Бірыңғай сәулеттік стильдегі баспанамен қамтиды

Қаңтар айында «Нұрлы жер» бағдарламасы бекітілді. Оның бір бағыты жеке тұрғын үй құрылысын дамыту арқылы халықты бірыңғай сәулеттік стильдегі баспанамен қамтуды көздейді. Бұл мақсат біздің өңірде қалай жүзеге аспақ?
Қазір қаланың қай шетінен шықсаңыз да, жер үй массивтеріне тап боласыз. Тіпті, кейбір тұсы қалаға іргелес елді мекендердің арасын жалғап жіберген. Бұл сөзсіз, көңіл қуантатын жағдай. Өйткені, мыңдаған қазақ шаңырағы баспана мәселесін жер үйдің көмегімен шешіп отыр. Алайда, сол массивтерге сәулеттік тұрғыдан қарасаңыз, жұлдыздай жамырап жатқанын көресіз. Мемлекет «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы енді салынатын жеке үйлердің бірыңғай стильде бой көтеруін қамтамасыз етпекші. Ол үшін әуелі облыс орталықтарында қанатқақты жобаларды жүзеге асыру көзделген. Біздің өңірде қанатқақты жобалар Өскемен және Семей қалаларында қолға алынады. Әуелі қос шаһардан жеке секторға лайық құрылыс аудандары анықталып, оған инфрақұрылым тартылуы тиіс. Жол, жарық, су жүйелері толық түзілген соң, жергілікті атқарушы орган бірыңғай құрылыс салушыны анықтайды. Оның міндетін белгілі бір құрылыс компаниясы немесе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация атқаруы мүмкін.
Хош, аудан анықталып, инфрақұрылым тартылып, үйлер салынды делік. Жер кезегінде тұрған халық дайын үйлерді жағдайына қарай қолма-қол ақшаға немесе несиеге сатып алады. Ол несиені «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұсынбақ. Мұндағы жылдық сыйақы мөлшерлемесі бес пайызды құрауы тиіс.
Бұл үйлердің бағасы қандай болады? Сауалды облыстық құрылыс басқармасының мамандарына қойған едік. Олардың айтуынша, әзірге өңір бойынша нақты баға дәлізі белгіленбеген. Ал бағдарламада әр шаршы метрдің құны 120 мың теңгеден аспауы тиіс делінген. Біздің өңірдің қлиматы қатаң, әсіресе, қысы суық әрі ұзақ. Оның үстіне сейсмикалық белдеулер барынша шоғырланған. Сондықтан құрылысқа мейлінше қалың әрі бағалы материалдар пайдаланылатыны сөзсіз. Осыны ескерсек, жеке тұрғын үй бағасы бағдарламада көрсетілген межеден анағұрлым төмен бола қоймас.
Жер кезегі бойынша Семей қаласы облыс орталығының алдын орап тұр. Соңғы мәліметтер бойынша, шаһарда 23,6 мың адамның өтініші тіркелген. Мамандар бір жыл бұрын өтініш саны сегіз мыңнан астам ғана болғанын айтады. «Нұрлы жер» бағдарламасының дабырасы семейліктерді жаппай жер алуға итермелесе керек. Ал Өскемен қаласында жер кезегінде 3375 адам тұр.
Осы адамдардың өтінішін қанағаттандыру төмендегідей тәртіппен жүзеге асады:
1. Белгіленген ауданға салынатын үйлердің типтік жобалары бекітіліп, ол туралы мәліметтер кезек иелеріне хабарланады.
2. Жергілікті әкімдік жер кезегіндегілердің алғашқы легін «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкіне» ұсынады. Банк кезек иелерінің әрқайсысының төлем қабілеттерін зерделеп, сол бойынша берілуі мүмкін несие мөлшерін мәлім етеді.
3. Төлем қабілеті расталған өтініш иелерінің тізімі қайтадан жергілікті атқарушы органға беріледі.
4. Іріктелген өтініш иелері уәкілетті органмен сату-сатып алу мәмілесін ресімдеп, оны ресми тіркетеді. Осыдан кейін «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкіне» құжаттарын тапсырады.
5. Несие кепілдігіне сатылған үйдің өзі қойылады да, ол жер телімімен бірге өтініш иесіне беріледі. Бұл кезеңде жер телімі несие алушының толықтай меншігіне өтпейді. Яғни ұзақ мерзімге жалға беріледі.
6. Үй иесі банк алдындағы қарызын толық өтеген кезде ғана жер телімі оның меншігіне өтеді.
Бүгінде Өскемен қаласы бойынша 20, 21, 22, 25, 27, 28 тұрғын аудандары мен Ахмер, Самсоновка ауылдарында жеке тұрғын үй құрылысына арналған алаңдар бар. Онда барлығы 5887 жер телімі шоғырланған. Оның 2688-інің өз иелері бар. Құрылыс басқармасының басшысы Мәди Отарбаев аталған аудандардың көбі жоба талаптарына сай емес екенін айтады.
– Облыс орталығы бойынша №28 тұрғын ауданды «Нұрлы жер» бағдарламасына ұсыну қарастырылуда. Мұнда иесіз 1002 телім бар. Сондай-ақ, №22 ауданда қатарынан бос тұрған 157 телім бар. Бұл бөліктерге еш кедергісіз инфрақұрылым тартуға болады. Ал қалған аудандарда бос телімдер үйлермен арласып кездеседі. Сондықтан олар бағдарламаға жатпайды, – дейді басқарма басшысы.
Әдетте қала аумағына жаңа тұрғын аудандар қосу үшін оның бас жоспарына өзгеріс енгізу шарт. Алайда, облыс орталығының бас жоспарын өзгерту жоспарланбапты. Өйткені, мұндай өзгерту өткен жылы ғана жүргізілсе керек. Демек, барлық жер телімдері осы жоспарға енген аудандардың есебінен берілуі тиіс.
Семей қаласына келер болсақ, Ақсай, Ұшақтар, Комсомол, Суықбұлақ, Бобровка, Жарқын, Аққайың, Жібек жолы, Малая Актюба тұрғын аудандары мен Степной кентінде жеке тұрғын үй құрылысын дамыту көзделген. Бұл аудандарда 13715 жерге құрылыс түспеген. Дегенмен оның 2895-інің иесі бар. Өтініш саны анықталған телімдерден 10 мыңға артық. Қаланың бас жоспары 2025 жылға дейін деп әзірленгендіктен, мұнда да өзгеріс болмайды. Өйткені, шаһар аумағында жеке тұрғын үй құрылысына жаратылмаған жерлер көп.
Бұған дейін жер алғанымен, оған үй салып үлгермегендердің жайы не болмақ? Бұл сұраққа басқарма мамандары алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Жеріне үй салып үлгермеген тұрғындарға жергілікті жер қатынастары бөлімі бірнеше типтік жобаны ақысыз негізде ұсынады. Соның ішінде өзіне қолайлысын таңдап, үйін жоба талаптарын сақтай отырып салса болғаны.
Облыстың өзге өңірлерінде де жеке тұрғын үй құрылысы дамып келеді. Осыған орай, Риддер қаласында – 1075 телім, Аягөз қаласында – 400 телім, Зайсан қаласында – 350 телім, Шемонайха қаласында – 85 телім, Курчатов қаласында 42 гектар жер беру көзделген.
Бағдарламаны қаржыландыру мемлекет бюджетінен де, инвестиция арқылы да тартылмақ. Ол үшін жергілікті әкімдік «Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй» бағыты бойынша борыштық бағалы қағаздар шығарып, «Бәйтерек» холдингі сияқты қаржы институттарынан инвестиция тартатын болады.
Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