр

Өнер мұражайында өткен ғасырдың алпысыншы жылдары еңбек еткен суретшілер жұмыстарының қор коллекциясынан алынған «Бүлікшіл алпысыншы жылдар» атты көрме экспозициясы ашылды. Көрменің ашылуына өңіріміздің қылқалам шеберлері, мәдениет қызметкерлері, Белоусовка кентіндегі көркемөнер мектебінің оқушылары мен жалпы сурет өнерін бағалайтын көпшілік қатысты.

-Бұл көрмені өткізуге екі жағдай себепкер болды. Ең алдымен, біз өскемендіктерді мұражай қорына алынған жаңа жұмыстармен таныстырғымыз келді.
«Рухани жаңғыру» аясында облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен Өнер мұражайы қазақстандық «алпысыншы жылдықтар» – М.Аманжоловтың бір суреті мен Б.Табиевтің сегіз суретін сатып алған болатын.
Мұражай құрылған 1991 жылдан бері біз қазақстандық бейнелеу өнерінің бір бөлігі саналатын аймақтық бейнелеу өнерінің жүйелі коллекциясын жинақтап келеміз. Сол туындыларды жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көрдік,- дейді Өнер мұражайының қызметкері Лариса Мартынова.
Көрменің ашылуында сөз сөйлегендер суретші Николай Аштема, колледж студенті Айжан Тұрарова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мирас Жұмағұлов, Өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева тарихи деректер туралы кеңінен әңгімеледі. Көптен бері көрермендерге көрсетілмей келген
Т.Тоғысбаевтың, А.Школьныйдың кейбір туындылары өткен дәуірге қызығушылық білдірген келушілердің назарына ұсынылды. Бүгінгі күні есімі әлемге әйгілі Е.Мергеновтің өзге картиналарымен бірге көрмеге оның «Бойжеткеннің портреті» атты скульптурасы да қойылыпты.
Тарихқа үңілсек, 1963 жылы Мәскеу мен Ленинградтың жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттер «Жас тұлпар» шығармашылық бірлестігін құрады. Оған суретшілермен тығыз достық қарым-қатынаста болып, бірлескен шаралар өткізіп жүрген Мәскеу мемлекеттік университетінің студенті Мұрат Әуезов жетекшілік еткен. «Алпысыншы жылдағылар» Булат Окуджаваның әндерін шырқап, ақын Олжас Сүлейменовпен дос болды. Физиктер мен лириктер, ақындар мен суретшілер шығармашылық еркіндікті армандады. Олар кеңестік ресми мәдениеттегі дербестікті аңсаған алғашқы «жарықшақтар» еді.


Өнер мұражайының қызметкері, белгілі жазушы Айтмұхамбет Қасымов айтып өткендей, сол топтағы суретшілер, ең алдымен, өнердегі шынайылық пен ақиқатты бағалады. ХХІ ғасырда өз туындыларының халықаралық аукциондарда ондаған мың долларға бағаланатынын олар ойлаған жоқ. Қазір Мәдениет және спорт министрлігінің күш салуымен «алпысыншы жылдағылардың» көптеген жұмыстары Отандарына қайтадан оралуда.
Танымдық көрме 30 мамырға дейін жұмыс істейді.
Айжанат Бақытқызы