Қоғам

Бруцеллез әлеуметтік мәселеге айналып барады

Бруцеллез әлеуметтік мәселеге айналып барады


Болашақта қарасан жұқтырған малдар өртелетін болады. Сол үшін арнайы инсинераторлар сатып алынбақ. Бұл туралы ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов облыс әкімдігінің Контакт орталығында өткен тікелей байланыста айтты.

– Қытайға ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау үшін арнайы зертхана құрмақшы екенсіздер. Оның қолданыстағы зертханадан айырмашылығы неде?

– Бұл зертхананың айырмашылығы – стандарттарында. Еуразия экономикалық одағының стандарттары Қытайда жарамсыз. Еуразия одағында етке қатысты бес түрлі стандарт болса, Қытайда оның саны 20-дан асады. Соның барлығын анықтайтын қондырғылары өте күрделі әрі қымбат. Бұл зертханаға бір миллиард теңгенің аппараттары қойылады. Қытай оны бізге ақысыз орнатып береді.

– Сарыппен ауырған малға өтем төлене ме?

– Ағзасынан сарып жасушалары анықталған мал сойылуы тиіс. Сойғаннан кейін оның мүшелерінде патолог-анатомиялық өзгерістер болмаса, 12 сағаттан кейін сатуға болады. Ал өзгеріс анықталса, бүкіл ет залалсыздандырылып, көзі жойылады. Иесіне өтемақы төленеді. Биыл сарып ауруы анықталған мал иелеріне 92 млн. теңге төледік. Қаржы жеткілікті.

– Малды вакциналау иесінің міндеті ме?

– Қарасан, аусыл, ошақ, құтырма сияқты аса қауіпті індеттердің вакцинасы тегін, яғни мемлекет есебінен егіледі. Ал қалған екпелердің ақшасын мал иелері төлеуі керек.

– Қытайға ет өткізу үшін арнайы зертхана салып жатырсыздар. Өнім ол жақтың стандартына сай болу үшін малдың азығын ауыстыруы қажет пе?

– Жоқ. Керісінше, біздегі малдың өнімдері таза әрі табиғи болғандықтан, қытайлар қызығушылық танытып отыр. Малдың ағзасында биологиялық белсенді қоспалар болмауы керек.

– Малды есепке алу қалай жүргізіледі?

– Қораңызда мал төлдесе, 10 күн ішінде ветеринария мамандарына хабар беруіңіз қажет. Олар өтінішіңіздің негізінде төлдің денсаулығын тексеріп, тіркеу нөмірін береді. Содан кейін барып, базаға енгізеді. Ал сырттан мал әкелсеңіз, оның тіркеудегі мекенжайын базаға өзгертіп енгізу қажет.

– Қалада сатылатын еттің тазалығын қалай қадағалайсыздар?

– Бұл біздің негізгі жұмысымыз деуге болады. Әуелі мал сойылмас бұрын ветеринар оның дене қызуын өлшеп, клиникалық жағдайын тексеруі тиіс. Яғни, мал ветеринардың рұқсатымен сойылуы керек. Сойылып болған соң да ағзасында ақаудың бар-жоғы зерттеледі. Малдың арнайы дайындалған орында сойылуы шарт. Осы талаптар орындалса ғана мал дәрігері №2 үлгідегі анықтама береді. Ет сатушы осы анықтама мен малдың паспортын, тіркеу нөмірін алып базарға әкеледі. Мұнда арнайы сертификаты бар мамандар еттен бірнеше сынама алып, тағы тексеру жүргізеді. Осыдан кейін ғана ет сатуға жіберіледі.
Жасыратыны жоқ, ешбір құжатсыз ет сататындар да бар. Олардан аулақ болу қажет. Ет алмас бұрын ең әуелі құжат талап ету керек. Құжат болмаса, ондай етті алмаған дұрыс.

– Өскеменде экзотикалық жануарлар ұстап отырған адам бар. Иесі ол туралы ветеринарлық қызметке айтуға міндетті ме?

– Кез келген жануарды үйде асырамас бұрын ветеринарларға ескерту қажет. Ветеринария туралы заңның 25-бабында осындай міндет қойылған. Ветеринар оның саулығын тексеріп, рұқсат беруі тиіс.

– Катонқарағай ауданының Кіші Нарын ауылында қарасан малдан ауру жұқтырған адам көз жұмып еді. Туыстары ветеринарлық сараптаманың ұйғарымымен келіспей, сотқа беріпті деп естідік. Жалпы, Шығыс Қазақстанда қанша мал қорымы бар?

-Біздің қолымызда марқұм Ербалат Сматовтың туысқандарының сотқа жүгінгені туралы ақпарат жоқ. Кіші Нарын ауылының тұрғыны төрт айлық торпақты союға мәжбүр болған. Малдың құжаты жоқ болып шықты. Тіркелмегендіктен, қарасанға қарсы егілмеген. Ал індет ошағы 1972 жылы көмілген мал қорымы деген ресми мәлімдеме жасалды. Жалпы, облыс аумағында 276 мал қорымы бар. Соңғы жылдары олардың барлығы қоршалып, бетондалды. Аздаған кемшіліктерді келер жылы жоямыз. Биыл барлық қорымдардың маңайын тексердік. Маңайына су жиналмай ма, арық-бұлақтарға жанасып жатқан жоқ па, соны тексердік. Ондай қауіп байқалмады. Ал болашақта қарасанмен ауырған малды көму практикасын тоқтатпақпыз. Сол үшін мал өртейтін арнайы инсинераторлар сатып аламыз.

– Биыл облыста қанша мал ауырып өлді?

