Бірыңғай есеп айырысу орталығы

Өскеменде коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған бірыңғай есеп айырысу орталығы өз жұмысын бастады. Жоба 2011 жылдан әзірленген болатын. Бірыңғай есеп айырысу орталығындағы алғашқы коммуналдық төлем осы жылдың 1 ақпанында жүргізілді.
Бәрі – бір түбіртекте
Орталық Өскемен қаласындағы «Қазпошта» акционерлік қоғамының базасында құрылған. 2018 жылдың 1 желтоқсанында «Қазақтелеком» АҚ, «Өскемен жылу жүйелері» АҚ, «Өскемен су арнасы» МКК, «Өскемен-тазалық» ЖШС, «Өскемен-спецкоммунтранс» ЖШС сияқты бес қызмет көрсетушімен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар тарапынан бекітілген болатын. Жобаның өзі қандай да бір бюджеттік қаржының қатысуынсыз іске асырылды.
Қалалықтар өміріне енгізілген мұндай жаңашылдық коммуналдық қызметтер үшін төлемдерді есептеу және жинау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді, себебі бір түбіртекте бірнеше коммуналдық қызмет көрсетушіден берешектер біріктірілетін болады.
Өскемен қаласы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Нұржан Жапбаровтың айтуынша, мұндай бірыңғай есептесу орталықтары Астана мен Алматыда бұрыннан жұмыс істеп тұр. Қазіргі кезде коммуналдық қызмет көрсетушілердің барлық мәліметтер базалары біріктіріліп отыр.
Алайда, бірыңғай база құру кезінде кейбір абоненттердің аты-жөндері мен мекенжайларында сәйкессіздіктер бары анықталыпты.
– Мәселен, «Өскемен су арнасы» базасында азаматтың тегі «ы» әрпі арқылы жазылса, «Өскемен жылу жүйелері» базасында «и» әрпімен жазылған. Мұны қызметтерді жеткізушілер түзететін болады. Түйткілді мекенжайлар тізімі қала әкімінің ресми сайтына орналастырылған, сонымен қатар аталмыш мәселе бойынша «Қазпошта» акционерлік қоғамының қызметтерді енгізу бөліміне 505-742 телефоны арқылы хабарласуға болады. Қадағалаушылар бұл іспен пәтерлерді аралап жүріп шұғылданбақ, – деп түсіндіреді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлназ Оразаева.
15 ақпанда қалалықтар 2019 жылдың қаңтары үшін үш коммуналдық қызмет бойынша алғашқы бірыңғай түбіртекті алмақ.
Үйреншікті тәсілмен де төлей бересіз
Бірыңғай түбіртек бойынша төлемдер «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, POST.KZ және «Халық банкі» АҚ сайттары және мобильдік қосымшалары арқылы қабылданады. Бірақ төлемдерді абоненттерге бұрынғы үйреншікті тәсілдері бойынша да төлей беруге болады.
– Егер сіз әрдайым банк арқылы немесе интернет-банкинг, мобильді қосымша көмегімен төлеп жүрсеңіз, онда сіз солай әр коммуналдық қызмет көрсетуші бойынша өз есептік шотыңызды пайдаланып ары қарай да төлей бере аласыз. Десек те, қазіргі кезде Қазпошта барлық қызмет көрсетушілер үшін бірыңғай есептік шот бекітіп отыр. 4 наурыздан Каспий банк, Халық банкі, Киви-кошелек терминалдары арқылы жаңа шотпен қызметтерді төлеуге болады.
Ыңғайлығы сол, сізге көптеген шоттарды еске сақтаудың қажеті жоқ. Қазпоштаға келіп, өзіңіздің тұрғылықты мекенжайыңызды айтсаңыз болды, – дейді Гүлназ Оразаева.
Келешекте барлық коммуналдық кәсіпорындар бірыңғай төлем құжатына енгізілетін болады. Бүгінде АЛМА ТВ кабельдік телевидение операторы жобаға қатысуға ниет білдіріп отыр.
Атап өтерлігі, коммуналдық кәсіпорындар ешқандай шығын шығармайтын болады, түбіртектерді әзірлеу үшін Қазпошта жауап бермек. Сонымен қатар Гүлназ Оразаева қызметтерді іріктеп төлейтін адамдардың не істеуі керектігін де айтып берді.
– Оператор төлемдерді қабылдағанда, мәліметтерді әр ұйым бойынша бөлек енгізеді, яғни түбіртекте көрсетілген барлық қызметке бір уақытта төлеу міндетті емес, – дейді ол.
Ай сайын қалалықтарға жеткізіліп тұратын қағаз күйіндегі бірыңғай құжаттан бөлек, олар өз берешектерін POST.KZ-тегі жеке кабинеттерінен де біле алады. Қазір колл-орталық құрылуда, ол бойынша әр азамат керекті кеңес алып, сұрақтарына жауап ала алады.
Ержан Әбіш