«Біртүрлі ақын», сан түрлі ой…

«Өскеменге Тыныштықбек ақын келеді» деген хабарды естіген жұрт тайлы-таяғы қалмай облыстық драма театрға беттеген. Алтай аспанын бұлт бүркеп тұрған бұл күні…

Поэзия дейтін ұлы мұхитқа өзіндік арнамен келіп қосылып жатқан табиғаты таңғажайып ақынның кешінен кім қалсын?! Өзімізге беймәлім әлдебір нәрсені аңсап біз де бардық. Қысқасы, өлеңге әуес өскемендік қазақтың ешқайсысы үйінде жата алмады.
Келген жұртты ақын жарымен бірге театр фойесінен қарсы алды. Ақынның шығармашылығымен ғана білетін, бірақ өзін көрмеген жандар кеш иесін бірден таныды. Өлеңі қалай тұңғиық болса, ақын да өлеңінен аумайтын-ды. Басына қауғадай қалпақ киіп, келген жұрттың төбесінен қарап тұрған ақынның, шынында, бөгделерден бөгенайы бөлек болатын. Иә, келген жұртқа тым биіктен қарап тұрды. Өйткені поэзиядағы орны биік қой. Алтайдың сонау шырқау шыңынан тәкаппарлана қарап тұрған ақын жанын ұққысы келген оқырмандар фойедегі кітап жәрмеңкесіне бұрылды. Ақынның бұрын-соңды шыққан төрт-бес жинағы бар-тын. Сол кітапты көрген жұрт омартадағы арадай қаптады. Өзіне ыстық ықылас білдірген оқырмандары үшін ақын да сәл-пәл аласарып, алармандарына қолтаңбасын сыйлады.
Кітап жәрмеңкесінен қажетін тапқан жұрт өнер алаңына қарай бет бұрды. Келген жұрттың қарасынан қаймыққан ел тезірек орын тауып алуға асықты. Иә, бұрын барғандарға отыратын орын бұйырды, асықпай барғандар шайырдың кешін тікесінен тік тұрып көруге мәжбүр болды. Жоқ, қате ойламаңыз, біреу мәжбүрлеген жоқ оларды, шәрбат жырдың бал дәмі ғой сусаған жұртты қабырғаға сүйеп қойған.
Қарақұрым жұрттың қайта-қайта қошемет көрсетуімен кеш басталды. Драма театрдың әртістері шайырдың жырын таңдайда балқытты. Шыны керек, ақынның кеші өтсе, көпірме көп сөзден құлақ сасығалы қай заман?! Бұл кеш те солай болатын шығар деген қорқыныш та жоқ емес болатын іштей. Жоқ, бұл кеш басқа соқпақпен өрбіді. Махаббат, туған жер тақырыбындағы өлеңдерді топ-топқа бөлген қыз-жігіттер «жұмақтың лебі ескен жұпар жырларды аңқытты».
«Пір тұтпай-ақ Пушкинді, я Хаямды,
Сүйемін мен мына Өмірді баянды.
Жарық дүниеге құштарлығым
Шешемнің
Күн-емшегін сезінуден оянды… осылай басталатын сезімді һәм пәлсапалы жырлар көрерменді бірде толқытса, бірде ойландырып поэзия теңізі Ертістей шымырлап жатты. Кенет Ертіс айдынында «Шағанайым, Шағанайым» деп шаңқылдаған шағаланың үні естілді. Көрермен сілтідей тынды.
Шағанайым,
Қара байрағын түн салбыратып тіршілік бүлкіліне,
Ұйқы періштелері қона-қона қалғанда кірпігіңе,
Бұ жалған дүниеден сытыла шығып, ылақпа,
Біз самғап кетеміз, жыным екеуіміз, Жұмаққа!..
Сонда оның шараптарына да, қыздарына да қарамай,

(Өйткені, жаратылған жоқпыз ермекке!)
Таптыртпай жүрген
Жер-Көктен Жаратушыны іздейміз,
Адамша сәлем бермекке!..
Алайда сәлем берудің өзі оңай емес ол Хаққа!..
Сөйтіп, біз Тамұққа да тап болып, сорлатпа,
Шырқырап ұшып жүреміз,
Сайтаннан сабақ алмаққа!..
Шағанайым, сондайлық түнгі сапарлар білім бе?..
Жоқ, әлде, ілім бе?!..
Ұдайы тылсым ой ойлау – Тәңір сындары?!..
Таңертең өзің оянғаныңда, бұрқырап жатады,
Өлең жазылған қауырсындарым!..
Шашылған парақтар түрінде.
Осылай шарқ ұрған актер құрметті қонақтардың қатарында отырған ақынның жары Шағангүл жеңгейдің алдына келіп қошемет көрсетті. Шағала жырды самғатып жүрген талантты актер Ертай Қасенов болатын. Ақынның жары орнынан тұрғанда, халық сеңдей қозғалып қошемет көрсетті. Иә, халық ақынға, ақынның жарына қошемет көрсетті. Сондай-ақ, кештің осындай өрелі өтуін өз қолына алған режиссер Сахан Әкелеевке де көрсетілген құрмет болатын бұл. Сахнаға кеш иесі көтерілді.
– Еліміздегі ең мықты театр режиссерлерінің бірі және бүгінгі кештің барлық композициясын жасаған – менің досым Сахан Әкелеев, – деп ұйымдастырушыларға алғысын айтқан ақын өзінің өлең өлкесіне қалай келгенін баяндады. – Әкем майдангер еді. Аман оралғанымен, қатерлі ауруға тап болды. Мен ол кезде әлі ойын баласы едім. Әлі есімде, Қарауыл өзенінің бойында әкем өмірден қайтты. Киіз үйдің іші еді. Әкемнің соңғы рет иек қаққанын көріп, биебаудың басындағы шешеме жүгірдім. Ел-жұрт жиылып кетті. Анам шашын жайып жіберіп, сұмдық бір сөздермен жылауды бастады. Сай-сүйегіңді сырқырататын жоқтау… Мен Қарауыл өзенін бойлап мақсатсыз жүгіріп барамын… Мен өлеңнің құдіретін сол анамның жоқтауынан түйсіндім ғой деп ойлаймын.
Сол жоқтаудың сарыны санасында жаңғырған қазақтың қара домалағы бертін келе ұлттың ұлы мұңын жоқтады. Тіпті біртүрлі тылсым үнмен, біртүрлі тылсым сарынмен жоқтады. Ақынның анау әлеммен тілдескен күбірін біреу ұқты, біреу ұға алмай әуреге түсті. Содан болса керек, айтулы кештің атын да «Біртүрлі ақын» деп атапты. Біртүрлі ақынның кешінен сантүрлі ой арқалап қайтты жұрт.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткен кештің соңын ала Абай ауданынан арнайы келген ақын Төлеген Жаңғалиев, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков қатарлы ақсақалдар шығып ақынға ақ тілегін арнады. Солақай сері атанған айтыскер ақын, әріптесіміз Серік Құсанбаев кеш иесімен қалай танысқан қызықты сәтін айта келіп, «Шығыс-Ақпарат» ЖШС басқарма төрағасы Серік Жеңісовтің құттықтау хатын оқып, конверттегі ақшалай сый-сияпат табыс етті.
Тысқа шықтық. Алтай аспанын торлаған бұл жаңбырға айналыпты. Бұл Өскеменнің рухани шөлін қандырып жатқан ақынның жыр-жаңбыры болатын, негізінде…
Мұратхан Кенжеханұлы