– Аса қауіпті саналатын жұқпалы індеттерден 53 бас өлді. Барлығы қарасан, ошақ, пастереллез, құтырма ауруына шалдыққан. Жалпы, қауіпті індеттердің 20 ошағы тіркелді. Катонқарағай, Көкпекті аудандары мен Абыралы өңіріндегі оқиғаларды бөліп айтуға болады.

– Күршім, Ұлан, Зайсан аудандарында халық сарып ауруын диагностикалау нәтижелеріне күмәнмен қарайды. Өскемендегі мал қанын талдайтын зертханада Қытайда жасалған қондырғылар тұр деген ақпар айтылып жүр. Шындығында қондырғылар қай елде шыққан?

– Сарып ауруы қандағы сарысудың құрамын тексеру арқылы, сералогиялық тәсілмен анықталады. Оның мемлекет бекіткен тәртібі бар. Сондықтан күмәнмен қарау дұрыс емес. Ал зертханада қолданылатын препараттар мен аппараттардың барлығы отандық өнім. Ешқандай да қытайлық қондырғы жоқ онда.

– Ауыл тұрғындары ветеринарлар ет сатушылармен сыбайласып алған дегенді жиі айтады. Сарып шыққан ауылдарға ет сатушылар тізіммен баратын көрінеді. Осы жайтты қаншалықты қадағалап отырсыздар ?

– Ондай күдікті жайттар болса, тұрғындар басқармаға шағымдансын. Біз арнайы тексеріспен шығамыз. Бұл жерде мынаны білу керек. Зертханаға қан сынамалары нөмірленіп өткізіледі. Талдау сол нөмір бойынша жасалады. Зертханашы кімнің малы екенін білмейді. Тек нөмір ғана түседі алдына. Яғни алдын ала біреудің малын ауру қылып шығару мүмкін емес. Ол сынама 40 күн сақталады. Сенбеген адам сол сынаманы референттік орталықтан қайталап тексерте алады.

Бруцеллез әлеуметтік мәселеге айналып барады

Зайсан ауданында осындай жағдай болды. Бір кәсіпкердің малынан бірінші тексергенде 62 бас ауру болып шықты. Сенбей Астанадағы референттік орталыққа жіберген екен, 120 бастан ауру шықты. Сарып шықты ма, сол күні құрту керек. Басқа жол жоқ. Дауласып жүргенде, өзге малға жұқтыруы мүмкін. Ауру анықталған малдың нөмірін алып тастайтындар да бар, бәрібір соңында өзі зиян шегеді.

– Ардагер ветеринарлар бүкіл облыс бойынша бір ғана вакциналық фон болса, сарыптың таралуы тежеледі деп айтып жүр. Неге облыс бюджетінен солай істемеске? Қазір бруцеллезге қарсы бірнеше вакцина қатар қолданылып жүр. Соның кесірінен кейбір егілген мал аурулар қатарына қосылып кетіп жүрген көрінеді.

– Біріншіден, облыс бюджетінен мұндай ауқымды шараны қаржыландыру мүмкін емес. Екіншіден, ол тиімсіз. Халықаралық эпизотикалық бюроның ережесі бойынша вакцина салынған малдың етін экспорттауға болмайды. Кедендік одақ аясында да дәл осындай шарт бар. Өзгені қойып, Ресей мен Белорусияға да шығара алмай қалар едік. Вакцина сарыпты түгел тоқтата алмайды, осыны түсіну қажет. Бір ғана вакциналық фон ұстау көп дүниеге сеп болады. Бірақ ондай тәсіл ұйымдасқан шаруашылықтарға ғана келеді.

– Кейбір ұйымдасқан шаруашылықтар сарыппен күреске Ресей ғалымдарын тартып жүр. Демек, біздегі ветеринарлық қызметтің сапасына күмән бар. Ал ресейліктер ұсынған тәсіл жемісін бере бастады. Мысалы, «Восток Молоко» корпорациясы 2014 жылы бруцеллезді толық жеңді. Осындай тәжірибелерді неге енгізбеске?

– «Восток Молоко» корпорациясының бағыты дұрыс. Олар эпизотикалық тармақтың үш қырын бірдей қамтып отыр. Сапалы диагностика, жүйелі вакцина және ұйымдасқан шаруашылық. Сондықтан нәтиже бар. Бұл «Штамл-19» вакцинасы құдіретті деген сөз емес. Еуропалық «РВ-51» вакцинасының бір дозасы 350 теңге тұрса, «Штам-19» одан он есе арзан. Мәселе – осында. Індеттің ошағын таппай, еңсеру мүмкін емес. Мал тұратын қораны таза ұстаудың да маңызы зор. Мал иесі, әкімдік, ветеринар үшеуі бірге күресуі қажет.

– 2014 жылдан бері сарыптың кесірінен көзі жойылған малдың саны 10 мыңнан түсіп көрген жоқ. Жыл сайын өсу бар деуге болады. Осылай кете береміз бе? Сіздердің не істейтін ойларыңыз бар? Бір стратегия, жоспар болуы керек қой?

– Сұрағыңыз дұрыс. Биыл сарып көрсеткіші былтырғыға қарағанда 1000 басқа аз. Дегенмен, мұны жетістік деуге болмайды. Сіз айтқан стратегия да, ереже де бар. Бірақ сол стратегияның кемшін тұстары бар. Соған өзгеріс енгіземіз. Екі айдың ішінде ветериналардың бірнеше ұсынысы жаңа стратегияға енеді. Қанды қайталап тексеру жағы қиын қазір. Өйткені, бюджетте бір бастан қан алуға жылына екі рет рұқсат берілген. Осы ережені алып тастауымыз мүмкін. Жалпы, бруцеллезбен тікелей айналыспасақ болмайтын сияқты. Бұл соңғы кезде әлеуметтік мәселеге айналып кетті.

Әзірлеген – Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button